ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ ГАЗ САЛАСЫНА СЕРПІН БЕРДІ
2022 ж. 20 тамыз
1547
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі орын алған қаңтар оқиғасынан кейін әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізгені белгілі. Қазақстан Президенті елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының артуына байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, сондай-ақ «Қазмұнайгаз» бен «Қазақгаз» кәсіпорындары кінәлі екенін айтқан болатын.
Осы кездесуде мемлекет басшысы өзінің былтыр маусым айында, Маңғыстау облысындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» базасында сұйытылған газ өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысын сынға алып, осыған жауапты сала басшыларына ескерту жасаған-ды. «Қазіргі уақытта жобаның тек техникалық-экономикалық негіздемесі ғана дайындалған. Оны қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Екіншіден, сұйытылған газды тарату және саудаға шығарудың қазіргі тәртібі пысықталмаған. Электронды сауда барысында бағаның өсуін шектеу тетіктері қарастырылмаған. Нәтижесінде Энергетика министрлігі электрондық сауда бойынша жедел әрекет етіп, оны ауыздықтай алмаған» – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аталған саланы реформалауға қатысты жүйелі әдістің жоқ екенін айтып, еліміз газ және газ өңдеу салаларында инвестициясыз тіпті газсыз қалуы мүмкін екенін ескертті. «Сондықтан жүйелі, бірақ ойластырылған және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын реформалардан басқа жол жоқ. Алдағы уақытта газ саласын сапалы түрде қайта қарап, ішкі нарықты тауарлық газбен толыққанды қамтамасыз ету керек» – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Президент жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірнеше шараларды іске асыруды жүктеді. Оның қатарында монополияға қарсы органға сұйытылған газдың бағаларын жарты жылға уақытша бағалық реттеуді енгізуді, облыстарда халық үшін шекті бағалар өткен жылдың соңындағы баға деңгейінен асырмауды, Үкіметке сұйытылған газды электрондық сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға шегеруді, осы кезеңде нормативтік-құқықтық базаны мұқият әзірлеп, сауда алаңдары жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету, бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізу, Бас прокуратураға бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді қатаң тапсырды.
Одан бері де жарты жылдан аса уақыт өте шықты. Газ бағасын көтермеу шарасы жыл соңына дейін ұзартылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай газ саласын дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр, өңірлерді газдандыру жұмыстары қалай жүргізілуде, көгілдір отын тапшылығы мәселесін жою үшін қандай шаралар іске асырылды? Бұл еліміздің барша тұрғындары үшін маңызды сұрақ.
Қазақстанның мұнай-газ саласы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін айқындайтын жетекші салалардың бірі екені белгілі. Елімізде өзге отын түрлеріне қарағанда анағұрлым қолайлы және экологиялық жағынан таза газға деген сұраныс жыл санап өсіп келеді. Осы саланың белгілі сарапшыларының айтуынша, 2030 жылға қарай газ өндірісі 6,7 млрд. текше метрге ұлғаяды деп болжануда. Бүгінгі күні елді мекендендерді газдандыру деңгейі 58 пайыз шамасында екен. Бұл еліміздің жартысына жуығы әлі де газсыз отыр деген сөз. Көгілдір отынмен тұрғындарымызды толықтай қамтамасыз ету үшін алдымен оның жеткілікті қоры болуға тиісті.
Кейбір деректерге жүгінсек газ қоры бойынша Қазақстан әлемдегі елдер арасында 22-орында, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейінгі 3-орында тұр. Қазақстанның табиғи газ қорларының басым бөлігі елдің батыс бөлігінде орналасқан. Көгілдір отын өндірудің 90%-ын Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз және Жаңажол кен орындары қамтамасыз етеді. Осындай мол мүмкіндіктерге байланысты Қазақстанның газ саласы отандық экономикада қарқынды өсіп келе жатқан салалардың бірі болып есептеледі. Газ өндіру көлемі артып, газ құбырларының желісі жылдан жылға көбейіп келе жатқаны да рас. ҚР Энергетика министрлігінің дерегі бойынша 2021 жылы газ өндіру 53,8 млрд. текше метрді құраса, ал 2022 жылға – 54,5 млрд. текше метр жоспарланған.
Бізде республика бойынша 79 газ өндіруші компания бар, олар газбен ішкі нарықты және экспорттың қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. РИА Rating сарапшыларының мәліметінше, халық үшін газдың қолжетімділігі рейтингінде Қазақстан әлем елдерінің арасында бірінші орында тұр екен. «Мұнда орта деңгейлі тұрғын өзінің орташа айлық жалақысына 8,6 мың текше метр газ сатып ала алады. Қазақстанда жалақы жоғары емес, дегенмен рейтингтегі өзге елдермен салыстырғанда газ бағасы арзан. Екінші орында – Ресей, мұнда әр тұрғын 7,4 мың текше метр газ сатып ала алады»,- делінген сарапшылардың мәліметінде. Демек елімізді газбен қамтасыз етуге толықтай мүмкіндіктер бар, тек соны іске асыра білуіміз қажет.
Мамыр айында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов елімізде 1700-ден астам елдімекен немесе 11 миллионнан астам қазақстандық табиғи газбен қамтамасыз етілгенін айтқан болатын. «Әлемдік талдау энергия көздерінің басқа түрлерін өндіру мен тұтынуға қарағанда газ өнеркәсібі озық қарқынмен дамып жатқанын көрсетіп отыр. Қазақстанда да дәл осындай жағдай. Мәселен, 2017 жылы еліміз шамамен 14 млрд. текше метр газ тұтынса, 2021 жылы оның көлемі 19 млрд. текше метрге жақындады. Өткен жылдың өзінде ғана 3600-ден астам өнеркәсіптік нысан газға көшірілді», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.
Осы отырыста келтірілген деректер бойынша соңғы 5 жылда ішкі нарықта газ тұтыну көлемі 35%-ға өскен екен. Бұл түсінікті, газға деген сұраныс жоғары. Ал сала басшылары мен сарапшылардың айтуынша алдағы уақытта тұтыну көлемі тағы да 20 млрд. текше метрге дейін артады деп болжанған. «Газдандырылған елдімекендердің жалпы саны 1700-ден асады. Осылайша, 11 млн-нан астам қазақстандық табиғи газға қол жеткізді. Бұл тұрақты өсім көрсетіп отырған газ саласының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алатынын көрсетеді», - деді Әлихан Смайылов. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәліметінше, биыл ел өңірлерін газдандыру жұмысына 95 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалады және оның 50,1 млрд. теңгесі бюджетті нақтылау аясында қосымша бөлінген. «Ішкі газ тұтынудың күрт өсуіне және елді одан әрі үздіксіз газдандыру үшін газ тасымалдау жүйесін жаңғырту қажеттілігіне байланысты министрлік «QazaqGaz ҰК» бірлесіп газдандырудың бас жобасын жаңартуды қолға алған. Министрдің айтуынша 2021 жылы 68 мың адамды газбен қамтамасыз ету жоспарланған екен. Жоспар артығымен орындалып, 165,9 мың адам газбен қамтамасыз етілген. Болат Ақшолақовтың дерегінше, 2025 жылға дейін бюджет есебінен 246 ауылды газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінгі күні аталмыш жоспар аясында 187 елдімекенді газдандыруға қаражат бөлінген. «Биыл елді газдандыруға республикалық бюджеттен 45,8 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша 50,1 млрд. теңге қолдау тапты. Нәтижесінде, 133 жобаны іске асыруға 96 млрд. теңге қарастырылған. Бұл 146 мың адамды немесе 93 елдімекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша газдандырудың жоспарланған деңгейі 58,43%-ды құрауы керек», - деді министр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау барысындағы жоғарыда келтірілген үкімет және сала басшыларының мәліметтері әрине көңілге қуаныш ұялатары сөзсіз. Тұрғындарымызды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлардың кемшілігі жоқ, бүгінгі күні нақты атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Сонымен қатар бұл игі істе көлденеңдеп кездесер қиындықтар мен түйіні тарқатылмаған мәселелер де бар сияқты. Бұл туралы «Газ саласын дамыту перспективалары» тақырыбындағы Үкімет сағатында Энергетика министрі Болат Ақшолақов 2025 жылға қарай елімізде отандық газ тапшылығы болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның дерегінше, газ тұтыну өсімі шамамен жыл сайын орта есеппен 7%-ға артып отыр. «Елдегі газ саласын дамытудың негізгі тежеуші факторы – бағаны тежеу саясаты. Осыған байланысты 2025 жылға қарай отандық газдың тапшылығы және импорттық ресурстарға тәуелділік туындауы мүмкін. Болашақта тауарлық газдың негізгі өндірушілері Қашаған, Қарашығанақ, Теңізшевройл болып қалады. Оларға тауарлық газ ресурстарының жалпы көлемінің 64%-ы тиесілі», - деп түсіндірді министр. Сұйытылған газға шекті баға белгіленді Қазақстанда жанармай құю бекеттерінде көліктерге арналған сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеуі енгізілді. Жанармай бағасы ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жариялаған «Қазақстан Республикасының аумағында автогаз құю станцияларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге уақытша мемлекеттік баға реттеуді енгізу туралы» бұйрықта көрсетілген. Құжатқа сәйкес, жанармай құю станцияларында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары аймаққа байланысты литріне 50 теңгеден 75 теңгеге дейін бектілген. Белгіленген шекті бағадан асып кеткен жағдайда жанар-жағармай құю станцияларына ұйғарым беріліп, орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Еліміздің тұрғындарын газ отынымен қамтамасыз етуде министр айтқан мәселеден басқа тағы бір қиындықтарды айта кеткен жөн. Қазір оңтүстік және батыс аймақтардың басым бөлігіне газ жеткізілді деуге болады. Енді орталық аймақтарды қамтып, солтүстік өңірлерге қарай бет бұрды. Өкініштісі, газ жүргізудің қымбатшылығына орай кейбір қарапайым, әлеуметтік жағынан нашар қамтылған отбасылар үйінің қасынан өтетін газ құбырларын пайдалана алмай отыр. Оған ортаға кірген делдал компаниялардың бағаны көтеруі себеп болып отырған секілді. Жергілікті әкімдік тарапынан бұл бағытта көпбалалы, мүгедектерге көрсетілетін материалдық қаражат жеткіліксіз болып отыр. Алдағы уақытта осыны да ескерген жөн. Тұрғындар түгелдей көгілдір отынмен қамтылса, оны пайдаланудың барысында шыққан шығын қайтады емес пе? Сондықтан тұрғындардың кейбір топтарына жеңілдік қарастырылса, қолға алған мемлекеттік жоспар да толықтай іске асар еді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Үкімет еліміздің газ саласын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ке¬шенді жоспарын бекітті. Кешенді жоспар Қазақстан Республикасының 2030 жыл¬ға дейінгі мерзімге арналған газ саласын кезең-кезеңімен рефор¬ма¬лау мен кешенді дамытудың нақты бағыты мен негізгі тәсілдерін белгіледі. «QazaqGaz ҰК» АҚ тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту, ішкі газ нарығын, газ транзиті мен экс¬портын, газ химиясы мен терең өңдеуді дамыту, инвестициялық және операциялық тиімділікті арттыру жөніндегі жұмыстарды қамтитын Кешенді жоспарды жүзеге асыруға қатысатын болады. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы газ барлау және өндіру секторындағы теңгерімделген активтер портфелін қалыптастыру мен ірі жобалар үшін және жер қойнауын іске асыру құқығына ие болады. «QazaqGaz» қолданыстағы газ өңдеу зауыттарының қуатын жүктеуді қамтамасыз ету үшін газ өңдеу жобаларындағы рөлі артады. Әрине ірі жобаны асыруға белгілі бір мекеменің нақты жауапты болғаны дұрыс.
Бұл ұлттық оператор газ өндіру бойынша неғұрлым дайын жобаларды іске қосу және газды өңдеу көлемдерінің ұлғаюы есебінен 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісін 15 млрд текше метрге өсіруге болатынын айтып, ішкі нарықты дамыту үшін компания 2030 жылға қарай газдандыру деңгейін 65%-ға дейін ұлғайтып, шығынсыздыққа қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, компанияны IPO-ға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кешенді жоспардың қабылдануы газ нарығын реттеуге, инвестиция тартуға, тауарлық газ өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік ашады. Осы жоспарларды іске асыру нәтижесінде тұтынушыларды үздіксіз және қауіпсіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етеді деген сенім бар.
Болат ҚАЗЫМБЕК