ОРНЫНАН БОСАТЫЛҒАН БАСШЫҒА ЖАҢА ҚЫЗМЕТ ҰСЫНЫЛМАСЫН
2022 ж. 11 қыркүйек
1641
1
БІЗДЕГІ «ӘМБЕБАП БАСШЫЛАР» ШЕРУІНЕ ТОСҚАУЫЛ КЕРЕК
Жақында еліміздің ішкі саяси сахнасында сирек болатын жағдай орын алды. Бұдан бұрындар көптеген лауазымды қызметтерді атқарған, 2019 жылдан Түркістан облысының әкімі болып келген Өмірзақ Шөкеев өз еркімен отставкаға кетті. Оған қарамағындағы Кентау қаласының экс-әкімі Дәурен Махажановтың 42 млн. теңге көлемінде пара алғаны үшін сот шешімімен кінәлі деп танылғаны басты себеп болды. Өмірзақ Шөкеевтің орнына Дархан Сатыбалды тағайындалды. Бұл туралы ресми ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер хабарлады.
Бір қарағанда бұған таңғалудың да қажеті жоқ. Өйткені кейінгі кезде қабылданған Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, бағынысты қызметкердің кінәсі дәлелденсе, оның тікелей басшысы отставкаға кету туралы өтініш береді, оны жоғары тұрған басшылық қабылдайды немесе қабылдамайды. Мәселе сол басшының өз еркімен өтініш беруінде шығар, біздегі көп жылдардан бергі қалыптасқан тәжірибеде лауазымды басшылар қарамағындағы қызметкерлері сотталып жатса да қызметтен кетуге өтініш бермей бұғып қалатыны белгілі. Оған түрлі саладағы бірқатар министрлердің орынбасарлары жемқорлықтары үшін сотталса да, өздері түк болмағандай орында қалғаны дәлел бола алады. Біреулер Өмірзақ Шөкеевтің бұл шешімін ерлікке баласа, енді біреулер «ескі жүйедегі жемқорларға тықыр таянды» деп баға беріп, сан-саққа жүгіртуде. Көптің аузына қақпақ қоя алмайсыз, қалай болғанда да жіберген кемшілігін түсініп, өз еркімен қызметтен кете салу әркімнің қолынан келмейтінін мойындауымыз керек.
Өз міндетін атқара алмай қызметінен кеткендердің келесі бір, бұрынғысынан да жоғары лауазымды орындарға қонжия кететінін отыз бойы көріп келеміз. Саяси реформалар жасап, жаңа қоғам құруды бастаған біздер осы бір ескі әдеттен, қалыптасқан теріс тәжірибеден әлі де айыға алмай жүрміз. Ондай мысалдарды ондап, тіпті жүздеп келтіруге болады. Таңғаларлығы – бір саланың жұмысын құлдыратқан басшы, екінші бір саланы басқаруға жіберіледі. Тіпті маманның бұл сала туралы хабары болмаса да жоғарыдан бұйрықпен тағайындалады. Бұны қалай түсінуге болады? Біріншіден, бір қызметтің көсегесін көгертпеген адам, өзге істі де оңдырмасы белгілі. Екіншіден, мамандығы мүлдем сәйкес келмейтін, былайша айтқанда көлденең көкаттыға бейтаныс саланы басқаруды қалай сеніп тапсыруға болады? Бұл біздің елімізде отыз жыл бойы тамырланған таныстық-туыстық, парақорлық пен жемқорлықтың айқын көрінісі десек қателеспейміз. Әйтпесе басқа білікті, іскер мамандар елімізде жетерлік қой.
Сөзіміз жалаң болмас үшін бірнеше мысал келтірейік. Айталық, қазіргі Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты түрлі саланы басқарған, министр болудан рекорд жасаған маман деуге болады. Ойға да, қырға да салса да жүрісінен жаңылмайтын тұлпар сияқты. Батырға оңы да, солы да бірдей демекші, кез келген саланы басқаруға ойланбастан көзді жұмып кірісіп кетеді. Бір мамандықты толықтай игерудің, оның қыр-сырын меңгерудің өзі оңай жұмыс емес. Білікті маман болу үшін жылдар бойы еңбектеніп, шеберлігіңді шыңдау қажет. Сонда сала жұмысын білмейтін басшы қоластындағы қызметкерлерге қалай ақыл айтып, жол көрсетпек? Ал Досаевтың мына әмбебаптығына қарағанда іштен оқып туған ба деп қаласыз.
Ерболат Досаев Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Яғни техника саласының маманы. Ол жағынан Е. Досаевтың біліктілігіне ешкім күмән келтіріп отырған жоқ.
Досаевтың еңбек жолына қарасақ көптеген лауазымды қызметтерді атқарған. Бизнес саласында да табысты еңбек еткен. Жарияланған кейбір деректер бойынша (2014ж.) еліміздегі ең бай 50 адамның қатарында қосылып, $110 млн. қаржысы болған. ҚР ұлттық банкті басқарып тұрған кезінде Lancaster Groupтың 25%, Казинвестбанктің 17,8% үлесі Досаевқа тиесілі екені бірқатар ақпарат құралдарында жазылған-ды. Тынымсыз еңбек етіп, қаржыны күректеп тапса да өз еркі, оған заң бойынша ешқандай шектеу жоқ. Біздің айтайын дегеніміз мемлекеттік органдардағы қызметі. Солардың ішінде: 1998 жылы – Қазақстан Республикасы Премьер-министрі кеңесшісі, 1998-2000 жж. – Қазақстан Республикасы энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, 2000-2001 жж. – Қазақстан Республикасы қаржы вице-министрі, 2001-2003 жж. – Қазақстан Республикасы табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы, 2003-2004 жж. – Қазақстан Республикасының қаржы министрі, 2004-2006 жж. – Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау министрі, 2012-2013 жж. – Қазақстан Республикасының экономикалық даму және сауда министрі, 2013-2014 жж. – Қазақстан Республикасының экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, 2014-2016 жж. – Қазақстан Республикасының ұлттық экономика министрі, 2017 жылдың 29 тамызы – 2019 жылдың 25 ақпаны – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, 2019 жылдың 26 ақпанынан – Қазақстан Республикасы Ұлттық банк төрағасы міндетін атқарған. 2022 жылдың 31 қаңтарынан Алматы қаласының әкімі.
Байқап отырғандарыңыздай, Ерболат Досаев талай қызметтің тізгінін ұстаған, талай мекеменің төрінде отырып билігін жүргізген. Әрине, босқа отырмай, қолынан келгенінше еңбек еткені белгілі. Бірақ халықтың есінде мына бір екі жағдай ешқашан ұмытылмастай жатталып қалды. Біріншісі – ҚР Денсаулық сақтау министрлігін басқарып тұрғанда 2006 жылы Шымкентте қан құю кезінде дәрігерлер медициналық ережелерді сақтамағандықтан адамдар жаппай ВИЧ инфекциясын жұқтырып айықпас дертке ұшырады. Оның ішінде 149 баладан осы қатерлі дерт анықталған болатын. Бұл оқиға қоғамда үлкен шу тудырып, 20 шақты медицина саласының жергілікті басшылары жазаланып, ал министрге орнынан кетуге тура келген-ді. Бұдан кейін дамыған елдердегідей біздің үкімет оны енді қайтып билік маңына жолатпайды деп есептеген-ді көпшілік. Жоқ, Е. Досаев алты жылдан соң мемлекеттік қызметке қайта оралды. Денсаулық саласын оңдырмаған маманды біздің билік енді 2012 жыл Қазақстан Республикасының экономикалық даму және сауда министрі етіп тағайындады.
2016 жылы наурыз айында сол кезде Ұлттық экономика министрі қызметін атқарған Ерболат Досаев 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,7 млн. гектар жер аукцион арқылы сатылымға шығатынын мәлімдеп тағы да басы пәлеге қалды. Бұл мәлімдеме халық наразылығын туғызып, бірнеше қалада жаппай қарсылық шаралары өтті. Нәтижесінде экономика министрі тағы да орнынан кетті. Бірақ, бұл да оның мемлекеттік қызметтегі мансап жолына кедергі болмады. Келесі жылы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары болып шыға келді. 2019 жылдың 26 ақпанынан – Қазақстан Республикасы Ұлттық банк төрағасы міндетін атқарды.
Осы бір жағдайлар әсер етті ме, Ерболат Досаев Алматы қаласына әкім болып тағайындалғанда қала тұрғындары қуана қоймады. Керісінше, көшеге шығып, оның бұл қызметке келуіне қарсы екендіктерін білдіргендер болды.
Халық үніне құлақ асып, оның мұң-мұқтажын түгендеу әкімнің тікелей міндеті. Тұрғындардың тұрмысын жақсартып, қаланы көріктендіріп, жан-жақты дамыту әкім атаулының қызметіндегі негізгі көрсеткіш болып есептеледі. Ол үшін әкімнің осы бағыттағы алдына қойған нақты мақсаты, белгілеген жоспары, халыққа адал қызмет етемін деген таза ниеті болуы қажет.
Әрине, миллиондаған адамдардың бәрінің бірдей көңілін табу мүмкін емес. Бірақ соған тырысу керек. Әзірге әкім Е. Досаев қала тұрғындарымен тіл табысып кетті деп айту қиын. Қала тұрғындарымен кездесулер осыны көрсетеді. Өз мұң-мұқтажын айтуға келген адамдардың сөзін бөліп, дауыс көтере сөйлеуі алматылықтарға ұнамағаны туралы әлеуметтік желіде жазылғанын білесіздер. Әкім болсын, министр болсын ол алдымен халықтың қызметшісі. Сол үшін мемлекеттен жалақы алады, ол ақша түптеп келгенде халықтың қаржысы. Ешкім оларды әкім немесе министр бол деп қыстаған жоқ. Сондықтан халыққа құрметпен қараған жөн. Ал басшы екенмін деп халықты құлындай көретін түсінік ешкімді де жақсылыққа жеткізбейді, ақырында жарға жығады. Оны өмірлік тәжірибе көрсетіп келеді.
Бұрынғы қызметінде айтарлықтай ештеңе бітіре қоймаса да бір басшыны қайта-қайта жоғары лауазымға тағайындау тәжірибесі біздің елдегі тұрақты көрініс. Бейнебір бастық болу олардың маңдайына туа жазылып қойғандай. Мысалы, қазір жетпіс жасқа таяп қалған Даниал Ахметов соңғы он жылға жуық Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып отыр. Бұрындар Павлодар облысын екі рет, Солтүстік Қазақстан аймағынада да басшылық жасаған Даниал Ахметовты жергілікті тұрғындар қазір аузына да алмайды. Өйткені ел есінде қалатындай жақсы істерімен көріне алмады. Солай бола тұрса да оның тасы үнемі жоғары өрмелеумен болғаны белгілі. ҚР Премьер-министрі қызметіне дейін атқарды. Тіпті әсери білімі болмаса да ҚР Қорғаныс министрлігін де басқарды. Ал әскери саланың өз ерекшеліктері бар екені түсінікті.
Тағы бір мысал, бірнеше жыл ішкі істер министрі болған Ерлан Тұрғымбаев қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде дұрыс шешім қабылдап, қатерлі жағдайдың бетін қайтара алмағаны үшін қызметінен кетірілгені белгілі. Ол басқарып отырған күштік құрылым сын сағатта халықты қатерден қорғап қала алмады. Керісінше алаңға шыққан бейбіт тұрғындарды жазалап, жауап алу кезінде асқан қатыгездікке жол берген фактілер жиі кездесті. Күдікті деген, қылмысы дәлелденбеген адамдардың денесіне қыздырылған үтік басып, фашистік гестаподағыдай аяусыз ұрып-соғуға жол берді. Бұл халықтың ашу-ызасын келтірді. Осыған байланысты бұқара министрді қызметінен қуу керектігін талап етті. Тірегі мықты минситрді орнынан кетіру де оңай болмады. Кеткенмен де қызметі жоғарылап ҚР Президентінің кеңесшісі болып шыға келді. Халықтың наразылығы одан сайын өрши түскен соң ғана Е. Тұрғымбаев жаңа қызметінен босатылды.
Осы келтірілген мысалдардан қандай қорытынды шығаруға болады. Бұл жерде біз Ерболат Досаевтың, Даниал Ахметов пен Ерлан Тұрғымбаевтың беделін түсіру, атқарған қызметтерін жоққа шығарудан аулақпыз. Олар да жылдар бойы қолдарынан келгенше қызмет етті, жоғары биліктің айтқанымен жүрді. Мұндай жағдай елімізде отыз жыл бойы мемлекеттік қызметте болған лауазымдылардың басым көпшілігінің басынан өтті. Мәселе түрлі жоғары лауазымды қызметте болған тұлғаларда емес, мәселе жеке басқа табынған автократтық, жемқорлық жүйеде болып отыр. Бұл жағдайға сол жүйені саналы түрде қалыптастырғандар жауапты. Тарих таразысы ешкімнің ақысын жемейді, оның да әділ бағасы беріледі.
Құдайға шүкір, қазір демократиялық қоғам құруға кірістік. Осы бағытта көптеген саяси, экономикалық, әлеуметтік оң шешімдер қабылданып жатыр. Саяси реформалар арқылы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» ұстанымы жүзеге асырыла бастады. Оған кешегі ғана мемлекет басшысының Жолдауы нақты дәлел. Халықтың тұрмысын жақсарту мақсатындағы бірқатар ұсыныстар жасалды. Соның қатарында бүгін біз әңгіме етіп отырған әкімшілік, басқару, мемлекеттік қызмет саласы да қамтылды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Үкіметке жаңа әкімшілік реформа әзірлеуді тапсырамын. Оған қоса, мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижесін жақсартып, жауапкершілігін арттырған жөн. Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар қажет.Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау қажет» - деп атап көрсетті.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды екенін, келісіп пішкен тонның келте болмасын түсіне бастағандаймыз. Халықтың ой-пікірі мен ұсыныс-талаптары ескеріле бастағанын осы Жолдаудан байқауға болады. Мемлекет басшысы елімізді дамытудағы негізгі бағыттарды белгілеп, оны іске асыруға нақты тапсырмалар берді. Қандай ұлы бастама болса да іске асырылу нәтижесімен бағаланады. Ол үшін қатардағы қарапайым адамдардан бастап, ең жоғарғы лауазымдағыларға дейін жауапты. Бұл жалпы халықтықтың бұлжымас міндеті болуға тиісті. Сонда ғана еліміз дамып, мемлекетіміз қуатты болады.
Зейнолла АБАЖАН