«Адамдар әділетті мемлекетте тұрып жатқанын сезінуі керек» - Перуашев азаматтардың банкроттығы туралы
2022 ж. 07 қыркүйек
1210
0
Бүгін «Ақ жол» партиясында ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы заң жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жиынға «Ақ жол» демпартиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, «Ақ жол» парламенттік фракциясының мүшелері, Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер департаменттерінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық банктің, Парламентаризмді дамыту қорының, Бірінші кредиттік бюроның, Қазақстан қаржыгерлері ассоциациясының басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысын ашқан Азат Перуашев «Ақ жол» партиясының 2015 жылдың өзінде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның жобасын дайындап қойғанын алға тартты.
- Өкінішке орай, ол кезде Үкімет бұған жол бермеді. Өз жауабында Қаржы министрлігі Үкімет атынан осы бағыттағы бөлек арнайы заң жобасын дайындайтындары туралы жауап берген. 2017 жылға дейні мұндай заң жобасы дайындалған, бірақ, енгізілген жоқ. Біз мәселенің жыл сайын өзектілігі арта берген соң, біз өзіміздің жаңа заң жобамызды ұсынғанбыз. Үкімет пен Ұлттық банк сонда да бұған қарсы шықты. Ақыры бұл проблема Мемлекет басшысына дейін жетіп, Президент тарапынан нақты тапсырма түсті. Былтырғы жылдан бастап мемлекеттік органдар, «Ақ жол» депутаттары, жергілікті органдар бұл жұмысқа белсенді түрде кірісіп өз ұсыныстарымызды енгізген болатынбыз. Соңғы рет Қаржы министрлігінің қатысуым осы заң жобасын талқылағанымызда бір ғана мәселе бойынша келіспеушілік болды: Банкроттыққа ұшыраған азаматтардың әлеуметтік кепілдігі туралы ортақ пікірге келе алған жоқпыз, - деді А. Перуашев.
Мәжіліс депутаты бұл мәселенің бүгінгі қоғамда аса өзекті екеніне баса назар аударып, соңғы жылдары несиелік борышын өтей алмаған ел азаматтарының трагедиялық жағдайға дейін жетіп жатқанын мысал етті.
- Біз Үкіметпен бұл салада бір бағытта қызмет етіп келеміз. Бұл тығырыққа тірелген төлем қабілетіне қатысты мәселеде ғана емес, салықтық ауыртпалықты қысқартуға да қатысты. Мысалы, «Ақ жол» партиясының депутаты Дания Еспаева сақтандыру қызметі туралы заң жобасын талқылау аясында бастама көтеріп, Ұлттық банктің келісімімен шағын несие беретін ұйымдарға азаматтарды қанап, шектен тыс пайыздарды үстемелеуге шектеу қоюға қол жеткіздік. Оған қоса, төлем қабілеттілігінің нашарлығы анықталған бойда несие беруші салық төлеушінің жағдайы жақсартатын шарттарды қабылдауға міндеттедік, - деп атап өтті «Ақ жол» төрағасы.
Жиын барысында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов сөз сөйлеп, аталмыш заң жобасы халықаралық тәжірибелерді ескере отырып әзірленгенін тілге тиек етті.
Оның айтуынша, заңнама аясында үш түрлі рәсім енгізуліге ұсынылып отыр. Аталмыш заң шеңберінде борышкен өзінің арыз беруі арқылы ғана өзінің процесске қатыса алады.
- Заң жобасының әзірлену себебі халықтың шамадан тыс кредиттік ауыртпашылығы және азаматтардың едәуір бөлігі өздерінің қаржылық жағдайларының нашарлауына бетпе-бет келуі болып табылады. Бүгінгі таңда 1 300 000 адам несие төлеу уақытын 90 күннен асырып алған. Заң шеңберінде соттан тыс банкроттық процедураға 1600 АЕК дейін қарыз болған азаматтар қатыса алады. Бұл 4 миллион 900 мың теңгені құрайды. Бұған банкттер мен микроқаржылық ұйымдар, коллекторлік агенттіктер алдындағы алдындағы қарызы бар азаматтар жатады. Екіншіден, ресми табысы жоқ болса немесе кірісі борышкерлердің өзіне және асырауындағы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі (36 018 тг) мөлшерінен аспайтын борышкерлер қатыса алады. Бұл ретте борышкерлерде мүлік болмауы керек, - деді Е. Біржанов.
Вице-министрдің түсініктемесінен кейін Мәжіліс депутат Азат Перуашев «Борышкердің жалғыз баспанасы болса, ол банкроттыққа ұшырағаннан кейін үйінен айырыла ма? Және банкроттыққа ұшыраған азаматтар ары қарай несие алуы мүмкін бе?» деп сұрады.
- Егер борышкердің тұрғын үйі банктен ипотекаға алынған болса өндіріп алуға жатады. Сонымен қатар, банкроттыққа ұшыраған адамға кредит алуға 5 жылға дейін шектеу қою заңнама жобасында бар, - деп жауап берді Қаржы вице-министрі.
Оған қарсы Азат Тұрлыбекұлы бұл мәселе бойынша дауласатындарын жеткізіп, «кейбір кезде үйінің негізгі бағасын төлеп қойған азаматтар бар, несиенің пайыздық үстемесі жоғары болғаннан соң осындай банкроттыққа ұшырап жатады» деп өз уәжін келтірді.
Сонымен қатар, талқылау барысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Дания Еспаева да сөз сөйлеп, заң жобасындағы даулы тұстарды тізіп берді.
- Ең бірінші мәселе ол әлеуметтік қорғау. Заң жобасында егер борышкердің баспанасы кепілде тұрса өндіріп алуға жататыны айтылған. «Ақ жол» фракциясы борышкердің мүлкі кепілде тұрғанмен, оны санитарлық нормаға сай талаптар бойынша баспанамен қаптамасыз ету керектігін ұсынып отыр. Одан бөлек, сотқа дейінгі борышкерлікті тануға банктер алдындағы қарызын 12 ай көлемінде өтемеген азаматтар жатады. Біз бұл мерзімді 6 айға дейін қысқартуды ұсынамыз. Борышкер 6 айда шағын несиесін өтей алмаса, қалған 6 айда да оны өтейтініне күмәніміз бар, - деді Д. Еспаева.
Дөңгелек үстел барысында өзге де жиынға қатысқан орган өкілдері пікір білдіріп, өз көзқарастарын білдірді.
Жиын соңында «Ақ жол» лидері Азат Перуашев егер азаматтар борышының бір бөлігін төлесе, онда оған тиісінше түсіністікпен қарау керектігін алға тартты.
- Жаңа Зауреш Батталова өз баяндамасында азаматтар құқығын қорғау бойынша Қазақстанның ратификациялаған халықаралық міндеттемелер бойынша айтылды. Бұл біздің халық. Біздің тұрақтылық қоғамдағы атмосфераға тікелей байланысты. Адамдар өздерін әркім алдап кеткісі кететін мемлекетте емес, әділетті мемлекетте тұрып жатқанын сезінуі керек. Ондай болмау керек. Біз әділетті мемлекет құруымыз керек. Бұл заң жобасы бойынша талқылауды ары қарай да жалғастырамыз, - деп қорытындылады жиынды А. Тұрлыбекұлы.