ЕНДІ ҰЛТТЫҚ ҚОР БАЙЛЫҒЫН ӘР ОТБАСЫ КӨРЕ АЛАДЫ!

ЕНДІ ҰЛТТЫҚ ҚОР БАЙЛЫҒЫН ӘР ОТБАСЫ КӨРЕ АЛАДЫ!

САЯСАТТА ДА, ЭКОНОМИКАДА ДА ТОСЫНСЫЙЛАРҒА ТОЛЫ ЖОЛДАУ

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ КҮЗДЕ, МӘЖІЛІС САЙЛАУЫ КӨКТЕМДЕ БОЛАДЫ

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНА ҚАТЫСУШЫЛАРҒА РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАСАЛАДЫ

ҮКІМЕТКЕ ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛІ ТОЛМАЙДЫ

Бірден айтайық, Жолдауды тыңдап отырып, ондағы халықтың отыз жылдан бері қордаланып, шешілмей келе жатқан өте өзекті мәселелерінің шешімін тауып жатқанына қарап, Президенттің сайлау бағдарламасына сай жолдау екен деп ойлап қалғанымыз рас. Түйсігіміз алдамапты, шындығында да солай болып шықты! Биыл күзде Президент сайлауы өтеді. Қоғамды толғандырып тұрған Мәжіліс сайлауы да шешілді. Келесі жылы көктемде Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы болады.

Президенттік мерзім енді бір рет қана – 7 жылдық болмақ. Бұл тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

Осылайша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саясат алаңында тағы да тосын жүрістерімен тосынсый жасады.

БҰЛ ЖОЛДАУ - ХАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫН НАҚТЫ ҚОЛДАУ! 

Тосынсый саясатта ғана емес, халықтың жағдайын жақсартуда да жасалды. 

Біз баяғыдан армандап қана қоятын, бірақ орындалуы мүмкін еместей көрінген елдің Ұлттық байлығын әрбір отбасының пайдалануы енді іске асатын болады. 

Ұлттық қордағы кірістің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балалардың шотына аударылады. Президент: "Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты табыс алуы керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында жаңа "Балаларға арналған ұлттық қор" бағдарламасын іске қосуды аса маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз арнайы жинақ шоттарына бөлуді ұсынамын. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді. Қор шынымен де ұлттық мәртебеге ие болып, халық игілігіне қызмет ететін болады. Осы ауқымды істі жан-жақты зерделеу қажеттілігін ескере отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын", - деді президент.

«Армандар орындалады» деген осы! Құдай екөп көрмесін, ұзағынан сүйіндірсін! Аллаға мың да бір шүкір!

ЖАСТАР ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛЫП, 2,5 пайыз НЕСИЕ АЛАДЫ

Қазір жастардың жағдайы өте қиын. Жұмыс жоқ, баспана жоқ, жоғары оқу бағасы қымбат. Сондықтан жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі бола бермек. 

«Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. 

Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді.»-деді мемлекет басшысы.

ЖАЛАҚЫ ӨСІП, ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАСЫ 61 ЖАСҚА ТӨМЕНДЕЙДІ

Ең төменгі жалақы деңгейі 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл 1,8 миллион азаматтың кірісіне тікелей әсер етеді. 

"Зейнетақы жүйесін айтарлықтай жаңғырту қажет. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарысын 120%-ға дейін біртіндеп жеткізу қажет. Бұрын қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жалпы зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітіледі. "-деді президент.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНА ҚАТЫСУШЫЛАРҒА РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАСАЛАДЫ

Қоғам күткен тағы бір оң қадам Қаңтар қасіретіне байланысты жасалды.

«Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым.

Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті.

Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды. 

Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз.

Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек беріледі. «Қазақстан халқына» қоры да осы игі іске лайықты үлес қоса береді деп ойлаймын.»-деді Мемлекет басшысы.

ЖОЛДАР ЖОЛҒА ҚОЙЫЛАДЫ!

Біздің елде қаншама миллиардтар жұмсалса да, бір бітпей қойған мәселе – жол мәселесі. Жолға шыққан жолаушының жүйкесін жұқартатын бұл мәселе де шешімін табады деп отыр президент.

"Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс. - деді Тоқаев.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП, СУБСИДИЯЛАУ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛАДЫ

Қазір ауылшаруашылығы саласы үлкен мемлекеттік қолдау күтеді. Субсидияның көбісі суға кетуде... Сондықтан да Жолдауда бұл салаға да баса назар аударылды.

"Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек",- деді Қ.Тоқаев. Қазір ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылмақ. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. 

ШАҒЫН БИЗНЕСКЕ ҚОЛДАУ ЖАСАЛЫП, ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ ДАЙЫНДАЛАДЫ

2023 жылы жаңа Салық кодексі дайындалады. 

Өйткені, фискалдық реттеуді қалпына келтіру керек. «Салықтық әкімшілендіруді толығымен жаңарту қажет . Сондай-ақ кез келген бетпе-бет өзара әрекеттесуді болдырмай, салықтық бақылауды толық цифрландыруды қамтамасыз ету қажет",-деді президент.

БАЛАБАҚША мен МЕКТЕПКЕ ҚОЛДАУ ЖАСАЛА БЕРЕДІ

Қазір балабақша мәселесі өте қиын. Президенттің айтуынша, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады, мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.

«Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар.Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек.

Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек.»-деді мемлекет басшысы.

Иә, балабақша мәселесін елордада біз де өз басымыздан өткерудеміз. Мысалы, былтырдан бері біз астананың орталығынан қазақша балабақша таппай жүрміз. Немеремізді жетелеп алып барғанда, «Бізде қазақ бөлімі істейді» деген екі балабақшадан балаларымызды өзіміз алып кетуге мәжбүр болдық. Өйткені, балаларымыз орысша сөйлей бастады... Сөйтсек, «қазақша бөлім бар» дегені таза көзбояшылық, барып тұрған елді алдау екен.Біз бұл туралы бір жиында Оқу-ағарти вице-министріне ескерттік. Бұл мәселеге алда жеке тоқталып, парламентте көтеретін боламыз. 

Балабақша ашқанда мемлекеттік тілде ашылуын назар аудару керек. 

Сол секілді биылдан бастап, бірінші сынып оқушыларының тек мемлекеттік тілде оқуын ел қатты қолдап, қуана қарсы алды. Жолдауда бұл мәселе де ұмыт қалған жоқ. Бірақ мемлекет басшысына жанындағылар ел талабы тұрғысынан емес, өзге тілде сөйлейтін өздерінің талабы тұрғысынан ақпарат берген бе деген ой қылаң бергенін жасырмаймыз. Негізі, бірінші сынып қана емес, бастауыш сыныптарды түгел мемлекеттік тілде ету – көпшілік ел талабы.

«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.

Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек.

Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек.  

Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн.»-деді президент. 

Бұл жерде мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету мақсатында әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажеттігі халық күтіп отырған зор қолдау. Кеше ғана балалары мектепке барған ата-аналар бір баласына форма мен керек-жарағын алу үшін екі жүз-үш жүз мың теңге жұмсағанын айтып, торығуда.

«Мектептің жаны –мұғалім», «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деп тауып айтқан Алаш арыстарынан сөз қалмаған. 

«Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет.

Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ, ұстаздардың құзырет аясы айқындалады.»-деді президент. 

КӨШІ-ҚОН САЯСАТЫ ӨЗГЕРЕДІ

Демографиялық жағдайымыз жағынан бізге шетелдегі қандастарымызды барынша көптеп көшіріп алу өте маңызды екені белгілі. Енді көші-қон саясаты да өзгермек.  

"Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды. Қуатты ұлттың діңгегі – халық.»-деді Тоқаев.

СОТ ӘДІЛДІГІ ҮШІН ҚАЗЫЛАР САЙЛАНАТЫН БОЛАДЫ

Біздің елде сот мәселесі ең үрделі, ушығып тұрған мәселелердің бірі. Соңғы сөзді айтатын соттың аузы қалай қарап қисаятынына қарап, әділдіктің де таразысы қисайып жататынын ел жақсы біледі. Сол үшін алдымен сот тәуелсіздігі қолға алынуы керек. Сотты халық сайлауы тиіс деп келеді ел. Енді халық болмаса да, қазылар арасында сайланатын болды. Бұл да болса, алға қарай басылған бір қадам шығар деп үміттенеміз. 

«Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек.

Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек. 

Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын. Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн. Ол үшін Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынуы керек. Аталған салаға мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасау қажет.»-деді президент.

ҮКІМЕТКЕ ХАЛЫҚТЫҢ КӨҢІЛІ ТОЛМАЙДЫ

Президент басынан сын арылмай келе жатқан ескі де жаңа үкіметті де қатты сынап өтті.

«Жалпы, ашығын айтуымыз керек, үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді"-деп, Мемлекет басшысы Үкіметке соңғы мүмкіндік қалдырды. Бірақ, үкіметтің алдағы Президент немесе Мәжіліс сайлауынан кейін отставкаға кететіні басы ашық мәселе.

"АҚ ЖОЛ" ПАРТИЯСЫНЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ ІСКЕ АСУДА

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл халыққа Жолдауында да «Ақ жол» партиясы талай жылдан бері талмай көтеріп келе жатқан мәселелер шешімін табуда. Шағын және орта бизнестәі дамыту, кәсіпкерлікте үкіметтік кедергілерді жою, салықтық жеңілдіктер туралы парламентте жүйелі көтеріп келеміз. Мысалы, мұның алдындағы Салық кодексіне Ақ жол» фракциясы қарсы болып, 170 беттен тұратын түзету-мен толықтырулар ұсынған болатын. Осы Жолдауда салық кодексінде бұл ұсыныстар қолға алынып жатқанын қолдаймыз. Қандастар көшінің қарқынын күшейту, мұғалім жалақысы мен беделін арттыру, жастар мен студенттер жатақханасын салу, сот әділдігі мәселелері де партия бағдарласында назар аударылған бағыттар. 

«Бұл ән - бұрынғы әннен өзгерек,

Бұған өзгеше әуен, сөз керек» -деп, дана Шәкәрім бабамыз айтқандай, ендігі мәселе - бұл ел күткен Жолдаудың сөз жүзінде қалмай, нақты іске асырылуы деңіз. Ал ол үшін бәріміз қолдап, қадағалап, қайрат көрсетуіміз керек. 

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні