АЛТЫН ҚОЛДАН АЙНАЛДЫҚ
2023 ж. 10 ақпан
1345
9

Ортопед-травматолог Бахтияр Жұмабеков туралы үзік сыр
Бала – бауыр етіміз ғана емес, болашағымыз да. Кемел келешек кепілі – ұрпағымыздың дені сау болып өсуі аса маңызды іс. Бүлдіршіндердің денсаулығын сақтау және нығайту жолында тер төгіп келе жатқан білікті мамандардың бірі – ортопед-травматолог Бахтияр Әбдікерімұлы десек артық айтқандық емес.
Жамбыл облысы Жамбыл ауданында 1987 жылы шаруа отбасында өмірге келген Бахтияр Жұмабеков бала күнінен-ақ дәрігер болуды көздеген екен.
«Мен 7-ші сынып оқып жүргенімде анам егіз қарындастарымды дүниеге әкелді. Бір бауырым денсаулығы болмай шетінеп кетті де, шала туған екіншісіне көп ем қажет болды. Анам қаншама уақыт үй бетін көрмей, науқас бауырымның емімен Алматы мен ауылдың арасында шапқылап жүрді. Осы бір кезеңде отбасымыз қиын бір кездерді бастан кешірді. Дәл осы уақытта әкем маған дәрігер мамандығы туралы көп дүниелер айтты. Дәрігер болсам, отбасыма ғана емес, бүкіл қоғамға пайдамның тиетіндігін санама әбден сіңірді. Содан ұзақ уақыт ойлана келе дәрігер болуды ұйғардым. Бұл шешімді 9-шы сынып оқып жүргенімде қабылдадым. Жалпы, медицина саласын таңдауыма әкемнің маған артқан үміті мен зор сенімі түрткі болды деп ойлаймын»– деп өткен шаққа көз жүгіртті дәрігер.
2005 жылы Жамбыл ауданындағы Жасөркен орта мектебін бітірген Бахтияр Әбдікерімұлы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің Педиатрия факультетіне оқуға түседі. Одан әрі Қарағанды облыстық балалр ауруханасының базасында интернатура бойынша білімін жалғастырады. 2016 жылы Алматы мемлекеттік дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтының травматология және ортопедия бөлімінде одан кейін, «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының» базасында резидентура бойынша білімін шыңдайды. Резидентурада оқып жүріп, №2 көпбейінді Нұр-Сұлтан қалалық балалар ауруханасында кезекші дәрігер ретінде алғашқы еңбек жолын бастайды.
Республика бойынша көптеген баланың ем алып, құлан таза айығып кетуіне мұрындық болып келе жатқан №2 көпбейінді Нұр-Сұлтан қалалық балалар ауруханасында 2014 жылы травматология және ортопедия бөлімшесі қайта құрылды. Сол кездегі аурухананың бас дәрігері Расулбек Аиповтың тікелей бастамасымен жүзеге асқан осынау игі іс өз жемісін беріп келеді. Бүгінде республика көлемінде травматология және ортопедия саласы қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде сала барысында елімізде емделмейтін аурулардың саны сирек.
Елорданың №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының ортопед-травматолог маманы Бахтияр Әбдікерімұлының айтуынша, бұған дейін балалар арасындағы жалған буын, сынық сүйек, бірнеше буын қозғалысының шектелуі сынды күрделі аурулармен бетпе-бет келген науқас балалардың ата-аналары емді шетел асып іздейтін. Ал, қазіргі таңда Астана қаласындағы Ана мен бала ғылыми орталығы мен №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында күрделі оталардың басым бөлігін жасалып келеді.
Қазіргі таңда аталмыш балалар ауруханасының травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Ағабек Чикинаевтың жетекшілігімен бөлімде қаншама тындырымды тірліктер атқарылып келеді. Әсіресе, алыс-жақын шетелдердегі білікті мамандармен 7-8 жылдан бері жолға қойылған тығыз қарым-қатынас өз нәтижесін беріп келе жатқаны көңіл қуантады.
«Былтырғы жылы ауруханамызда инновациялық әдістердің бірі – fassier-duval телескопиялық интрамедуллярлық өзектерді қолдану арқылы қаңқаның ұзын сүйектерінің деформацияларын жою отасын жасадық. Отаның артықшылығы – жеңіл орнату және ұзын құбырлы сүйектердің эпифиздеріне жақсы бекітуде. Ресейдің танымал профессоры, EPOS Еуропалық балалар ортопедтері қоғамының мүшесі Константин Жердевпен бірге жасалған бұл ота мамандарымыздың біліктілігін арттыруға зор септігін тигізді. Болашақта да осындай инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдана бермекпіз», – дейді дәрігер.
«BI Group» компаниясының «Жұлдыз-ай» қорының қолдауымен Нұр-Сұлтан қалалық №2 көпбейінді балалар ауруханасында бүгінде Ресей, Санкт-Петербург, Литва сынды елдердің білікті дәрігерлерімен шеберлік сабақтары тұрақты түрде өткізіліп келеді екен. Бұл травмотология және ортопедия саласындағы күделі ауруларды өз елімізде емдеуге бағытталған зор мүмкіндік.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін біздің кейіпкеріміз Бахтияр Жұмабеков 2019 жылы Мәскеудің Балалар денсаулығы ұлттық медициналық ғылыми орталығының базасында тәжірибе алмасып қайтқан-ды. Өз саласының кәсіби маманынан бүгінгі таңда елімізде балалар арасында кездесетін аурулар түрін сұрағанымызда: «Осыдан оншақты жыл бұрын дисплазия(жамбас сан буынының шығуы) ауруы жиі кездесетін. Ортопедия саласының дамуының арқасында аталмыш ауруды емдеу ісі дұрыс жолға қойылды. Нәтижесінде дисплазиямен ауыратын балалардың саны сиреді. Қазір туа пайда болған церебральды сал аурулары, артрогрипоз (бірнеше буын қозғалысының шектелуі) аурулары жиі кездесетін болды. Дегенмен, аталмыш ауру түрлерін емдеу шараларын өз ауруханамызда жүргізіп келеміз», – дейді маман.
№2 көпбейінді Нұр-Сұлтан қалалық балалар ауруханасы бүгінде еліміздің әрбір аймағындағы науқас балаларға қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқаны көңілге зор сенім ұялатады. Біз әңгіме өзегіне айналдырған ақ халатты абзал жан Бахтияр Әбдікерімұлы да осынау игі істің басы-қасында жүр. Тарқатып айтар болсақ, республикамыздың әрбір аймағындағы травматологиялық және ортопедиялық тұрғыдан емдеуді қажет ететін науқастар өз өңірлеріндегі жекеменшік клиникалардың ұйымдастыруымен білікті мамандардың қабылдауында бола алады. Осынау жоба аясында әрбір екі-үш ай сайын әрбір облыста қабылдауын жүргізіп жүрген дәрігер Бахтияр Жұмабеков қаншама науқастың ем алып, сауығына септігін тигізіп келеді. Бұл өз кезегінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі шалғай аймақтарда тұратын науқас балалардың ата-аналары үшін таптырмас мүмкіндік.
Иә осы тұста ортопед-травматолог ата-аналарға бірқатар кеңес те берді.
«Бала дүниеге келгеннен кейін оның өміріндегі бірінші, үшінші, алтыншы айлық кезеңдерінде тиісті медицникалық тексерулерден дер кезінде өтіп тұрғаны абзал. Әсіресе, педиатр ұсынған әрбір маман кеңесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Мәселен, біздің саладағы күрделі аурулар бала дүниеге келісімен білінеді. Оның емдеудің сатысы ата-анасына жете түсіндіріледі.
Осы тұста, жамбас сан ауруларының дисплазиясын мүмкіндігінше ерте анықтап, дер кезінде ем жүргізудің қажеттігін баса айтқым келеді. Бұл тұрғыда ертерек ем жүргізілсе, күтілетін нәтиже де жақсы болмақ» дейді травматолог.
Сұхбаттасу барысында «дәрігер – өмір бойы студент» деген тәмсілді тілге тиек етке кейпікеріміз Бахтияр Әбдікерімұлы алдағы уақытта «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің маңдайалды мемлекеттерінде білімін жетілдіруді жоспарлап жүргенін айтты. Мұндағы мақсаты травматология және ортопедия саласы бойынша күрделі оталарды инновациялық тәсілмен емдеудің озық үлгілерін тереңірек меңгеру. Алтын қолды азамат Бахтияр Жұмабеков (инcтаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасы @abdikerim.bakhtiar ) сонау бала кезінде әкесі артқан зор сенімнен шығып, бүгінде қоғамға пайдасын тигізе алатын деңгейге жетті. Білікті дәрігер кезінде өзі ота жасап, қазір аяғынан тік тұрып жүгіріп кеткен балақайлардың біқатарының тұсауын кесіп, ақ жол тілегені бар. Осы бір әдемі үрдіс үнемі жалғасын таба берсе екен деп тілейміз.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz