ҚАНДАСТАР МӘСЕЛЕСІ БАР ҚАЗАҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІ БОЛУЫ ТИІС – Қазыбек Иса

ҚАНДАСТАР МӘСЕЛЕСІ БАР ҚАЗАҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІ БОЛУЫ ТИІС – Қазыбек Иса

Ауыт бауырым, «ҚАЗЫБЕК ИСА АҒАМА НАЗ» атты жазбаңызға жауап жазуға енді уақыт таптым. 

Алдымен айтарым, «Өзіңіз өлеңіңізде айтқандай, Өздеріңіз ту қып көтеріп келе жатқан нағыз Ахаңдардың аманаты — бүкіл Алаш жұртының басын қосуға арналған ұсыныс. Шекара сыртында қалып отырған алты-жеті миллион қазақтың тағдырына, мемлекетің қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе»-дегеніңізге қуана қосыламыз, қолдаймыз да.

«Міне, Консультацияға тағы өзгеріс енгізу мәселесі және көтеріліп жатыр»-дейсіз. Ескерте кетейін, Ауыт бауырым, әдеттегідей тағы да ауыт кеттіңіз, «КОНСУЛЬТАЦИЯ» емес, КОНСТИТУЦИЯҒА өзгеріс енгізілуде. «КОНСУЛЬТАЦИЯ» мен КОНСТИТУЦИЯНЫҢ арасы жер мен көктей, үш қайнаса сорпасы қосылмайды. «КОНСУЛЬТАЦИЯ» деген кеңес алу, кеңес беру, ешқандай заңдық күші жоқ. Ал КОНСТИТУЦИЯ - бар заңдардың негізі –Ата заңымыз! Алдымен жоғарыдағы «КОНСТИТУЦИЯҒА» қол созбас бұрын, өзіңізге заңнама туралы «КОНСУЛЬТАЦИЯ» беріп алудан бастап отырмын әңгімені...

Ал енді сіз екі көзіңіз төрт болып, түнгі ұйқыңызды төрт бөліп, зарыға күткен жауаптарды тыңдаңыз.

1.«Әлде, бұл мәселені көтермеу, қолдамау туралы Жоғарғы жақтан тапсырма берілді ме Сіздерге?!»-дейсіз. 

Бұл не сөз, түсінбедім. Сіз бізді өзіңіздің қызмет ететін «Нұр Отаныңызбен», қазіргі «Аманатыңызбен» шатыстырып алдыңыз ғой деймін... Бізге ешкім жоғарыдан тапсырма бермейді? Тапсырма берсе, басқаларын айтпай-ақ қояйық, біз биліктің ең жанды жері – «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕЙТІН ТУРАЛЫ ЗАҢ» қабылдауды, одан да ең ауыр жанды жері - Конституцияның 7 бабын өзгертіп, Мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара қалдыру туралы депутаттық сауал жасаймыз ба? Кезінде Мемлекеттік хатшы, («Нұр Отанның» мүшесі) «Алаштың атын ататпаймын» деп қаһарына мініп тұрған кезеңде, билікті тыңдамай, 2007 жылдан бастап, 15 жылдан бері Алаш мұрасы мен ұстанымын ұлықтаймыз ба?

2.«Ел алдында жүрген азаматсыз. Жай азамат емес, көрнекті ақын, белгілі қайраткер депутатсыз. Дәл осы біз көтерген мәселеге келгенде Сіздің үнсіз қалғаныңызды, әрекетсіздік танытқаныңызды түсінбей дал болдым. Жоқ, менің Сізге депутаттық міндетіңізге сүйеп айтқан екі-үш ауыз сөзім ауыр келіп жүр ме. Иә, қазақтың Қазыбегі атыңызбен қансорғыш Тимур Құлыбаевтан жеңіліп қалғаныңызға қатты намыстанып, мен Сізді қамшыладым.»-дейсіз. 

Рахмет бауырым, мен туралы жылы сөздеріңізге. Бірақ, сіз қандастар мәселесімен айналысып жүрсіз, оның үстінде талай жылдан бері «Нұр Отан»-«Аманат» партиясында кеңесшісіз. Айтпақшы, сіз Конституция деп ойлап жүрген Консультация сіздің осы істеп жүрген жұмысыңыз - Консультантсыз сіз. Еліміздегі ең үлкен, билік партиясында қызмет еткесін, заңнама жұмысынан да хабардар болуыңыз керек қой. Осы уақытқа дейін үкімет қорытынды бермесе, парламент заңы өтпейтінін қалай білмейсіз? Бұл мәселемен "Аманат" партиясы басшылығы неге айналыспағанын білмедім. Ол ең алдымен өзіңізге керек, өйткені партияға келген азаматтарға кеңес, Консультация бересіз.

Мен айтайын сізге, біздің дәл қазіргі заңнама бойынша парламент үкіметтің оң қорытындысы болмаса, ешқандай заң түгілі, бір бапты да өткізе алмайды. Сондықтан да сіздің қандастарға конституциялық құқық беру туралы ұсынысыңызды біз қуана қолдаймыз, оны фракцияда талқылап та көрдік, бірақ ол дәл қазір мынау үкіметтің кезінде өтпейді. 

Неге екенін айтайын.

Бүгін, 7 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасы жөнінде баяндама жасаған ҚР Әділет министрі Қанат Мусинге: «ПРЕЗИДЕНТ АЙТҚАН «ЫҚПАЛДЫ ПАРЛАМЕНТ» ҚАЙДА?!» атты депутаттық сұрақ қойдым. Сонда барлық жауап бар. Видеосы да, жазбасы да «Қазақ үні» порталында да, менің фейсбук парақшамда да тұр. Иә, айтпақшы, өзіңіз де оқыпсыз: «Міне, нағыз депутаттың сөзі! Айтқанда да дөп басып айтты. Ғылыми айтты!» деп жоғары баға беріпсіз, көп рахмет. Тағы қайталай кетейін оқырмандар үшін: 

«Президент өзінің жолдауында тапсырған «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есепті Үкімет” үштұғырындағы «ықпалды Парламент» дегеніміз қайда? Ол мынау заң жобасында қай бапта бар? Бізге, парламентке ең бірінші заң шығару жолында кедергілер жасалмауы керек. Ондай өзгерісті біз мынау заң жобасынан майшаммен де, қай шаммен де қарап таппадық…

Қолданыстағы заң бойынша Үкімет оң қорытындысы бермесе, парламент ешқандай заң жобасы түгілі, бір бапты да қабылдата алмайды. Бұны сіз өте жақсы білесіз, министр мырза, бұрын депутат болғасыз! Бұндай үкімет қорытындысын сұрау тек бюджетке әсер ететін заң жобаларына ғана қатысты деп, тайға таңба басылғандай атап көрсетілген Конституцияның 61 бабының 6 тармағы мен Парламент туралы заңның 15 бабының 4 тармағын бір ғана Үкімет регламентінің 100-ші тармағы тас-талқанын шығарған. 

Яғни, барлық заң жобасы мен өзгерістер Үкімет қорытындысына тәуелді. Бұндай жағдай бірнеше рет біздің басымыздан өтті. 

 Сондықтан, парламент ықпалды болуы үшін қолданыстағы аталмыш заңнама баптарын өзгерту керек немесе Үкімет регламентінің 100-ші тармағын алып тастау керек!»-деп, сұрақты төтесінен қойдық. 

Осыдан-ақ біле беріңіз парламенттің өкілеттігі қай дәрежеде екенін...

Яғни, маған «Қазақтың Қазыбегі атыңызбен қансорғыш Тимур Құлыбаевтан жеңіліп қалдыңыз»-дегеніңіз тура емес, шынын айтқанда ұяттау болды. Мен кәсіпкерлердің көкесі Тимурмен емес, Қазақ Үкіметі төрағасы Асқар Маминмен алыстым. Өйткені үкіметтік қорытындыны шығаратын және қол қоятын, яғни оны шешетін кәсіпкер немесе олигарх емес, Қазақ үкіметінің Премьер-министрі! Сондықтан да мен сол кезде, былтыр 2021 жылы күзде экономика министрі Әсет Ерғалиевтің, «Атамекен» ұлттық палатасы төрағасы Тимур Құлыбаевтың, Премьер-Министр Асқар Маминдердің атын атап, айыптай отырып, (болашақта ұлт мүддесіне қарсылар ретінде қара тізімге кіретіндер), ең басты кінәлі ретінде Үкіметті айыптап, “Қазақ тілінің обалы - Қазақ үкіметінің мойнында” деп жаздым “Қазақ үні” ұлттық порталында.

3. Сондықтан да «Сіз бен Сіз мүшесі болып табылатын Алашшыл «Ақ Жол» партиясының немқұрайды полиция («позиция» деген болуыңыз керек деп үміттенемін) ұстануы өте өкінішті және ұят жағдай деп бағалаймын. Сол Ахаңның АМАНАТЫНА пысқырмай жатырсыздар ғой»-дегеніңіз артық және орынсыз кінә. Өйткені, «Ақ жол» партиясының қандастар қамы үшін талай шаруа істегенін және істеп келе жатқанын аяқ асты ұмытып қалмасаңыз, өзіңіз өте жақсы білесіз. 

Алашты айтсақ, осыдан 15 жыл бұрын 2007 жылы Қазақ парламенті тарихында тұңғыш рет Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы аттары «Ақ жол» партиясының арқасында аталып, ұлықтау жөнінде мәселе көтерілді. 2012 жылы парламентте «Ақ жол» фракциясы құрылғалы бері 30-дан астам депутаттық сауал жасалып, биыл Алаштанушы талай жастардың шоғырын дайындаған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жол» жалпыұлттық байқауы 11-ші жыл өтеді. Бұл «Ақ жолдың» Алаш мұрасын насихаттаудағы қыруар шаруасының бір мысалы ғана.

Ал «Ақ жол» партиясының және менің қандастар үшін қандай қайрат жұмсап жүргенімізді өзіңіз де, аяқ астынан құдай тас төбесінен ұрып, таскерең, көзі соқыр, өзі әріп танымайтын сауатсыз болып қалмаса, менің балағыма жабысып жүргендер де жақсы біледі. Қандастар мәселесіне мен 1997 жылдан, белгілі қоғам қайраткері, сол кездегі Парламент депутаты Әкім Ысқақтың басқаруымен, Тәуелсіздік орнай сала қандастар көшін бастап келген Алмас Ахметбек бастаған бауырлардың зор үлес қосуымен ең алғаш қазақ тілінде жазылған «Көші-қон» заңы қабылданатын кезден, ширек ғасырдан бері араласып келе жатырмын. Ол кезде сізді білмейді екенмін, әйтеуір кейіндеу бір келіп, біраз жүріп, не істеп қойғаныңызды, неге жүрген жеріңізден су шыққанын қайдам, аяқ астынан арғы бетке суыт қайтып кеткеніңізді естігенбіз... Кейін көрнекті ақынымыз, адам баласына жамандық ойламайтын жүрегі нәзік ұлы лирик Тұманбай ағамыздың жанынан көргенде таң қалып қалсақ та, жат көрмегеніміз рас....

 Ал 2021 жылы, парламентке келе салып, басқаларын айтпағанда, Алаш пен қандастар мәселесінің өзіне ғана екі айда екі реттен, төрт рет "Ақ жол" фракциясының депутаттық сауалын жасадым.

Олардың бәрінде көтерген ең маңызды мәселелер де шешілді. Алғашқысына, 30 жылда 100 есе азайып кеткен көші-қонның бүкіл күрделі мәселесін көтерген депутаттық сауалға вице-премьер Е.Тоғжановтың жауабы келді. Мысалы, қандастар көшін күшейту, азаматтық алудың мерзімін екі есе қысқарту, көші-қон комитеті құру, «ұлты қазақ» деген анықтама беруді шешу тб маңызды мәселелер шешілді.

Ал 2020 жылы атамекенге келіп, онлайн оқыған қандас қазақ жастары, дайындық курсын бітіріп, емтихан тапсырарда Қазақстан тарапы «офлайн келіп сынақ тапсыру керек» дегенде, қандас жастардың барлығы маған хабарласып, мен парламентте депутаттық сауал жасап, оған білім министрі А.Аймағамбетов жауап беріп, мыңдаған жастарды онлайн оқытуды шешіп бердік. Сөйтіп, мемлекеттің миллиардтаған қаржысы желге ұшпай, мыңдаған жастарымыз оқуын жалғастыруда. Қандастар атынан Еуразия университетінің студенті Қанат Қаһар бастаған жастар фейсбук парақшаларында алғыстарын жаудырып, рахмет айтты. 

Әуежайдан шекарашылар Қазақстанға қайта кіргізбей, бес күн “тұзақта” қалып қойған қандас қызымыз Нәдияны елімізге кіргізу, Түркменстаннан келген қандастар шілденің қайнаған күнінде виза өзгеріп, шекарадан өте алмай тұрғанда, қоғам қайраткері, қандастар ұйымының жетекшілерінің бірі, әйгілі «Көк тудың желбірегені» өлеңінің авторы Алмас Ахметбектің хабарлауымен Еңбек министрі Тамара Өтегеноваға шығып, мәселелерін шешіп беру, т.б. күнделікті шаруалардың барлығын айтпай-ақ қояйын. 

2017 жылы 1 желтоқсанда Азат Перуашев екеуміз Қытайға дүние жүзінің 125 елінен 600 делегат жиналған Бейжіңдегі Әлемдік саяси форумға барғанда, Қытай басшылығына Қытайдағы қазақтарға жасалған қысымды алғаш баяндап, сонда қамалған 112 қазақтың тізімін тапсырдық, («Атажұрттың» басшысы Қыдыралы Оразұлы мен журналист Бейсен Ахметұлы жасап берген). Оның ішінен 79-ы түрмеден шыққаны кейін «Атажұрттың» кезекті жиналысында баяндалып, баспасөзде жазылды.

Сөзімнің соңында айтарым, Ауыт бауырым, хат жазғанда алдымен ниетіңізді анықтап алыңыз. Негізгісі шынымен қандастар қамы ма, жоқ «Мен қандастар мәселесін көтеріп жатырмын, Қазыбек Иса қамсыз, қарап отыр» деп, бір жарнама жасап, көрініп, бір тістелеп қалу ма? Сіз екеуміз де қаламгерміз, ақынбыз. Сондықтан, басқаларды қайдам, сөздің астарын бірден біліп қоямыз. Кейде, қанша жасырмақ, бүркемелемек болсаң да, бір жерден иіс шығып тұрады... Кейбір, пиғылы теріс, сөзінен қатты иісі шығып кеткендерге қанша өзеуреп, өліп кетсе де, әлеуметтік желіде қылғынып, буынып жатса да, жауап бермеймін. Ол туралы мәлімдеме де жасағанмын кезінде: «Мен сүйеніші сүйек лақтырған жалақорларға жауап бермеймін» деп. Ал сіздің көтерген мәселеңіз екеумізге де ортақ, негізі қалың қазаққа ортақ болуы тиіс, менің қатты бүйрегім бұрып тұратын қандас ағайындар мәселесі болғасын, түнгі сағат онның шамасы болса да, Мәжілістегі кабинетімде жұмыс істеп отырып, арасында жауап беруге уақыт тауып жатырмын.

Менің онсыз да балағымнан алушылар аз емес. Өткенде көрнекті саясаткер Балташ Тұрсымбайдың қазасына Алматыға арнайы барып, қоштасуына қатысып, Кеңсайда топырақ салып, асында сөйлегенімде айтқанымдай: «Мен қалай парламентке бардым, алғашқы күнгі арандатудан бастап, аспандағы ғарышта бір мәселе болса да, оған жердегі Қазыбек Иса кінәлі деп жамандай жөнелетін жалдамалы жалақорлар тобыры пайда болды. Кәдімгі аттары штатта тіркелген, бұйрық бойынша бірінен соң бірі шығып тұрады кезектерімен...»-дегенімдей, балақтан тартатындар сенсіз де аз емес... Олар тіпті өзіміз қорғап, қолдап жүрген тіл майданында жүргендердің қатарынан да шығуда... Біздің үшәріптің қолынан бәрі де келеді...  

Өзің «керемет өлең» деп жоғары баға берген, ол үшін рахмет, ақынсың ғой өлең танитын, Ахаңа жазған өлеңімде де:

«Санаса да сатқындар қадамыңды,

Сара жолға салумен саналы ұлды,

Қазақ үшін жұмсадың қаламыңды…

Кешегі иттер жарысып қапқан сені,

Бүгін менің тістеуде балағымды…»-

деп жазғаным сондықтан. 

Аман бол, бауырым. Қауырт жұмыстардан мойын бұра алмай жүрсек те, жауап жазуға мәжбүрлегенің үшін рахмет. Сенің арқаңда елге біраз есеп беріп қалдым.

Қандастар қамы үшін, жалпы Қазақтың, Алаштың аманаты үшін қайрат ете берейік. 

Алла жар болсын! Ақ жол!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні