Тәрбие жұмыстары арнаулы білімге ие педагогтар арқылы жүрізілуі тиіс - Колледж оқытушысы

Тәрбие жұмыстары арнаулы білімге ие педагогтар арқылы жүрізілуі тиіс - Колледж оқытушысы

Тәрбие – жеке тұлғаның адамдық бейнесін, ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдеу мақсатында жүргізілетін жүйелі процесс. Бесік тәрбиесі, балдырған тәрбиесі, өрен тәрбиесі, жасөспірім тәрбиесі, жастар тәрбиесі бір-бірімен жалғасып, өз ерекшеліктерімен жүзеге асырылады. Тәрбиенің мақсаты адам бойында ізгілік, инабаттылық қасиеттерін және тіршілікке қажетті дағдылар қалыптастыру екені түсінікті.

Қазақ елінің қазіргі даму кезеңі қоғам өмірінің барлық саласындағы терең өзгерістермен сипатталады. Осыған орай қазіргі заман адамға: өз іс-әрекетіне жауапты болу, әлеуметтік өзгерістер жағдайына тез бейімделе отырып, байыпты шешім қабылдай білу және т.с.с. жаңа талаптар қоюымен ерекшеленеді. Сондай елеулі өзгерістердің бірі – демократиялық-құқықтық мемлекет құру міндетін шешу. Мемлекеттік саяси-құқықтық қайта құрудың маңызды құрамдас бөлігі – адамның құқықтық мәдениетінің деңгейін көтеруге тікелей тәуелді. Өйткені құқықтық мемлекетке азаматтардың жоғары саяси және құқықтық білімділігі, құқық бұзушылыққа қарсы тұра білу қабілеттілігі мен дайындығы тән.

Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет ретінде дамуы әрбір азамат бойына құқықтық құндылықтарды сіңіріп, құқықтық сананы қалыптастырудан көрініс береді. Өркениетті қоғам үшін қымбат қазына – адам, адамның бостандығы мен өмірі десек, бүгінгі жас ұрпақтың осы қымбат қазынаны бағалай білуі аса маңызды. Сол себептен құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы да осыдан басталады. Оны қалыптастыру үшін жүйелі де мазмұнды тәрбие қажет. Осыған орай, құқықтық тәрбиенің мақсаты – оқушыны мемлекет заңдары мен қоғамда өмір сүру ережелерін құрметтеуге, қоғам заңдылықтарын бұзуға төзбеушілікке, қоғамдық тәртіпті сақтауға тәрбиелеу. Тұлғаның аталған сапалары болашақ қоғам азаматының құқықтық мәдениетінің мәнін құрайды. Құқықтық мәдениет қамтамасыз етілмеген жерде шынайы бостандық пен жеке тұлғаның қауіпсіздігі, азаматтық белсенділіктің болуы мүмкін емес. «Өркениетті қоғамда құқықтық мәдениет – әр адамның жалпы мәдениетінің қажетті бөлшегі, әрбір лауазымды адамға қойылар кәсіби талап.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында «Біздің Республика өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп бекітілген. Өркениет пен мәдениеттiң маңызды құбылысы ретiнде құқық мемлекеттiң жағымсыз iс-әрекеттерiне заңды түрде тосқауыл қоя отырып, адамның табиғи тарихи еркiндiгi мен бостандығының жанашыры, гаранты рөлiн атқарып отырады. Сөйтiп, адамға оның жан-жақты еркiн дамуына, қысылмай ыңғайлы өмiр сүруiне кепiл болады. Осы тұрғыдан алғанда, құқық – қоғамдағы ең негізгі және маңызды қатынастарды реттейтін, қоғамға пайдалы әрі қажетті қатынастардың дамуына жол ашып, қорғап, қоғамға зиянды қатынастарды шектеп, тыйым салатын құрал ретінде адамдардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарының қоғамдық мүддеге, белгіленген тәртіпке, қабылданған заңдарға сай келуін талап етеді. Сондықтан қоғамның дамуы әрбір адамның өз құқықтары мен еркіндіктерін жүзеге асыра алатын мүмкіндіктерінің болуы арқылы көрініс табатын болса, ол мектеп қабырғасынан бастап қалыптасқан құқықтық тәрбиеге тікелей байланысты.

Жасөспірімдер өздерінің жалпы психофизиологиялық даму ерекшеліктері негізінде, ересектермен салыстырғанда өзге адамдардың ықпалына оңай түседі. Формальды емес топтың «лидері» ересектермен салыстырғанда жасөспірімдерге әлдеқайда көп ықпал етеді. Бұл жағдайда қылмысты болдыртпау, әрі оның алдын алу үшін әрбір топтағы «лидер» тұлғасын, оның топ мүшелеріне ықпал ету тәсілдерін және топ мүшелерінің «лидерге» деген қатынасын ескере отырып, дифференцияланған ыңғайда қарау қажет. Мұндай жасөпірімдерді ұжымдық әрекеттің қандай да бір түріне тартқан кезде жасөспірімге басшылық етуші жетекші, бастапқы уақытта сол жасөспірімнің өзі қалаған, оны орындаудан қанағаттану сезіміне ие болатын, әрі қоршағандарға өзін танытуға мүмкіндік алатын әрекетке тартуы тиімді.

Басқаша айтқанда, жасөспірімнің өзі жасөспірімдердің тікелей қызығушылығын парыз, міндет сияқты сезімдердің дамуын қатамасыз ететін, қарапайым еліктеу, қызықтыру сияқты тапсырмалармен толықтырып отыруы аса маңызды. Ескерте кететін жәйт, мұндай жасөспірімдерді ұжымдық әрекетке тарту арқылы ғана жағымды ықпал ету мүмкін, сонымен қоса қылмыстық топ құруына және осындай топқа бірігуіне жол бермеу жолдарын қарастыру қажет. Жасөспірімдер өздерінің психофизиологиялық қасиеттерінің толық деңгейде дамып-жетілмеуі және тұрақсыздығы негізінде, ересектердің және де тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың белсенді, мақсатты және қатаң түрде жүргізілетін қайта тәрбиелеу жұмыстарынсыз өз сана-сезіміндегі және жүріс-тұрыс әрекетіндегі кемшіліктерді өз бетінше шеше алмайды.

Сондықтан да жастар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік қызметтер кешенін, оның ішінде, әлеуметтік-психологиялық көмек орталықтарын, наркологиялық қызметтер, жасы кәмелетке толмаған құқық бұзушыларға арналған әлеуметтік сауықтыру мекемелерін, заңдық көмек беру және демалыс орталықтарын жер-жерлерде көптеп құру өзінің тиімді нәтижесін берер еді. Қазақстан тәуелсіздікке ие болғаннан кейін егемен мемлекет пен оның азаматтарының өміріне тікелей тірек болатын барша құқықтық негізді қайта құру қажеттігі туды.

Жасөспірімдік кезеңдегі дағдарыс – балалық шақтан ересектік өмірге өту шегі. Дағдарыс қанағаттандырылуы күрделі жаңа қажеттіліктердің туындауымен сипатталады.

Дағдарыс себептері:

1. Сыртқы факторлар: ересектердің үздіксіз бақылауы, қамқорлығы; ал өскелең жастар түрлі мәселелерін өз бетінше шешуге ұмтылады.

2. Ішкі факторлар: ойлағанына қол жеткізуде кедергі жасайтын әдістер мен мінез сапалары ( тыйымдар, әдеттер, ересектерге бағыну әдеті)

Жасөспірімдік кезең – балалық шақтан ересектікке өтетін, үнемі қиын, дағдарыстық қақтығыстық деп сипатталатын адам онтогенезінің күрделі кезеңі. Жасөспірімдердің психикасы жас балалардың да, ересектердің де психикасынан өзгеше. Олар үшін импульсивтік, жоғары әсерленгіштік тән, олар қызбалыққа тез түседі, көңіл-күйі тұрақсыз, өз-өзіне сенімсіздік, өз әрекетінің дұрыстығына жиі күмәндану тән екендігі белгілі. Бұл сияқты құбылмалы психологиялық қасиеттер – жасөспірімдердің қылмыстық жолға оңай түсуіне себепші болады. Мұндай психологиялық қасиеттері негізінде жасөспірімдердің қылмыстық жолға түсуінің алдын алу үшін жасөспірімдердің бойында өзін-өзі ұстай білу, өз әрекетіне бақылау жасау, өз-өзіне, өзінің күшіне, қабілеттігіне сену сияқты сезімдерін қалыптастыру қажет. Әдетте, баламен тәрбие жұмысын жүргізу барысында (отбасында, мектепте және қоғамдық ұйымдарда) оларға өмірдің қандай қиын екендігін онда жақсылық пен жамандық араласып жатқандығы, тек жеңілдіктер ғана емес, қиындықтар да жиі кездесіп тұратындығы туралы айтыла бермейді. Балалар мен жасөспірімдерді жамандықтан үнемі қорғаштап отыру, өмірде кездесіп отыратын қиындықтар жөнінде сөз қозғамау, олардан жекелеген адамдар тарапынан жасалатын бейморальдық және қоғамқа қарсы әрекеттерді, әділетсіздік пен жалғандықты жасыру, мұндай құбылыстар кездескен жағдайда оған төтеп беріп, қажет болған жерлерде шыдамдылық білдіруге, қастандық әрекеттермен күрес жүргізуге тәрбиелемеу олардың тұлғасының әлсіздігіне, қиындыққа шыдай алмай теріс жолға оңай түрде түсуіне қиындықпен бетпе-бет кездескен кезде, олардың бойында өмірден түңілу сезімі қалыптасып, армандары мен сенімдерінің күйреуіне әкеп соғады.

Кез-келген адам өз бетінше әрекет етуге, өзін-өзі реттеуге, тәрбиелеуге қабілетті, өзін-өзі ұйымдастырушы жүйе ретінде таныла отырып, тәрбиелеудің тек объектісі ғана емес, сонымен бірге субъектісі болып танылады. Сондықтан да, баланы жай оқытып және тәрбиелеп қана қою аз. Дәл осы кезеңде жасөспірімдерге психологтың көмегі өте қажет. Сондай-ақ оны өзін-өзі тәрбиелеумен саналы түрде айналысуға үйрету қажет. Стихиялы түрде өзін-өзі тәрбиелеу, сана-сезімнің төмендеуін тудырады, сөйтіп белгілі бір деңгейде қылмыскер тұлғасының қалыптасуына себепші болады және оны түзеуге бөгет жасайды. Ал, саналы позитивті түрде өзін-өзі тәрбиелеу дегеніміз – өмірде алға қойған мақсатына қол жеткізу, әрі жоғары деңгейде әрекет етуге дайын болу қабілеттігі мен қасиеттерін, моральдық және физикалық күштерін, ақыл-ойын дамыту үшін ерікті, белсенді және ғылыми түрде әрекет ету процесі. Осы орайда әрбір психолог жасөспірімге ұжымда және жанұядағы түрлі ситуациялық жағдайларға байланысты, оның бойындағы жақсы қасиеттерін жетілдіріп, ал нашарын тежей білуі тиіс. Балалар мен жасөспірімдердің іс-əрекеттерінің негізгі түрлері – ойын, оқу, еңбек. Барлық жастағы оқушылардың іс-əрекеттерінің ерекше түрі -тілдесу, қатынасу (ортақтасу).

Іс-əрекет сипаты бойынша белсенді (актив) жəне енжар (пассив) болуы мүмкін. Тіпті, титтей ғана сəбидің өзі белсенді тіршілік иесі болып көрінгенді қалайды. Ол жасына қарамай үлкендерге, қатарына қандай да талаптар қояды, төңірегіндегі кісілерге, заттарға, болып жатқан оқиғаларға өз қатынасын білдіруге тырысады. Уақыттың озуымен қоршаған орта жəне тəрбиенің ықпалы арқасында белсенділік көтерілуі де мүмкін, кейде төмендеуі де ықтимал. Мысалы, адам көп жұмыс істеуі мүмкін, бірақ іске құлықсыз, көңілі құламай, орындалуы қалай болса, солай – енжар. Əлбетте, мұндай іс-əрекет адамды жоғары нəтижелерге жеткізбейді. Дамудың тиімді болуы іс-əрекеттің белсенділігіне, көңіл-күй жарасымдылығына тəуелді. Адам таңдаған ісіне жан-тəнімен кірісіп, өзіндегі бар мүмкіндіктердің бəрін іске жұмылдырып, өзін кемелденген тұлға ретінде көрсете білуі қажет. Мұндай қызмет адамға қанағат лəззатын əкеліп, шабыт пен қуаттың көзіне айналады. Сондықтан да, іс-əрекеттің маңыздылығы оның өздігінен ғана емес сол əрекетте көрінетін тұлға белсенділігінің деңгейіне де байланысты. Белсенділік оқу барысында шəкіртке тезірек жəне табысты əлеуметтік тəжірибе топтауға мүмкіндік береді. Оның қарым-қатынас, тілдесу қабілеттерін дамытады, қоршаған болмысқа деген көзқарасын қалыптастырады. Баланың ақыл-парасатты дамуын танымдық белсенділік қамтамасыз етеді.

Бұл үшін балаға танымдық мəселелерді шешуімен бірге игерілген білімдерді практикада қолдану қажеттігі де тəн болуы тиіс. Себебі еңбектегі белсенділік тұлғаны өзінің рухани жəне адамгершілік дүниесін тез арада жəне тиімді қалыптастыруға ынталандырады, оны көп жəне нəтижелі еңбектенуге бағыттайды. Белсенділіктің барша көріністерінің негізінде бір ғана тұрақты дерек көзі- қажеттік орын алған. Жалпы мектептік тəрбиенің өзгерістер ізімен үлгере орындалуы өте қиын, солай да болса, əрқандай тəрбиелік іс мезетінен бір де кешікпей жүргізіліп, келеңсіз салдардың алдын алып отыруы қажет. Тұлғаның дамуы кез-келген əсерден болмайды, солардың ішінде адамның өз қажетіне сай келген, оның тұлғасына жарасымды болған, шынайы болмысқа деген оның жеке көзқарастарына сəйкес ықпал болса ғана, бала дамуы қарқынды жүреді. Тұлғаның белсенділігі дамудың тек алғы шарты емес, оның нəтижесі де. Қоғамдық белсенді, ынталы, шығармашыл жəне өзі мен төңірегіндегі қатысқан адамдардың бəріне бірдей жақсылық пен қуаныш беретін тұлға қалыптастырушы тəрбие əрдайым өз мақсатына жетіп отырады. Жасөспірімдер тұлғасы эстетикалық тұрғыдан оңай бұрмаланады. Мұндай бұрмаланулар кейде олардың қылмыстық жолға түсуіне себепші болуы мүмкін. Сондықтан жасөспірімдер арасында эстетикалық тұрғыдағы тәрбие жұмысын жүргізудің маңызы зор.

Мұндай эстетикалық түрдегі тәрбие жұмыстары арнаулы білімге ие педагогтар арқылы жүрізілуі тиіс. Негізі, эстетикалық тәрбие беру жасөспірімнің бүкіл бейнесіне ықпал ететін болғандықтан, өзіндік ерекшеліктері бар. Эстетикалық тәрбие барысында олардың өмірге деген талғамы мен көзқарасы тәрбиеленіп, кеңи түседі, шығармашылық белсенділігі артады. Ал мұның барлығы, жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстылықтың алдын алуға өз септігін тигізеді. Эстетикалық тәрбиені жүзеге асыруда жастар клубының ролі үлкен. Жастар клубы – қоғамдық белсенділікті арттырудың көзі. Бала өзінің қарқынды энергиясын күш көрсету түрінде көшеде жұмсай алады, ал колледж және отбасы оның мұндай жасөспірімдердің қоғамға қарсы психологиясының қалыптасуында үлкен роль атқарады. Бала бойында еңбекке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру аса маңызды мәнге ие болып келеді.

Өйткені кез-келген жасөспірімді ең әуелі отбасы, одан кейін мектеп және барлық жағдайда еңбек тәрбиелейді. Еңбек ету қажеттілігі болған жерде тәртіптің бұзылуы және жасөспірімдердің қылмыстық әрекеті өте сирек кездеседі. Адамның қоғамдық белсенділігі оқуға, спортқа, көркем өнерге деген қызығушылықты арттырады, сонымен бір мезгілде жат әрекеттерге тежеуіш болады. Жасөспірімдер тұлғасы үшін топ құру, топ болып әрекет ету тән. Жасөспірімдер ересектермен салыстырғанда жалғыз өзі қылмыс жасауға өте сирек баратындығы практикалы жүзінде дәлелденген. Бұдан олардың өз өзіне сенбеуін ғана емес, сонымен бірге, олар туралы түсінігінің теріс бағытқа ие болуына қарамастан, осындай достыққа ұмтылуын да байқауға болады. Әсіресе, соңғы кезде жасөспірімдердің топқа біріге отырып әрекет етуі жиі байқалады. Жасөспірімдер тобында қызығушылық пен еліктеушiлiктiң жоғары деңгейі, топ мүшелерін өз дегеніне көндіру, көңіл күйдің жұқпалылығы, және де мұндай көңіл күйдің қылмыстық акт барысында өзге топ мүшелеріне берілуі байқалады. Жасөспірімдердің кез-келген тобында қандай да бір лидер болатыны бәрімізге белгілі. Бұл жағдай адамдардың, әсіресе, жасөспірімдердің бірдей еместігін, психофизиологиялық қасиеттері, яғни ерік, ақыл-ой, жігер, тапқырлық тұрғысынан әртүрлі болуымен түсіндіріледі.

Ұлт ұрпағының болмыс-бітімін қалыптастыру, дүниетанымын жетілдіру мәселесі отбасынан бастау алады. Әрбір ұлт өкілінің өз ұрпағын өз ұлтының болмысына сай дамытып, жетілдіруі - бұл талдауға жатпайтын мәселе. Әр адам – адамзаттың жеке-дара өкілі болғанымен, өзіндік ерекшеліктері мен дараланады. Тұлғаның дамуы барысында отбасы мен мәдени ортаға лайықты оның дүниетанымы жетіледі. Адамдардың кейбіреулері дүниедегінің барлығы қарама-қайшылықта болады» деседі, енді біреулері «Әлемде үйлесімділік пен келісім болса, даму жоғары деңгейдегі жетістікке жетеді» деп тұжырымдайды.

Адамның сан қырлы әлемін танып-білуді, ұрпақ өмірге келмей тұрып, ана құрсағында бастау алатынын, яғни, болмысы қалыптасу үшін қам-қарекет жасау керектігін әрбір әке-шеше жете ұғынуы қажет. Тұлғаның рухани жетілуі үшін, ең алдымен, рухани саналылықты меңгереді.Тұлғаның рухани санасы өмірдің мәнінің өзінің өмірдегі орнын, өз тағдырын халықтың тағдырымен ортақ деп түсіну қабілетін дамыту, отбасы мүшелерінің арасындағы сыйластық, ұғынысуды сезінуі абзал. Психолог-мамандар ата-аналарға сәби дамуының бастауы мына факторлардан тұратынын ұғындырса тиімді болады. Олар: биологиялық -туа және жүре-бара берілетін ерекшеліктер; әлеуметтік - бала өсіп жетілетін рухани орта. Баланың ата-анасымен осы жұмыстарды жүргізе отырып, нәтижесін білу үшін психологиялық-педагогикалық мінездеме құрастыру қажет. Бұл диагностикалық кестеде әр баланың пәндер бойынша үлгерімі, материалды қабылдауы, ойын дәлелдеуі, ұштастыра білуі, этикалық, эстетикалық талғамы, қабілеті, өз ісіне жауапкершілігі көрсетіледі. Осы мақсатта, біздің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университеті колледждінде әр апта, «Жас ұрпақ тәрбиесі заңдылықтың қозғаушы күші» тақырыптарына арналған, рухани жаңғыру аясында дөңгелек үстел мен түсіндірмелік жұмыстар атқарылып келеді.

Алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар. Сол асулар мен қиындықты жеңу үшін білектің күші мен найзаның ұшы керек емес. Оған тек жүрек пен білім, талант пен талап керек. Қазақ елінің абыройын асырып, мерейін үстем етер, әлем таңғалар, талай-талай жаңалық ашар білімділер керек. Осынау Тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді жарқын болашаққа жалғайтын, Қазақ елінің сол ертеңі үшін жауап беретін ұрпақ екенімізді жіті сезінуге тиіспіз.

Нұрлыбек Досыбай,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжінің оқытушысы