ҚОШ БОЛ, ҚАЗАҚТЫҢ НАР ТҰЛҒАСЫ!

ҚОШ БОЛ, ҚАЗАҚТЫҢ НАР ТҰЛҒАСЫ!

Бүгін Қазақ Елі Қазақтың нар тұлғасы Балташ Тұрсымбаевпен қоштасты.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерімен қоштасуға арналған қаралы жиын Алматыда, Ғалымдар ордасында өтті.

Жиынды белгілі ғалым, қоғам қайраткері Оразалы Сәбден жүргізді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтуы оқылды.

Алғашқы болып қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров сөйледі. Толқып тұрып, толғана сөйлеген Тоқтар батыр Балташ Тұрсымбаевтың қайсар да, қайратты тұлғасы туралы әсерлі сөз айтты.

Тоқтар Әубәкіров те турасын айтып, билікке жақпай, жұмыссыз қалғанда Балташ ағамыз келіп көлігінің кілтін ұсынған:

-Мен жаяу жүрмеймін, таныстарым көп. Ал сенің жаяу жүргеніңді халық қаламайды!-деп айтқан екен.

Көрдіңіздер ме, көк аспанды самғап, ғарышты шарлап келген қаһарман енді қара жерде қаражаяу қалмасын деп, астындағы атын түсіп берген. Бұл үлкен жүрек, зор азаматтықтың белгісі.

Сонымен қатар Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, академик Баян Рақышев, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай, жерлестері атынан Ғазиз ақсақал сөйледі.

Президенттің өзі көңіл айтып жатқанда, кезінде бір емес, екі рет Үкімет басшысының орынбасары болған Балташ ағамыздың қазасына Үкіметтен бір өкіл келіп көңіл айтпағаны көңілге кірбің түсірді…

Қазақ халқының жарқын болашағы үшін, Әділетті Қазақстан үшін күресіп өткен Балташ Тұрсымбаевпен қоштасуға ел көп жиналды. Залға сыймаған біраз ел сыртта тұрды.

Балташ Молдабайұлы Кеңсайға жерленді.

Қош бол, Қазақтың нар тұлғасы!

Пейіште рухыңыз шалқи бергей!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні