Жолдаудағы басты мақсаттың бірі өскелең ұрпақты білім мен өнерге баулу

Жолдаудағы басты мақсаттың бірі өскелең ұрпақты білім мен өнерге баулу

1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев VII шақырылымдағы ҚР Парламентінің үшінші сессиясын ашу барысында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялады.

Президент жолдауындағы реформалар бес үлкен бағдардан тұрады. Үшінші бағдар «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» деп аталады. Бұл бөлімде мемлекет басшысы білім беру саласына ерекше тоқталып кеткен. Президент еліміздің басты құндылығы – адам екенін, қуатты халықтың діңгегі халық екенін атап өтті. Ал аталған реформалардың басты мақсаты денсаулығы мықты, білімі терең ұлт қалыптастыру. Ұлт саулығының жақсы болуы медицинаға байланысты болса, ұлт сапасының жақсы болуы білім беру жүйесіне тікелей байланысты. Осы ретте Президент балабақшамен қамту, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы сияқты өзекті мәселелер де назарда болатынын атап өтті. Қазіргі жахандану заманында өскелең ұрпаққа уақыт талабына сай білім беруді қамтамасыз ету, адам әлеуетін дамыту күрделі мәселелердің бірі. Келесі маңызды мәселе – орта білім беру жүйесінің сапасы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту мен табысты ұлт болу ісінде аса маңызды рөл атқаратыны анық. Осы орайда, Президент әрбір баланың жақсы білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасайтын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алуды ұсынды. Әлбетте, бұл жобаның толыққанды жүзеге асуы үшін еліміздегі мектептер жетіспеушілігі мәселесі шешілуі тиіс. Осыған байланысты, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатыны қуантарлық. 

Қорытындылай келе, Жолдаудағы басты мақсаттың бірі өскелең ұрпақты білім мен өнерге баулу, ал мемлекет оларға жағдай жасау арқылы бәсекеге қабілетті азаматтар тәрбиелеуге баса мән беруі тиіс.

Д. Жұмағалиев, 

Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері