ҚАРАҒАЙҒА ҚАРСЫ БІТКЕН ҚАЙРАТКЕР ЕДІ…

ҚАРАҒАЙҒА ҚАРСЫ БІТКЕН ҚАЙРАТКЕР ЕДІ…

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбай ағамыз да дүниеден өтті деген суық хабар жетті…

Қазақ саясатындағы қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар қайраткерлердің бірегейі еді Балташ ағамыз!..

Былтыр ғана күзде мерейлі жасы - жемісті 75 жасымен құттықтау жазып едік…

Мемлекет және қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығының айтулы арысы, саңлақ саясаткер Балташ ағамыздың зор қарымы мен іскерлік дарынын билік, яғни мемлекет жеткілікті пайдалануы керек еді. Билікте жүрсе де, елдің қамы үшін қасқайып тұрып, шындықты айтып жүрді. Әдеттегідей әділін айтқандар секілді орнынан кеткен соң, ауылшаруашылығы арпа мен бидайды айыра алмайтын асфальтта өскен коммерсанттардың қолына түскен еді… Ақыры не болғанын азық-түліктің басым бөлігін шетелден сатып алып, ауадан басқасының бәрі қымбаттап, қиындық қыспағында отырғанымызға қарап біле беріңіз…

Балташ Тұрсымбай әкім, министр, вице-премьер болғанда, өзіндік мықты ұстанымы бар, орнықты ой-пікірін ашық айта алатын қайсар қайраткер, қалыптасқан тұлға еді… Қазіргі қаптаған шенеуніктердей қатып қалған, рельстен шықпай жүретін жәй функционер емес еді… Дәл қазір біздің үкіметке осындай тұлғалар жетіспейді.

Мен қалай парламентке бардым, аспандағы ғарышта бір мәселе болса да, оған жердегі Қазыбек Иса кінәлі деп жамандай жөнелетін жалдамалы жалақорлар тобыры пайда болды. Кәдімгі аттары штатта тіркелген, бұйрық бойынша бірінен соң бірі шығып тұрады кезектерімен... Былтыр көктемде солардың бірі, Балташ ағамызға өтірік “іні” болып жүрген бір пақыр камерасын алып жетіп барып, шатып-бұтып сұрақтар қойып жатты да, ай-шай жоқ, тақырыпқа еш қатысы жоқ мен туралы пікір сұрап, жат та кеп жамандасын…

Сонда Балташ ағамның сұсты қалпымен арандатушының ақымақ сұрағын қайтарып тастап, ақиқатын айтқан үлкен азаматтығына, ешқандай бұрын араласып көрмеген мен туралы жақсы сөзі мен ізгі лебізіне бек риза болдым. 

Ақиқатын айтатын Әділдігі туралы әңгіменің бәрі растығына куә болдым. Солай Балташ ағамыз мені жалақорлар жаласынан қорғап қалған еді…

Балташ ағамыздың “ЕЛ мен ЖЕР” үшін тер мен шер төгіп жүрген зор еңбегін ел жақсы біледі. Арысының нар тұлғасы халқының есінде ерекше асқақтай береді.

Балташ ағамыз тереңнен ойлап, алысқа қарайтын, тарихты да әділ таразылай білетін зиялы тұлға еді. Анау бір жылдары жергілікті әкімдер Түркістанға Ақсақ Темірдің ескерткішін орнатпақ болғанда Балташ Тұрсымбай: “Алтын Орданың құлауына үлес қосқан билеушінің ескерткіші Алтын Орданың мұрагер елі Түркістанда тұруға лайық емес”-деп тоқтатып тастаған деген хабар естіп, разы болған едік.

Әділетсіз билікпен арыстанша алысып өткен Балташ ағамыздың отбасына, туған-туыстарына, қайраткерін қабырғасы қайыса жоқтап жатқан қалың қазаққа көңіл айтамыз!

Алла алдынан жарылқасын!

Пейіште рухы шалқи бергей!

Иманы саламат болсын!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні