ҚАЗАҚСТАН ӘСКЕРІ ТУРАЛЫ БЕС ФАКТ
2022 ж. 20 шілде
1368
0

Қарулы күштер дегеніміз не?
«Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы» заңға сәйкес Қарулы Күштер Қорғаныс министрлігіне бағынысты барлық бөлімдер мен мекемелер болып табылады:
- құрлықтағы күштер;
- әуе қорғаныс күштері;
- теңіз күштері;
- әскери оқу орындары және т.б.
Олардың негізгі міндеті – халықты Қазақстанға жасалуы мүмкін агрессиядан қорғау, мемлекеттің тұтастығын сақтау, мемлекеттік және әскери нысандарды, әуе кеңістігін қорғау.
Неліктен Қазақстанда 7 мамырда Отан қорғаушылар күні тойланады?
Өйткені тәуелсіз Қазақстанның қарулы күштері 1992 жылы 7 мамырда құрылды.
Қазақ армиясының әлемде алатын орны қандай?
Global Fire Power рейтингінде Қазақстан 142 елдің арасында 64-орында. АҚШ, Ресей және Қытай көш бастап тұр.
Зерттеушілер 50 факторға негізделген рейтинг жасады. Олардың ішінде:
қорғанысқа бөлінген қаражат;
әскер саны;
танктердің, кемелердің, ұшақтардың, тікұшақтардың және басқа да әскери техникалардың саны.
Қазақстан қандай әскери одақтарға мүше?
Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) және ТМД елдерінің бірлескен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің мүшесі.
ҰҚШҰ елдері келісім аясында кез келген агрессиядан, табиғи апаттардан немесе халықаралық лаңкестіктен қорғауда бір-біріне көмектесуі керек. Мәселен, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаевтың өтініші бойынша Қазақстан аумағына ҰҚШҰ-ның 2,5 мың бітімгері кірді. Бұл ұйым 1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанына қарамастан, ҰҚШҰ күштері қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бірінші рет қатысты.
Біріккен Әуе қорғанысы жүйесіне кіретін елдер ТМД-ның әуе кеңістігін бірлесіп қорғайды және бақылайды.
Қазақстанда қанша әскери қызметкер бар?
2021 жылға қарай елде 135 000 әскери қызметкер болса, оның 7 300-і әйелдер.
Әскери қызметшілер болып әскери міндеттілер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, сондай-ақ арнайы әскери оқу орындарының студенттері жатады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 900 мыңға жуық адам әскери борышын өтеген.
Қазақ үні