Қайнар Жұмағожа: Ескі жүйе сарқыншақтарымен жаңа Қазақстан құру – ертегі
2022 ж. 23 тамыз
1361
2
Пайымымша, қазіргі басты өзгеріс – халық өз ойын ашық айтып, билікке араласуында. Осы күнге дейін саясатты билік пен олигархтар «кеңесіп пішті». Енді бұл ортаға Д.Аджемоглу мен Д.А.Робинсонның «Узкий коридор» кітабында жазғанындай халық кірді. Демократияның дәлелі бұл. Әйткенмен, ескі жүйе билігін қолдан бергісі келмейді. Орайы келсе, жон арқадан жонғысы-ақ кеп тұр. Бұған кешегі қаңтар қасіреті дәлел. Қой терісін жамылған қаныпезерлер билікті басып алуды көздеді. Себебі, Президенттің әділетті қоғам құру жөніндегі пайымы «олардың» жоспарын быт-шыт қылды. Рас, саясатта жүрек болмайды. Жуырда тағы да Президентке қастандық жасауға оқталған пасықпейілділер ұсталды. Әлбетте бұл, ескі жүйенің дәрменсіз амалының бір парасы. Әйткенмен, «Олар» (ескі жүйе сарқыншақтары) қасық қаны қалғанша қарсыласатыны белгілі.
Жаңа Қазақстан құру жолында бұл үлкен кедергі. Оны саясаткерлер тұрмақ, қараша халық айқын біліп, байқап отыр. Шіркііін, «ескінің сарқыншақтарын» сүзіп алса ғой деген арман әркімде бар. Одан әбден мезі болды халық.
Ақиқатында, адамдар Президент айтқан әділдікке зәру. Әділет адамға жұмыс істейтін заман орнағанын аңсайды. Жаңа Қазақстаннан соны күтеді Алаш жұрты.
Әрине, құрғақ уәде, бос әңгіме, халыққа берері жоқ бағдарламалар, ештеңе шешпейтін жиындар мен ұранды сөздер – көпшіліктің зығырданын қайнатты. Тіпті, көзінде от ойнатты, ақырында алаңға алып шықты...
Айталық, Үкімет алдында бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 99 пайызды көрсетті деді А.Аймағамбетов. Ал еліміз бойынша 2 млн-ға жуық балапандар балабақшаға зәру.
1,5 млн қазақстандықтар берешегін бере алмай, банктер ізіне түсті. Бейбіт заманда, ел-жұрт аманда банк қызметкерінен қашып, көлегейленіп күн кешу қаншалықты қиын екенін елестетудің өзі ауыр. Неге мұндай күйге түстік? Осы сұрақтың жауабын іздеп әлеуметтік желілерді қопардым. Өзіме қойған бірінші сұрағым: еліміздегі кедейлік шегі.
Несін жасырайын, қынжылған оқиғаға кезіктім. Кедейлік шегі тұрмақ, жұмыссыздар санын ашық айта алмай отыр министрлік. Әлбетте, ол цифрды біледі, шүбәм жоқ. Бірақ жасырып-жауып, бұғып-тыққаны болмаса.
Хош, Менделеев айтқан минералдардың бәрі бар мемлекетте жалаң бұт күн кешіп келеміз. Бұл ақиқат. Егер де бәріміз бақуатты ғұмыр өмір сүрсек, алаңдарға адамдар толмас еді, қаңтар қасіреті болмас еді. Аналарымыз көз жасын сығып, әкімдіктерге келмес еді, балаларымыз тірідей өртеніп өлмес еді...
Ал Үкімет халық үніне құлақ аспақ түгілі, қос құлағын бітеп алды. Әлеуметтік теңсіздік пен жегі құрт жемқорлық қоғамның қол-аяғын матап тастады. Қанша сілкісе де сыр бермек емес. Ендігі мәселе тамырымен жұлу ғана. Басқа жол жоқ. Бұл тұрғыда «Саяси модернизация жасамай, экономикалық реформа жүргізу мүмкін емес» деп тоқетерін айтты Тоқаев.
Саяси модернизация дегеннен шығады, ескі жүйе сарқыншақтарымен жаңа Қазақстан құру – ертегі. Оны бәріміз біліп отырмыз. Яғни, билікке жаңа буын келу керек. Ата салтын сақтаған, ана тілін ардақтаған, рухы мықты, тәуелділіктен ада буын келу керек! Осылай жаңа құрам жемқорлықпен шындап күрескені абзал.
Шындығы сол, жемқорлықты жоймай – қоғам алға жылжымайды. Кейбірі бар, бұл турасында ой қозғасаң, «Балық басынан шіриді, аяғынан тазаланады» дейтін. Бізге шіріген бастың қажеті не? Өзімен қоймай айналасын да ірітіп тауысады. Сондықтан тазалауды жоғарыдан бастаған абзал.
Бұл ретте 2 жыл ішінде Грузиядағы жемқорлықты жойған Саакашвили бүй деген екен: «Сайлауда жеңіске жеткеннен кейін елдегі барлық құқық қорғау органдарын орнынан алдық.
Прокуратура, Ішкі істер министрлігі, шау тартқан менттер, парақорлар полицейлер тайлы-тұяғы қалмай қызметтен кетті. Грузияның Қауіпсіздік министрлігін (СБУ) алдық та қысқартып тастадық.
Су жаңа Ішкі істер министрлігін құрдық. Дәл осы министрлік Грузияны жылдар бойы билеп-төстеп, білгенін істеген криминалды-коррупциялық жүйенің күлін көкке ұшырды.
Айналасы екі-үш жылда елді түрме «авторитеттерінен» түгелдей тазарттық. Бостандықта жүрген бопсалаушылар, қаптесерлер мен баукеспелердің бәрі абақтыға қамалды.
Тек содан кейін барып жаңа әрі дамыған Грузияның іретасын қалауға көштік».
Рас, әділетті қоғамда ұры-қарылардың орны – түрме. Әйтпегенде, бандыларымен бопсалап, алға қарай қадам аттатпайды.
Демек, құныққан, дәніккен жемқорланған ескі жүйемен біржолата қош айтыссақ қана шынайы реформалар жүргізуге жол ашылады.
Реформа дегеннен шығады, демократиялық қоғамның тағы бір көрінісі – пікір-талас. Болмашы бағдарламаларға үнсіз қол көтеріп келісім беретін «Халық қалаулылары» да жылы креслосынан жалтару керек. Есіңізде болса, 1970 жылдары Испания мемлекеті диктаторлық жүйеден демократияға өткен кезде 18 күн қоғам зиялылары, депутаттар мен қоғам белсенділері пікір-таласқа түскен. Мұндайда қазақ: «Келісіп пішкен тон келте болмас» дейді. Ал бізде әлі де «билік ақылды», айналасы ақымақ дейтін бюрократтық жүйенің «маңдайынан жел есіп» тұр.
Түмен ойдың түйіні: экономика тамырына қан жүгіртіп, етек-жеңімізді жинаймыз десек, тез арада саяси реформа, түбегейлі ауыс-түйіс қажет-ақ. Өйткені, әлем алай-дүлей. Минут тұрмақ, секунд санап құбылып барады. Бұл батыл шешім қабылдау мен оңтайлы өзгерістерге бейімделуді міндеттейді. Әйтпегенде, құс қанатындай сусылдаған заманның ағысына ілесе алмасымыз анық.
Қайнар Жұмағожа,
Қазақ үні