ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАН ЕДІ!..

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАН ЕДІ!..

Бұл дүниеге келгенде пәни дүниенің есігін ашқан жан бір күні бақи дүниенің де есігін ашатыны хақ. Яғни, өмірге келген адам - өмірден кететіні, екі есіктен өтетіні белгілі.

Ғабит бауырымыз, аға-досымыз нар тұлғасымен, жайсаң да жайдары мінезімен, жарқырап жүрген қалпымен жалған дүниеден өте шықты. Сәбит ағамыздың өзі жылап тұрып суық хабарды жеткізгенде, төбемізден жай түскендей болды.

Сәбит аға, нар көтере алатын ауыр қайғы берген Алла соны көтеретін күш-қуат та береді. Мұның алдында ғана Тотай бауырыңыздан да айрылып едіңіз. Берік болыңыз, сабыр етіңіз. Алладан үкім келді, өзі берді - өзі алды.

Ғабит бауырымыз елім деген, жерім деген ер еді. Торғайға, өзі туып-өскен ауданына талай рет қаржылай қолдау жасап, көптеген көмегін көрсетіп жүрді. 

Торғай облысы жабылғанда көптеген жұмыссыз қалған азаматтарды жүгіріп жүріп жұмысқа орналастырды.

Көмек сұрап келгенге астындағы жалғыз атын түсіп беретін жаны жомарт азамат еді…

Жақсылығын көргендер жолдастық жолдан тайып кетіп жатса да, кең көңілімен елең қылмай қоя салатын…

Біз ел мен тіл жайын қозғап, Торғай өңірін сөз ете қалсақ, парламентте көтере қалсақ, балаша қуанып, хабарласып, қолдап, қуаттап отыратын.

Алаштың 100 жылдығында, 2017 жылы Торғай өңірінен Ресей полигонына жер берерде мен “Қазақ үні” газетінде “Алаш тойына тарту емес - тажал сыйламақ!..” деген мақала жаздым. Сол кезде сол Торғайда туып-өскен Сәбит ағамыз маған хабарласып, “Мынау мақалаң халықтың қарсылығын күшті көрсеткен дайын үндеу ғой! Президентке жазатын Ашық хатқа айналдырып, қол жинайық!”-деп, өзі бас болып, Олжас Сүлейменовке, марқұм Кенжеғали Сағадиевке қол қойдырды. Сонда белгілі ұлт зиялыларын, әсіресе Торғайлық қаламгер-қайраткерлерді жұмылдыруға Ғабит қатты еңбек сіңірді.

Ғабит еліміздің аты әйгілім жазушысы Сәбит ағасының нағыз демеушісі болды деуге болады. Әлемнің Париж, Мәскеу, Ташкент, Бішгек секілді қалаларындағы кездесулерде өзі қолдау жасап, қасынан табыла білді. Өзіміздің Олжас Сүлейменовтен бастап, қай елдің болсын ақын-жазушылары Ғабитті де жақсы көрді. Сондықтан да екі жыл бұрын өткен 60 жасқа толған мерейтойына Мәскеуден, Тәшкен, Бішгектен бастап, шетелдерден де бір топ қаламгерлер құшағын жайып, құттықтап келген еді.

Сондай сапарлардың бірінде, қырғыз ағайындар Сәбит Досановқа “Алтын қалам” сыйлығын тапсыруға арнайы шақырғанда Бішгекке Ғабит өзі жол бастап барды. Барлық жерде, кедендерде кедеогісіз өту, кездесулердің бәрін ұйымдастырып, сапардың сәтті өтуін қамтамасыз етіп жүрді.

Ғабит бауырымыздың қайтыс болғанын естігеннен Ұлы Абайдың өзіне қорған, еліне айбар болған інісі Оспан қайтыс болғанда, жаны күйзеліп отырып, жан бауырына жазған жоқтау жыры еріксіз еске түсе берді:

Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай,

Жасаулы жаудан бұрылмай,

Жау жүрек, жомарт, құбылмай,

Жақсы өмірің бұзылмай,

Жас қуатың тозылмай,

Жалын жүрек суынбай,

Жан біткеннен түңілмей,

Жағалай жайлау дәулетің

Жасыл шөбі қуармай,

Жарқырап жатқан өзенің

Жайдақ тартып суалмай,

Жайдары жүзің жабылмай,

Жайдақтап қашып сабылмай,

Жан біткенге жалынбай,

Жақсы өліпсің, япырмай!-

деп күңіренген еді…

Ұлы Абайдан артық кім айта алсын! Біздің Ғабит бауырымызға да дәл осыны айтуға болады. Өзіңіз де, күйзеліп отырып қоштасу сөзін айттыңыз Сәбит аға! Кеше “Қазақ үні” сайтында жарияларған жоқтауыңызды оқыған мыңдаған жұрт көңіл айтып, жазып жатыр.

Бұл тек Досан әулетінің ғана қайғысы емес, Ғабитті білетін баршаның қайғысы! Елге көңіл айтамыз!

Ғабиттің өзінің ұнатпаған адамдары болған шығар өмір болғасын. Бірақ Ғабитті жақсы білетіндердің оны жақсы көрмегені жоқ деуге болады. Ақкөңілдігінде шек жоқ еді. Екеуміз жақсы сыйластық. Ол менің атымды атамайтын, кездескенде де, телефонмен хабарласқанда да, “Халыңыз қалай Қазақтың ұлы ақыны” деп амандасатын. Кең пейілі мен ақжарма көңілі ғой қайран достың!.. Кейде жиындарда да солай атап отыратын кейбіреулердің шекесі тырысып қалатынын елең қылмай…

Жалпақ әлемге сыймай жүрген жаны жайсаң кеңпейіл, бойы да, ойы да биік Ғабит досымыз Кеңсайдың ең биігіне барып жайғасты… 

Қасиетті жұма күні жамбасы жерге тиді.

Имамның сұрауымен біз де аят оқыдық…

Иә, “достан дұға” дегендей енді оған дұға жасап, құран бағыштағаннан басқа ешнәрсенің керегі жоқ…

Аста сөйлеген, ауылда атасының тәрбиесін көрген кенже ұлы Рүстем: “Әкемізге құдай бойды да, ойды да берді. Бірақ көп ғұмыр бермепті…-деп айтқандай, 62 жасында, пайғамбар жасына жетпей өмірден өтті Ғабит досымыз…

Құдайға шүкір дейік, соңында қалған, қазір қайратты кәсіпкерлерге айналған қос ұлдан Димаш пен Рүстемнен немерелер өсіп келеді. Берік болыңдар бауырларым! Әкелеріңнің ізгі ісін жалғай беріңдер.

Өмірдің барлық ыстық-суығына бірге төзген, қос ұлды қол ұстасып жүріп бірге өсірген жеңгей Жаннаға көңіл айтамыз.

Ғабитті қатты жақсы көретін жеңгесі Құралай апайға, шапқылап жүрген Әділ, Мұстай, Жомарт бауырларына көңіл айтамыз. Жалпы туған-туыс, дос-жаранға көңіл айтамыз.

Өлімге қимайтын, жаны жайсаң жан еді Ғабит досымыз!

Жатқан жері жәннат болып, пейіште рухы шалқи бергей! Біліп-білмей істеген күнәларын бір Алла кешіре гөрсін. Амал дәптерін оң жақтан келтірсін!

Құдай соңында қалған ұрпақтарына, туған-туыстарына ұзақ ғұмыр бергей!

Алла алдынан жарылқасын!

Иманы саламат болсын!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні