Әбдуәлі Баешов: Ғылымға соңғы отыз жылда үлкен қастандық жасалды деуге болады

Әбдуәлі Баешов: Ғылымға соңғы отыз жылда үлкен қастандық жасалды деуге болады

Ғылыми жоба байқауынан грант ұтып алу – лоторея билетімен бірдей

Саналы ғұмырын ғылымға арнап, 200-ден астам патенттің авторы болу оңай емес. Ол – Д.В.Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия институты, Электрохимиялық технологиялар зертханасының меңгерушісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбдуәлі Баешов.

Белгілі ғалым NEGE тілшісіне бүгінгі ғылымның жай-күйін тәптіштеп айтып берді.

 – Былтыр «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы қабылданып, оның бір тармағы ғылымды дамытуға арналды. Сіздіңше, елімізде ғылымға және соны жасайтын ғалымға деген көзқарас түзелді ме?

 – Соңғы жылдары ғылымның дамуына біршама көңіл бөлініп жатқан сияқты. Бірақ әлі де жақсарып кеткенін байқаған жоқпын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Ғылым академиясына келіп, ғалымдармен кездесті. Бұл мекеме бұрын қоғамдық ғылым академиясы болса, қазір мемлекеттік Ғылым академиясы жасайын деп жатыр. Бұл дұрыс шешім. Кеңестер одағы ыдырағаннан кейін Ғылым академиясын таратып жіберді. Мемлекеттік мәртебесінен айырып, қоғамдық мекемеге айналдырды.

Бюджеттен ешқандай қаржы қарастырылмайды. Қазір ғылымның жартылай тас-талқаны шықты. Кеңес үкіметі кезінде 40-50 жыл жұмыс істеген ғылыми-зерттеу институттары жабылып қалды. Көптеген лаборатория есігіне құлып салды. Тәуелсіздіктің 30 жылында ғалымдардың жағдайы төмендеп кетті. Олардың жартысына жуығы қаражатсыз жұмыс істеді.

Мысалы, үш жыл болды, біздің институттың жартысы жұмыс істеп жатқан жоқ. Бәрі демалыста жүр. Институттың бәрінде осы жағдай. Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры болған, ауылшаруашылығы саласының мықты ғалымы Абай Сағитовпен кездесіп қалғанымда мемлекеттен бір тиын ақша түспейтінін айтып еді. Демек, ғылымға соңғы отыз жылда үлкен қастандық жасалды деуге болады.

  – Басқа елдермен салыстырғанда ғылымға бөлінетін қаржы көлемі де аз. Дегенмен, жылдан жылға артып келе жатқаны көңілге демеу сияқты... 

  – Кеңес одағы құрамындағы мемлекеттердің ғылым саласына қанша қаржы бөлетіні туралы ақпарат оқыдым. Көрші Ресейде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 1 пайызын құйып отыр. Ал батыс елдерінде ғылымға ЖІӨ-нің 5 пайызын бөледі. Қазақстанда 2019 жылы ЖІӨ-нің 0,12 пайызына тең болса, қазір 0,13 пайыз.

Мұның өзі аз. Салыстырмалы түрде айтсам, Тәжікстан ғана бізден төмен екен. Ғылым комитетінің айтуынша, 2025 жылға таман ғылымға ЖІӨ-нің 1 пайызы бөлінеді екен. Ғылымға тиесілі қаражат он министрлікке бөлініп, 1160 грант жобасы, атап айтқанда жас ғалымдардың 315 жобасы және 59 нақты бағдарлама қаржыландырылады дейді.

  – Ал жоба ұсынып, грант ұтып алу тәртібі қалай?

  – Ғылым міндетті бағдарлама бойынша бюджеттен қаржыландырылмайды. Бірақ қазір бәрін байқауға қатыстырып, грант ұтып алатын етіп жасап қойған. Ғылыми жұмысты конкурс негізінде бағалау мүмкін емес. Ғылыми жобаларға баға беретін ұлттық ғылыми кеңес құрылған. Оның жартысы – кәсіпкерлер. Солар бүкіл ғылымның тағдырын шешіп отыр. Олар ғылыми жобаның құндылығына, маңызына, берер пайдасына терең үңілмейді. Шын мәнінде, ғылыми жұмыстың құндылығын білу өте қиын. Оның бағасын осы салада, ғылыми бағытта жұмыс істеп жүрген маман ғана бере алады. Еліміз бойынша осындай байқауға 5 мыңдай ұсыныс түседі екен. Енді қайтсін, ғалымдар тым болмаса осылай ақша ұтып алғысы келеді ғой. Сол 5 мыңнан көп дегенде 100-200 жоба өтеді. Қалғанының бәрі далада қалады. Яғни, ұлттық ғылыми кеңесте отырғандар кімді өткізеді, өздері біледі. Кейде болмайтын жобалардың өтіп кетіп жатқанын көзбен көрдік. Қарағанды қаласында Болат Касеров деген ғалым бар. Сол бұрын цинк элементін зерттеп, шұғылданған. Енді цирконий элементін зерттеймін десе, оған «Бұрын мұнымен айналысқансың» деп қайтарып жіберіпті. Сонда эксперт-маман цинк пен цирконийді айыра алмай, формуласын да жаза алмайды. Міне, сондай адамдар ғылымға баға беріп отыр.

Демек, конкурстан ақша ұтып алу – лоторея билетімен бірдей. Тағы бір айта кететін жайт – конкурстан өту жағын да қиындатып жіберген. Оған қатысу үшін жоба туралы қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазуыңыз керек. Бір ай сонымен жүреміз. Оны біреуге ақша беріп аудартамыз. Жастар жағы өздері-ақ ебін табады, ал біз сияқты ескі көздерге қиын.. Неге десек, «шетелге экспертизаға жібереміз» дейді. Бұл – нағыз жауыздық.

Қазір жобамыздың, идеяның бәрін сонда жіберіп отыр. Оған он, он бес ғұмырымыз кетуі мүмкін. Сосын олар таңдаулысын алып, өздері пайдаланып жатыр. Ешқандай шпионның керегі жоқ. Біздің еңбекті жарамсыз деп тауып, өздері шұғылданып жатпағанына кім кепіл? Ғылымда ең қымбат нәрсе – идея. Бәріміз шетелге жұмыс істеп отырмыз. Сонда не болдық?

Конкурсты өткізу барысында небір күлкілі жайт кездеседі. Шетелде шығатын SCOPUS, Q1, Q2 журналдарына мақала жариялау керек. Бұл арқылы ғылымның құндылығын анықтау мүмкін емес қой. Бәрін цифрға айналдырып жіберген. Q1 75 пайыздан көп, Q2 50 пайыздан кем болмау керек. Ең сорақысы, осы журналдарда мақала шығару өте қиын. Он мақаланың бір-екеуі әрең өтеді. Мақалаң шықпаса, жобаға да қатыса алмайсыз, ғылыми жетекші бола алмайсыз. Осы журналдарға мақала шығару құны – 3 мың АҚШ доллары екен. 1-2 айдың ішінде шығарып береді. Мұндай қаражат қай қазақ ғалымының қалтасында бар дейсіз? Осындай абсурд дүние көп.

Бір мысал айтайын, ертеректе бір жобамызға эксперттің қойған бағасына байланысты, екінші жылы ақшамызды кесіп тастады. Бар сыны – «Басқа ғылыми жұмыстарға сілтемені аз жасапсыңдар» дейді. Біздің зерттеу саласы бойынша бұрын ешкім шұғылданбаса, сілтемені қалай жасаймыз? Олардың пікірінше, біреу сіздің жұмысыңызға сілтеме жасаса, керемет жазған боласыз. Ал сілтеме жасамаса ғалым емессіз.

Қазақстанда айнымалы ток арқылы заттар алумен мен ғана шұғылданамын. Бірақ маған ешкім сілтеме жасамайды. Кабинетте отырып алып, небір бәлені ойлап табады. Қазір шенеуніктер көрсеткішпен ғана жұмыс істейді. Сіз жаңалық аштыңыз ба, бәрібір. Тоқтерін айтсам, мемлекеттік Ғылым академиясы болмаған соң, бұрынғыдай бөлініп жатқан бюджет жоқ. Конкурстың өзі үш жылда бір рет өтеді. Оның өзінің жағдайы анау. Кез келген мемлекетті құрту үшін Ғылым академиясын тарату ғана жеткілікті. Отыз жылда не болды? Тыржалаңаш қалдық қой. Не зауыт, не фабрика жоқ.

  – Министрлікті екіге бөлді. Бұған ғалым ретінде көзқарасыңыз қалай?

  – Жоғары оқу орны мен ғылым бір-біріне жақын ғой. Бір жағынан мұны дұрыс деп ойлаймын. Алайда, одан да жақсы болуы үшін ең дұрысы – Ғылым академиясын бөлек қалдырып, мемлекет қарамағына алуы тиіс.  

   – Соңғы кезде жастар ғылымға келіп жатыр ма? 

   – Бұл салада ақша аз, жалақы төмен. Бір жыл төленсе, келесі жылы жоқ. Жастардың ғылымға келуі жоққа тән. Байқау арқылы грант ұтып алып, бір күні бай, келесі күні кедей болып қалады. Өзім 42 ғылым кандидатын қорғаттым. Солардың көбі басқа салаға кетіп қалды. Тек «жақында бәрі дұрыс болар, ғылымға көңіл бөлінетін шығар» деп үмітпен шыдап жүргендер ғана қалды. Енді қайтеді? Отбасын қалай асырайды? 1976 жылы ғылым кандидаты дәрежесін қорғадым. Ол кезде 250 рубль алатын едім. Бұл деген облыстық атқару комитетінің бірінші хатшысының жалақысы. Ал ғылым докторы 450 рубль алды. Сол үшін ғалым бүкіл саналы ғұмырын арнап, жанын салатын. Қазір ғылым кандидаты, доктор дәрежесін алып тастаған. PhD докторы деген бар. Бұл бұрынғы кандидаттық диссертацияның жартысындай ғана жұмыс. Үш жылда оқып, сол уақытта қорғауы керек. Әйтеуір үлгеріп, бірдеңе қылып қорғап жатыр. PhD қорғаған он шақты диссертацияның біреуі ғана бұрынғы кандидаттыққа сай келеді. Бұрын ғылым докторы атану үшін ғылымға сіңірген ғылыми бағытыңыз болуы тиіс еді. Қазір деңгейі түсіп кетті.

  – Соған қарамастан ғылым дәрежесін қорғап жатқан ғалымдар көп. Олар ғылымның дамуына қандай да бір үлес қосып жатыр ма?

  – Біздегі ғылым «тез арада ақша тап» дейді. Шынында, ғылымсыз ақша табу мүмкін емес. Бірақ ғылымды ақшаға байлап қою мүлдем дұрыс емес. Әйгілі Ford көлігін ойлап тапқан Генри Форд? «Кім маған өнер тауып, идеясын алып келсе, бір доллар берем» деген. Алдына қаншама идея, жобалар келген. Бірақ ол алғашқыларын ашып, қарамай-ақ жыртып-жыртып қоқысқа тастапты. Сонда досы «Сен жындысың ба? Әуелі қарамайсың ба? Уәде еткен 1 долларды бермейсің бе?» десе, Генри Форд: «Ғылым деген – ізденіс. Қазір бәленбай адамды ізденіске салып қойдым. Көбі талаптанып, бірдеңе жазып әкеп жатыр. Бірақ маған оныншы, жиырмасыншы емес, жүзінші адамның идеясы миллион табыс әкеледі», – деп жауап беріпті. Ал бізге шенеуніктер «үш жылда өндіріске енгіз», – дейді. Үш жылда өрік ағашы да жеміс бермейді ғой. Мысалы, Робинзон Крузо сияқты аралға түсіп қалдыңыз дейік. Әуелі әртүрлі бағытқа жүріп көріп, аралды зерттейсіз. Жүрген сайын жаңа бірдеңе табасыз. Ғылыми зерттеу жұмысы да шамамен осындай. Біз қазір «жер» деген аралда өмір сүріп жатырмыз десек, жер бетінде қаншама минерал, элемент бар. Соның қасиетін егжей-тегжейлі зерттеу керек. Зерттей салып, ақшаға кенелемін деу қисынсыз нәрсе. 

   – Демек, ғылым дамымай, мемлекет дамымайды дейсіз ғой...

  – Әрине, дәл солай. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев техника саласының білгірі болмаса да, өте білімді азамат. Ол талай жыл шетелде дмпломат болып жұмыс істеді. Ғылымға ерекше көңіл бөлетін батыс елдерінің әлеуетін біледі. Сондықтан алдағы уақытта ғылымның дамуына тың серпін қосады деп сенемін. Мысалы, Жапонияны қараңызшы. Онда не мұнай, не металл, не пайдалы қазба жоқ. Теңіздегі балдырдан йод, таза тұз алады екен. Ал, Қазақстанда рудалы металлдар, қазба байлықтары көп. Айталық, темірдің келісі – 50-60 теңге. Содан кәдімгі екі балға жасасаңыз, бұл 1-2 мың теңге болады. Ал балта жасасаңыз – 4-5 мың теңге. Тіпті, көліктің бір деталін жасасаңыз, 15-20 мың теңге табыс табуға болады. Ол ол ма, темір металына аздап хром қосса, сақал қыратын ұстара жасап, нарыққа шығарасыз. Мұның бәрін өндіріске енгізу үшін технология дамуы керек. Ал біз темірді, мұнайды шикізат түрінде ғана сатып жатырмыз.

 – Бүкіл саналы өміріңізді ғылымға арнадыңыз ғой. «​Неге басқа саланы таңдамадым?» деп өкінетін сәттер болды ма?

 – Жоқ, өкінбеймін. Өзім ғылымға берілген адаммын. Кішкентайымнан ғылымға әуес болдым. Індет кезінде бес кітап жаздым. «50 жыл ғылым мен білім жолында» деген кітабым үш мың данамен жарық көрді. Өнертапқыш ретінде 250-дей патентім бар. Мәселен, қазір күннен тоқ алып жатыр ғой. Соған екі айна қоссақ, тоқтың күшін екі есеге дейін арттыруға болады. Екінші, күн сайын қаншама көлік соғысып жатыр. Соны болдырмас үшін қарсы келе жатқан көліктің өзі, жолы көрінсе де, жарығы көрінбейтін амал таптым. Көмір шахтасында да жыл сайын қаншама кенші қаза табады. Бұл апат газ жинақталған жерде болады. Осыған орай газды жинақтауға мүмкіндік бермейтін қондырғы ойлап таптым. Осы құралды таныстыру жөнінде еліміздегі шахта кеншілерімен бір сағат онлайн конференция болды. Біздегілер тек тыңдайды, бірақ ештеңе істегісі келмейді. Ғылымға, техникаға, адамның өміріне деген көзқарас осындай.

Әңгімеңізге рахмет! 

Автор: Динара Мыңжасар, 

Дереккөз: nege.kz