ЖҮРЕГІМНІҢ БӨЛШЕГІ, БАҚЫТЫМНЫҢ ӨЛШЕМІ ЕДІ...
2022 ж. 10 тамыз
3868
3
Сәрсенбінің бәрі сәтті емес…Оныншы тамыз сәрсенбінің кешінде сананы сансыратып, жүректі қансыратып қаралы, қайғылы хабар жетті: Алакөлге демалысқа барған Ғабитім пәниден бақиға аттанып кетіпті...
Жүрегімнің бөлшегі, бақытымның өлшемі еді, жанбауырым Ғабитім. Азамат еді аяулы, жақынынан білмейтін жан аяуды. Аспандағы ай мен күндей айналасына үнсіз сәуле шашатын, қиындық келсе жасымайтын, қуаныш келсе тасымайтын сабырлы сырбаз еді, төресі еді жігіттің. 62 жасында атар таңы сөнді, татар дәмі таусылды. Тас кедергі, тасмаңдай тағдыр сексеннен жасым асқанда, денсаулық сыр берген шақта қанды қанжарын қадады жүрекке. Саңсырап, қансырап отырмын, жасқа толы жанарым түк көрмейтін соқырмын...
О, Алла-ай, күні кеше ғана емес пе, бауырмал бауырым Тотайымды алғаның?.. Сол аздай-ақ соққы үстіне соққы бергенің неткенің? Неден жаздым, қай қылығымен жақпадым? Күнәлі болсам кеш мені! Жаралай бермей қансыраған жүректі қалған жақындарымды сақтай гөр!..
Қош бол, қоштасуға қимайтын, тал бесікке сыйса да, жер бесікке сыймаған, жанбауырым Ғабитім.
Сәбит Досанов,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері.
Республикалық “Қазақ үні” газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталы белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сәбит Досановқа туған бауыры Ғабит Досановтың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.
Жаны жайсаң азамат Ғабит Аймұқанұлының пейіште рухы шалқи бергей деп отбасына, туған-туыстарының қайғысына ортақтасады.
Марқұмның иманы саламат болсын!