Конституциялық реформа: Парламенттің ықпалын күшейту - демократиялық қоғамның негізгі қағидасы

Конституциялық реформа: Парламенттің ықпалын күшейту - демократиялық қоғамның негізгі қағидасы

ТОҢМОЙЫН ҮКІМЕТКЕ ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ ДА ӘСЕР ЕТПЕЙДІ

         Соңғы жылдары еліміз демократиялық қоғам құруға ұмтылып, елімізде бірқатар оң өзгерістер орын ала бастады. Отыз жыл бойы үстемдік еткен автократиялық жүйенің сеңі сөгіліп, Атазаңымызға да өзгерістер енгізіп, саяси, экономикалық, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналаған реформалар жарияланды. Оны жүзеге асыру мақсатында мемлекет басшысы тарапынан үкіметке, өзге де түрлі деңгейдегі атқарушы билікке міндеттер жүктеліп, нақты тапсырмалар берілді. Ал оның орындалуы қандай деңгейде? Жұмсартып айтқанда, Үкіметтен бастап барлық сатыдағы атқарушы билік мемлекет басшысының тапсырмаларын нақты орындап, халық сенімін ақтап жатыр деп айта алмаймыз. Тіпті сол Президент тапсырмалары біздің билікке маса шаққан құрлы әсер етпейтін де секілді...

        Жақында белгілі ақын, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Әділет министріне төтесінен қойған депутатық сауалы көпшіліктің назарын өзіне аударды. Өз сөзінде белсенді депутат Конституция мен Парламент туралы заң баптарын бір ғана Үкімет регламентінің 100-ші тармағы жоққа шығаратынын, Үкімет оң қорытынды бермесе, Парламент ешқандай заң жобасы түгілі, бір бапты да қабылдай алмайтынын ашық айтты.

– Президенттің 16 наурыздағы Жолдауында Парламенттің, Мәжілістің рөлі күшейеді дегенде, біз қуана қолдадық. Өйткені, «Ақ жол» партиясы талайдан бері Парламент өкілеттігін күшейтуді көтеріп жүр, саяси бағдарламамызда да бар. Осы Президент Жолдауындағы атап көрсетілген «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есепті Үкімет» үштұғырындағы «Ықпалды Парламент» дегеніміз қайда? Ол мынау заң жобасында қай бапта бар? Бізге, парламентке ең бірінші заң шығару жолында кедергілерді алып тастау керек. Ондай өзгерісті біз мынау заң жобасынан майшаммен қарасақ та, қай шаммен де қарасақ та таппадық… Қолданыстағы заң бойынша Үкімет оң қорытындысы бермесе, парламент ешқандай заң жобасы түгілі, бір бапты да қабылдата алмайды. Бұны сіз өте жақсы білесіз, министр мырза, бұрын депутат болғансыз! Бұндай үкімет қорытындысын сұрау тек бюджетке әсер ететін заң жобаларына ғана қатысты деп, тайға таңба басылғандай атап көрсетілген. Конституцияның 61 бабының 6 тармағы мен Парламент туралы заңның 15 бабының 4 тармағын бір ғана Үкімет регламентінің 100-ші тармағы тас-талқанын шығарған. Өйткені, мұнда үкімет қорытындысын сұрау тек бюджетке әсер ететін заң жобаларына ғана емес, барлық заң жобаларына қарастырылған, - деді Қазыбек Иса.

       Мәжілістің жалпы отырысында 7 қыркүйекте «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасы жөнінде баяндама жасаған ҚР Әділет министрі Қанат Мусин мамандығы заңгер, осы салада көптеген жылдар қызмет етсе де мұндай сұрақты күтпеді ме, алғашқыда депутат сауалын түсінбегендей кейіп танытты. Сондықтан депутаттық сауалды министрге тәптіштеп түсіндіруге тура келді. «Яғни, барлық заң жобасы мен өзгерістер Үкімет қорытындысына тәуелді. Бұндай жағдай бірнеше рет біздің басымыздан өтті. Мысалы, 2012 жылы «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру үшін заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын жасағанда, үкімет, Әділет министрлігі қарсы болды да, заң жасалмай қалды. Одан 10 жылдай уақыттан кейін, 2021 жылы күзде былтырғы «Көрнекі ақпарат туралы» заң жобасына тіл заңының орындалуын қадағалауға байланысты Кәсіпкерлік кодекске ұсынған бабымыз да өтпей қалды. Өйткені, Үкімет қарсы болды тағы да, Экономика министрлігі қарсы болды, «Атамекен» палатасы қарсы болды, олар үкіметтен де күшті ғой деп қалдым. Одан кейін Үкімет басшысы А.Мамин қарсы қорытынды жасады да, ұсынған бабымыз өтпей қалды. Мен сол кезде «Қазақ тілінің обалы Қазақ үкіметінің мойнында» деп жаздым «Қазақ үні» ұлттық порталында. Сондықтан Парламент ықпалды болуы үшін, яғни Президент айтқан өзгерістер орнауы үшін қолданыстағы аталмыш заңнама баптарын өзгерту керек немесе Үкімет регламентінің 100-ші тармағын алып тастау керек! Енді біз Президенттің өзі айтып отырғанда, осындай ең басты кедергіден неге құтылмаймыз? Неге бұрынғы таз кепешімізді қайта киюге құмармыз? Президент айтады оны Үкімет неге орындамайды? Бұл жерде үкімет Президентті алдап отыр ма, бізді, парламентті алдап отыр ма, жоқ елді алдап отыр ма? Отыз жыл қойылған бұндай спектакльді тоқтататын уақыт жетті! Ол кімге, не үшін керек? Әділетті, Жаңа Қазақстанымыз қайда? Бұған біз неге көзімізді жұмып, көне беруіміз керек? Бұл біз туралы, Мәжілістегі 107 депутаттың нәтижелі жұмысына жол ашуы тиіс заң жобасы ғой. Ең болмаса, өзіміз туралы заңды да, өзіміз жасай алмасақ, халық талабын жасауы тиіс парламент туралы заңды жасай алмасақ мұнда, парламентте неге отырмыз? Осы басты сұраққа нақты жауап берсеңіз» - деді Қазыбек Иса.

      Кейбір әкімдер мен министрлердей емес, қазақшасы дұрыстау көрінгенмен министрдің біраз қиналғанына миллиондаған тұрғындарымыз куә болды, оны әлеуметтік желідегі бейнебаяннан анық байқадық. Төтесінен қойылған сауал министрді састырып, нақты мысалдар келтіріп, сұрақ қайталап қойылғанда да бірден жауап бере алмай қалды. Заңды жатқа білуге тиісті әділет министрінен бұны ешкім күтпеп еді. Тура жауап берудің орнына біздің билік жақсы меңгерген жалпылама жауаппен жалтаруға тырысты. Министр заңды Мәжіліс қабылдайтынын қайта-қайта айтып, үкімет тек қана бюджеттің кірісі мен шығысына қатысты ғана араласа алады деп ақталмақшы болды. Ал заң жобасын дайындайтын және Мәжіліске ұсынатын өздері екенін ұмытқан секілді. Министрді бұл қысылтаяң жағдайдан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың өзі құтқарғандай болды. Сұрақ депутаттық ұсыныстар мен соған байланысты үкіметтің қорытындысы туралы болып отығанын, бұның бүгінгі заң жобасына енгізетін норма еместігін айтып, енді қызып келе жатқан әңгімені орта жолдан тоқтатты. Әрине, министр бұл жолғы жауабы депутаттардың ешқайсысын қанағаттандырмағаны белгілі. Сондықтан Қазыбек Иса Мәжілісте сөзден жаңылған министрге жазбаша жауап беруін сұрады.

        Заң жобасын дайындағанда, заңға өзгертулер мен түзетулер енгізерде халықтың мұң-мұқтажы мен соған байланысты депутаттардың сауалында айтылған мәселелер көп жағдайда ескерілмей қалатынын көріп жүрміз. Басқа партияларды айтпағанда, Мәжілістегі саны жағынан аз болғанмен ең белсенді «Ақ жол» партиясы фракциясы жылдар бойы жүздеген сауалдар жолдағанмен көптеген ұсыныстары үкіметтен қолдау таппай келеді. Тіпті кейбір депутаттық сауалдарды 3-4 реттен қайталап жолдауға мәжбүр. Солардың кейбірі он шақты жыл өткенде ғана қабылданғанын білеміз. Бұл уақыттан ұтылу деген сөз. Ұтымды ұсыныстарды дер кезінде назарға алып, қолданысқа енгізсек жағдай мүлдем басқаша болар еді. Бұл туралы осы конституциялық реформа жобасын талқылау барысында «Ақ жол» партиясының төрағасы, депутат Азат Перуашев та өз пікірін ашық білдірді. «Ақ жол» демократиялық партиясы биылғы жылдың 22 шілдесінде әзірлеушіге қаралып жатқан заң жобасы бойынша өз ұсыныстарын жіберіп, тамыз айында Әділет министрлігінен ұсыныстарының қабылданбағаны туралы жауап алғанын айтты. «Бұл Парламент пен Үкімет арасындағы қарымқатынаста кімнің «бастық» екенін көрсететін өте ашық жауап. «Ақ жол» демократиялық партиясының ұсыныстар пакетінде 62 түзету бар. Олар 4 негізгі блокқа бөлінген: - сайлау процедуралары - Парламент өкілеттігі - Парламент пен үкімет арасындағы тежемелік пен тепетеңдіктің нақты механизмін құру - бюджеттің нақтылығы мен ашықтығы. Өкінішке орай, қоғамдық кеңістікте барлық талқылаулар сайлау төңірегінде өрбуде. Бірақ бұл Президенттің конституциялық реформа жөніндегі бастамаларындағы жалғыз, тіпті негізгі мәселе де емес. Сайланған парламент пен мәслихаттардың бұрынғыдай нақты өкілеттігі жоқ болып, барлық практикалық тұтқалар үкімет пен әкімдіктердің қолында шоғырланса, әділ сайлаудың қандай маңызы бар?» - дед Азат Перуашев.

      Бәріміз де елімізде қабылданған заң бойынша өмір сүруге міндеттіміз. Заң қарапайым қатардағы тұрғыннан бастап мемлекетті басқарушы президентке дейін ортақ ереже. Оны бұзуға ешкімнің қақысы жоқ Сондықтан заң қабылдау мәселесіне өте сергек қарауға тиістіміз. Алдында келтірілген мысалдарға қарағанда сол өзіміз өмір сүретін ортақ заңды қабылдауда кедергілер аз емес. Азат Перуашев пен Қазыбек Исаның «Парламент және депутаттардың мәртебесі туралы» Заңның 15-бабына және Үкімет Регламентінің 100-бабына сәйкес, шығыстарға қатысты депутаттардың бірде-бір заң жобасы не бастамасы Үкімет келісімінсіз қабылданбайтынын айтып шырылдауы орынды. Бүгінгі нарықтық экономика жағдайында түрлі саладағы барлық мәселе қаржысыз шешілмейді. Сондықтан халық қалаулылары қаржы мәселесі қозғалғанда неге тыс қалуы керек? Неге оны шешуде тек қана үкімет басымдыққа ие болады? Түптеп келгенде сол қаржы халықтың ақшасы ғой. Халық қалаулылары, халық өкілі ретінде депутаттар қаржы мәселесін шешуге де тікелей араласуы керек. Олардың арасында министрліктерде отырған шенеуніктерден бірде кем түспейтін, экономика, заң және түрлі саланы жақсы білетін елімізге өте танымал мамандар баршылық.

         Парламенттің ықпалын күшейту аса қажет, бұл демократиялық қоғамның негізгі қағидасы. «Сондықтан депутаттардың кез келген маңызды ұсыныстары автоматты түрде қорытынды шығару үшін үкіметке жолданады. Ал егер жауап теріс болса, онда ары қарай дауласу бекер. Бұл шараның Үкімет тарапынан депутаттық бастамаларға тосқауыл қою үшін қаншалықты кеңінен қолданылатынын өз тәжірибемнен білемін. Шын мәнінде, біз Парламент жұмысына деген үкіметтік цензура туралы айтып отырмыз. Яғни, қазіргі жүйеде Парламент Үкіметке есеп береді, керісінше емес. Үкімет Парламентпен байланысты болса, мысалы, оның құрамын сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтаса бір жөн, бірақ олай емес қой: Парламент тек жоғарыдан ұсынылған Үкімет құрамын ғана талқылайды, өз кандидатураларын ұсынуға құқығы жоқ. Парадокс: халық сайлаған Парламент тек сөз сөйлеуге құқылы. Ал нақты биліктің барлығы халық сайламаған атқарушы органдарда. Қ.Тоқаев реформасының негізгі формуласын еске сала кетейін: «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет». Бұл Конгресстің келісімінсіз үкімет бір тиын да бюджет қаражатын ала алмай, депутаттардың ұстанымымен санасуға мәжбүр болатын АҚШ-тағыдай шын мәнінде күшті президенттік жүйенің формуласы. Сіздердің заң жобаларыңыз, құрметті Әділет министрлігі, осы жүйеге сәйкес келе ме? Ол Үкіметпен қарым-қатынастағы Парламенттің өкілеттігін кеңейте ме? Жоқ, мүлдем олай емес. Сіздер барлығын сол күйінде қалдырғыңыз келеді. Бұл Президент реформасын «тоқтатып тастау» деп аталады» - деді «Ақ жол» партиясының жетекшісі. Оған қоса: - «Бірақ шын мәнінде сіз, құрметті әзірлеуші, Парламентті күшейткіңіз келмейді. Сіздің жүйеңізде Парламент әлі де ықпалды емес, тәуелді; Үкімет есеп бермейді, бұйрық береді. Бұл «тежеу мен тепе-теңдік» емес, бұл біздің саяси жүйенің бұрмалануы. Ең принципшіл депутаттарды сайлауға болады, бірақ Парламент пен Үкімет арасындағы қарым-қатынас бірқалыпты болмаса, ештеңе өзгермейді. Біз жүйені өзгертуіміз керек, ал сіздер заңдағы үтірлерді қайта реттеуді ұсынасыз» деп батыл талаптар қойды.

    Біздегі негізгі заң бойынша үкімет атқарушы билік болып табылады. Түрлі саланы дамытуға бағытталған бағдарламаларды іске асыруға, оған бөлінген қаржыларды бақылап үнемдеп жұмсауға міндетті. Сол үшін оның құрамына құқық қорғау орындарынан бастап түрлі министрліктер енгізілген. Мәжіліс депутаттарының ұсынысы мен ескертулерін елемесе үкімет қарапайым халықтың үнін қайдан естісін? Біздегі билік қашан бұқараға бет бұрып, халықтың мүддесіне сай жұмыс істейтін болады?..

Зейнолла АБАЖАН