Ән айтқан әкім халқына жақын ба?

Тума талант, табиғи тұлға болу бақыты – екінің біріне қонбайды. Қазақ күйінің марғасқасы, қазақ әнінің алдаспаны Нұрғиса Тілендиевтің құпиясы терең, мағынасы кемел шығармаларын тыңдағанда, шыншыл өнердің мәңгіліктігіне еріксіз мойынсұнасың. Оңтүстік астанамыздың Рес­публика Сарайында өткен «Отырар сазы» оркестрінің «Нұрғиса Тілендиев – ғұмыры тұтас музыка» деп аталған кеңқолтық өнер кешінде көңіліміз жайланып, рухани ләззаттануымызбен қатар, жүрегіміздің түкпірін белгісіз бір сырбаз-мұң, сарғайған беймағлұм сағыныш биледі... Ұқыпты әзірлік, жинақы сахна, тиянақты оркестр... Дауысы зор, екпіні мол опера әншілерінің асқақ адуыны бойымызды шымырлатып, ерекше еліктірді... Асылдың сынығы, таланттың тұнығы Дінзухра Нұрғисақызының қабілет-қарымы көңіл көкжиегін серпілтіп, ырықсыз тәнті етті... Иә, Алматы – жастықтың қаласы, махаббаттың мекені. Алатаудың етегіндегі ертегі-қалада Қазақ Елі жастарының 30 пайызы тұрып жатыр. Тарихқа озған өткен жылы Алматыдағы түрлі мәдени шараларды өткізуге жергілікті бюджеттен 5,4 млрд. теңге бөлініпті. Қомақты сома, салмақты қазына... Қатардағы қарабайыр әкім-қарардың шамасы келетін шаруа емес. «Алматының төрінде атам жатыр!» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырға қосқан алып абыз, жүректі батыр, тілекті әулие Райымбек бабамызға айбатты шаһардың қақ төрінен биіктігі 12 метр 20 сантиметрлік еңселі ескерткіш тұрғызған көргені көп, сенімі бек Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, расында, тұрлаулы тұлға, абзал азамат. Алмағайып заманда азаттық үшін алысқан, еркіндік үшін егес­кен даңқты Райымбек батырдың – тәуелсіздіктің туындысындай, елдіктің жемісіндей – жігерімізді рухтандырып, айбынымызды асырған ескерткішін орнатуға ұйытқы болған Ахметжан Есімов, біле-білсек, иісі қазақтың тарихында тұңғыш метро желісін іске қосқан әкім... Ахметжан Есімов – Алма­тының маңайындағы елді мекендерге ауылдан көшіп-қоныс­танған қалың қазаққа қамқор қолын созып, арнайы Алатау ауданын ашу арқылы он мыңдаған қазақты әп сәтте «алматылықтар» қатарына қосқан әкім. Ахметжан Есімов – Алматы қаласының нақты орналас­тырылған бюджетін былтыр алғаш рет 305 млрд. теңгеге жеткізіп, еліміздің ішкі жалпы өнімінің 18 пайызын құрайтын Алматы қаласында мемлекеттік бюджетке салық төлемдерінен 1 трлн. 212,2 млрд. теңге жинаған бірінші басшы. Ахметжан Есімов – ішкі өңірлік өнім көлемін 5,3 трлн. теңге деңгейіне көтеріп, тәуелсіз Қазақ Елінің бірде-бір облысында болмаған көрсеткішке қол жеткізген шаһар жетекшісі. ...Есімі халық санасында жатталып, ұлттың мақтанышына айналған Нұрағаңның (Нұрғиса Тілендиев) нұрлы кешінде қазақтың қаймағы бұзылмаған қасиетті тілінде майын тамыза мадақ айтып, мейлінше мейір төге сөйлеген әкімді жұртшылық жаңа қырынан танып, таңдай қағысты. Ел басына күн туса – қорғаны, жел тұрса – орманы болған, қылышы қайраулы, сауыты сайлаулы ержүрек Әйтей әулиенің рухы қолдап, шабыты тасыған Ахметжан Смағұлұлы пианиноға жайғасып, «Жүрегім менің» әнін үлкен оркестрдің сүйемелдеуімен, айрықша шабыт, ерекше емеурінмен құйқылжыта орындап шықты. Құдіреті күшті, сиқыры мыңбұрау өнер жүрегін жібітіп, рухын қайраған «Сегіз қырлы, бір сырлы» қасиеті – Алматы әкімінің ұлтының ұлағатты ұлы, қазағының адал перзенті екендігін айқын дәлелдеді. Мыңжан БАЙЖАНИН