ҚАЗАҚ БАСЫЛЫМДАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ КҮТЕДІ
2022 ж. 05 қыркүйек
1119
0
Бұл маңызды мәселе жаңадан тағайындалған Ақпарат министріне айтылды.
Өткен жұмада, 2 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысы өтті.
Комитет отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балайым Туғанбайқызы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының орынбасары Ермек Әмірханұлы Аманшаев және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының Басшысы Ренат Құрметжанұлы Айтаев қатысты.
Комитет отырысының күн тәртібінде бір мәселе – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі ұсынған Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына тағайындалатын кандидатура туралы.
Отырысты Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмила Нұрманбетова жүргізді.
Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары Ермек Аманшаев Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына Дархан Қуандықұлы Қыдырәлінің кандидатурасын ұсынып, өмірбаянын таныстырды.
Алғашқы сөз ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Исаға берілді.
- Біз Дархан Қуандықұлы бауырымызды жақсы білеміз, өйткені есімі ақпарат әлеміне ғана емес, руханият әлеміне жақсы таныс және тәжірибелері де бар, баспасөзде де істеген, басқа сөзде де істеген. Кеше ғана Түркі Академиясының жұмысын қорытындылардың алдында еліміз үшін ерекше жаңалық болды. Алдымен айтарым, түрік әлеміндегі аса құнды сол жаңалық -Екінші түрік қағанатын қайта өрлеткен Елтеріс Құтлық қағанның кешенінің табылуы құтты болсын!
Менің бірінші айтарым, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ең бір үлкен идеологиялық тұтқа. Сондықтан, біз ұлттық мүддемізді қорғауды ең бірінші мәселе етіп қоюымыз керек. Өйткені қазір бізге БАҚ туралы заң келейін деп жатыр. Осы Бақ туралы заңда ұлттық мүддені қорғауға басты назар аударылу керек.
Екінші мәселе. Мен өзімнің де қазақ баспасөзіне азды-көпті қатысым бар болғандықтан, қазақ баспасөзінің қазіргі жағдайын айтпаса, болмайды.. Бұл мәселе бойынша, қазіргі кездегі қазақ басылымдарының жағдайы туралы бұрын да үкіметке, бұрынғы-соңғы министрлерге бірнеше рет айттық, көтердік. Үш жыл бұрын белгілі журналист, «Қазақстан дәуірі» газеті басшысы Сәуле Мешітбайқызы бастап, қазақ басылымдары басшыларының Ашық хаты Президентке екі рет жолданды. Бұл бүкіл қазақ газеттері жөнінде, оның ішінде мемлекеттігі де бар, тәуелсіздігі де бар, басылымдардың ауыр жағдайы туралы хат. Ең басты мәселе, екі-үш жыл қатарынан пандемия болғанда, газеттердің таратылу мәселесі қиын болып, олар ауыр жағдайда қалды. Мысалы, киоскіде тұрған орыс тіліндегі газетті орыс та, қазақ та, өзге ұлт өкілі де барып алады, ал қазақ тіліндегі газетті киоскіден тек қазақ қана, оның ішінде тек қазақ тілді қазақ қана алады. Яғни, қазақ газетінің сатылуы, яғни бұл таралуы деген сөз, орыстілді газеттерге қарағанда екі-үш есе қиын. Бұған, өңірлерге таратуға пандемия қыспағы қосылып, қазақ басылымдары өте қиын жағдайға ұшырады. Жоғарыда айтқанымыздай, осы мәселе бойынша президентке екі рет хат жолданды.. Онда біз жағдайымызды айтып қана қойған жоқпыз, нақты ұсыныстар да жасадық. Біздің ұсынысымыз - бізде мемлекеттік 11-15 мың кітапхана бар, әрқайсысы қазақ басылымдарынан бір газеттен жазылса да, қазақ газеттерінің жағдайы сонымен шешіліп жатыр. Әрі бұл мемлекеттік кітапханаларды БАҚ-пен қамтамасыз ету бойынша да қолдау болады.
Ұлттық мүддені, мемлекеттік мүддені қорғайтын - қазақ баспасөзі. Бұл тәуелсіздік алған кезден бастасақ та, елдің көзі жеткен ақиқат. Бұлардың ішінде мемлекеттік газеттер де, тәуелсіз газеттер де бар. Осылар далада қалмай, нақты жүйелі қолдау жасала беруі керек деп ойлаймыз. Ұлттық мүддемізді қорғауда ақпарат майданының алғы шебінде жүрген салмақты сайттарға да қолдауды артыру керек. Яғни, Қазақ баспасөзі мемлекеттік қолдау күтеді.
Өзіңіз бас газеттен келген соң олардың жағдайы бұрынғыдан да жақсы болады деп үміттенеміз. Осы мәселе.
Одан кейінгі тағы бір ең маңызды мәселе – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылын үйлестіріп отыратын бейүкіметтік ұйымдармен жұмыс істейтін министрлік. Осы үкіметтік емес ұйымдарға миллиардтар бөлініп жатады, бірақ соның ішінде қазақтілді ортаны қамтып жатқаны шамалы, өте аз. Мен бұны былтыр министр болып келген кезде Асқар бауырыма да айтқанмын, өйткені тиісті комиссияның ішінде отырғандардың ішінде қазақ тілін білетіндердің өзі санаулы. Қазақ тілін білмейтін адам қазақ тілді бағдарламалар мен ұсынымдарды қалай оқиды? Сондықтан басым қаржы белгілі бір ғана ортаға кетіп жатыр, ал қазақ тілді ортаға жетпей жатыр. Осы мәселені басты назарға алу керек.
Жаңа жауапты қызметте «Ақ жол» фракциясы атынан Ақ жол тілейміз!
Дархан Қыдыралы жауап сөз сөйледі:
- Рақмет, құрметті Балайым Туғанбайқызы, құрметті Жәмила Нүсіпжанқызы, құрметті депутаттар, халық қалаулылары! Ашығын айтқанда мен үшін бұл күтпеген ұсыныс болды. Бірақ сенім артылғаннан кейін сол сенім үдесінен шығуға тырысамыз.
Ақпарат саласының жанашырлары осында отыр деп ойлаймыз. Осында министр болған ағаларымыз отыр, ақпарат саласының майталмандары отыр, сондықтан сіздермен қоян-қолтық жұмыс істейміз және жаңа Қазыбек Жарылқасынұлы айтқан мәселелерді бірге шешеміз деп үміттенемін. Бұл сала бізге таныс, әсіресе, баспасөздің проблемаларын білеміз, соларды сіздермен бірге шешуге үміт артамын.
Дәл қазіргі сын сағатта осындай жауапты жұмысты бірге жұмыла атқарамыз деп ойлаймын. Сенім артқан Мемлекет басшысына, Премьер-Министрге де ризашылық білдіремін.
Өздеріңізбен бірге жұмыс істейміз деп ойлаймын. Рақмет.
Сонымен қатар депутаттар Жанарбек Әшімжан, Елнұр Бейсенбек, Жұлдыз Сүлейменова, Жанат Омарбекова, Мақпал Тәжмағамбетовалар ұсыныстары мен тілектерін білдірді.
Қазақ үні