Қазақстанның қорғаныс саласы қандай күйде? - сараптама

Қазақстанның қорғаныс саласы қандай күйде? - сараптама

Еліміздің қорғаныс саласы бүгінде қандай күйде, әскери өмірдегі соңғы елеулі жаңалықтар қандай? Осы сауалға "Қазақ үні" редакциясы жауап беруге тырысып, ҚР Қорғаныс министрлігінің атқарып жатқан жұмыстарын зерделеп көрді.

Сонымен, біз Қорғаныс саласындағы соңғы 5 елеулі жаңалықты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

1

Чехиядан жаңартылған ұшақтар жеткізілді

Чех Республикасынан Қазақстанға жаңғыртудан және күрделі жөндеуден өткен L-39 оқу-жауынгерлік ұшақтары жеткізілді. Олар бұрын мемлекеттік қорғаныс тапсырысының шарты аясында өндіруші зауытқа жөндеуге жіберілген болатын. Модернизациядан өткен ұшақтың жаңа цифрлық және катапульттік жүйесі, объективті бақылауы, байланыс құралдары және тағы басқалары жаңарды.

L-39 ұшағы курсанттарды ұшу техникасына алғашқы үйретуге арналған. Онда оқу орындары мен бөлімдердің ұшу құрамының жаттығулары өткізіледі, әуе нысаналарын ұстау, байланысты жауынгерлік іс-әрекетте қолдану элементтері игеріледі, жерүстіндегі нысаналарды зақымдау іс-қимылдары пысықталады. 

– Курсанттардың ұшу тәжірибесіне пайдаланатын ұшағы осы. Олар үшін дербес ұшу – маңызды. Себебі ұшу шеберлігін игерудің алғашқы қадамы басталады. Бұдай кейін оларға жай және күрделі пилотажға, бағыт бойынша, бұлттарда, төмен биіктікте ұшуға рұқсат беріледі, – деді авиациялық оқу-жаттығу орталығының командирі полковник Азамат Асанов.

Енді жаңғыртылған ұшу аппараттарында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының үшінші курс курсанттары тағылымдамадан өтуде. Ұшу басталғанға дейін болашақ ұшқыштар ұшақтың теориялық және материалдық бөлігін, ұшу жұмысын және ерекше жағдайларда әрекет ету тәртібін реттейтін құжаттаманы зерделеді. Жаңартылған L-39 оқу-жаттығу жауынгерлік ұшағын меңгеруге тәжірибелі ұшқыш-нұсқаушылар көмектеседі.

2

Авиабазадағы ашық есік күні 

Іс-шара екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновтың жүз жылдығын мерекелеу аясында өтті. Әскери бөлімде әскери қызметшілердің балалары мен отбасы мүшелеріне Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің қызметкерлері көшпелі көрме ұйымдастырды. Ұлы Отан соғысы майданында шайқасқан қазақстандық батырлардың қатарында атақты ұшқыш Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов те бар. 

Екі жыл ішінде ол ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен 305 мәрте ұшқан. Оған ең жауапты деген, мәселен, плацдармдарды, жаудың бекіністерін жою секілді жауынгерлік тапсырмалар жүктелді. Қиян-кескі шайқастарда ержүрек ұшқыш жаудың жеті ұшағын атып түсірді. Ол Берлин аспанына бірінші болып барлау жүргізді. Жоғарғы қолбасшылық қазақ халқының батыр ұлына тоғыз рет алғыс жариялады. 

– Бұл әскери бөлімде менің ұлым Рүстем Жүсіпов қызмет етеді. Бізді бөлімнің қызмет жағдайымен таныстырды, тікұшақтарды көрсетті, қызықты әскери тарихты әңгімелеп берді. Мұндай кездесулер біз үшін, әсіресе балалар үшін маңызды. Бұл жерде олар жауынгерлік дәстүрлерге құрмет көрсетіп, соғыс батырларын еске алды. Олардың арасында жерлесіміз Талғат Бигелдинов те бар, – деді әскери қызметшінің анасы Салтанат Жүсіпова. 

Шараға келгендер ұлдары мен отағаларының қызмет ететінін жерлерін көрді. Әскери және әскери-көлік авиациясы тікұшақтарының әр түрі балалардың қызығушылығын тудырды. Оларға тіпті ұрыс машиналарының штурвалында отыруға рұқсат етілді. 

Әуе қорғанысы күштері әскери институтының жас ұшқыш – түлектерінің айтуынша олардың тактикалық-техникалық мүмкіндіктері тәуекелге бел бууға ғана емес, даңқты жолмен осындай күрделі мамандықты таңдағандарға деген құрметті одан сайын күшейтті. 

Дәл осындай қарым-қатынас ұрпақтар арасындағы байланысты арттырып, Отанымыздың әуе шебін қорғауда тұрғандар үшін мақтаныш сезімін тудырары сөзсіз.

3

Әскери бөлімдерде дене шынықтыру дайындығының үздіктері анықталады

Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде дене даярлығын ұйымдастырудан байқау-конкурстың үшінші кезеңі өтіп жатыр. Іс-шара Қарулы күштердің 2022 оқу жылына арналған дайындық жоспарына сәйкес ұйымдастырылып отыр. ҚР ҚК Бас штабының жауынгерлік даярлық департаменті ұйымдастырған байқау-конкурстың қорытындысында биылғы жылдың қыркүйек айында жеті аталым бойынша үздік бөлімшелер анықталады. 

Әскери бөлімдерді аралау барысында мамандар дене даярлығын ұйымдастыру сапасын, спорт кешендерінің, спорт қалашықтарының жай-күйін, құжаттамаларды және әскери қызметшілердің дене даярлығы деңгейін тексереді.  

Бірінші кезеңде биыл сәуір айында Қарулы күштер түрлері бас қолбасшылықтары басқармаларының, қолбасшылықтар басқармаларының тікелей бағынысты бөлімдері және әскери бөлімдердің мекемелер мен жоғары оқу орындары ауқымындағы дене даярлығының жай-күйі зерделенді. 

Екінші кезең барысында, яғни мамырда өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектері, сондай-ақ тыл бастығы және қару-жарақ басқармасы тексерілді.  

Үздік бригада, полкі-жасақ, бригада-полк-батальон, база-полк, әскери оқу орны, қолбасшы басқармасы, дене шынықтыру даярлығы жөніндегі әскери полиция басқармасы үшінші кезеңде айқындалады. 

Осылайша, мұқият іріктеуден кейін және қыркүйек айында нәтижелерді зерттегеннен кейін үздіктер аталады.  

– Жеңімпаздарды таңдау кезінде әскери қызметшілердің дене даярлығының деңгейі, осы бағыттағы құжаттаманың сапасы, оқу-материалдық базаның болуы мен оның жай-күйі де ескерілетін болады, – деді Қарулы күштер Бас штабының Жауынгерлік даярлық департаменті дене дайындығы басқармасының бастығы полковник Алмаз Сағындықов. 

Бұл байқау жауынгерлік және басқа да міндеттерді мақсатқа сәйкес орындау үшін әскери қызметшілердің дене даярлығы деңгейін арттыруға бағытталған.  

Жақсы нәтиже көрсеткен командалар мен әскери қызметшілер кубоктармен және вымпелдермен марапатталады.

4

Қарулы күштердің құрамы кіші командирлермен толықты

Қарулы күштердің құрамалары мен бөлімдеріне Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігі Әскери колледжінің түлектері қызмет өткеру үшін келуде. Жоғары білімді, әскери істің теориясы мен практикасын жетік меңгерген кәсіпқой сержанттар жеке құрамды оқыту мен тәрбиелеудің қыр-сырын меңгеруге кірісіп кетті. Олар күн тәртібіне сәйкес, өз бөлімшелерінің қасында болып, саптық даярлықпен айналысады. 

Бағыныстыларды қаруды меңгеру дағдыларына үйретеді. Жауынгерлік атыстарды орындайды және марш жасайды. Басты мақсат бойларындағы командирге тән қасиеттерді көрсету, бағыныстылар арасында беделді болу және жеке құрамның қажеттіліктерін түсіну білу.

– Он бірінші сыныпты бітіргеннен кейін әскери жетекшінің ұсынысымен Әскери колледжге оқуға түстім. Енді, міне, Қонаев гарнизонындағы десанттық-шабуылдау құрамасына қызметімді өткеруге келіп отырмын. Мұнда бізді өте жылы қарсы алды, тұрмыстық мәселелерді тез арада шешуге көмектесті, – дейді бөлімше командирі гвардия кіші сержанты Альберт Горр.

Жас сержанттарды әскери қызмет жағдайларына тез арада бейімдеу, лауазымда қалыптасуы мақсатында алдағы уақытта оларға оқу-әдістемелік жиындар өткізілетін болады. Сабақ барысында кіші командирлер әскери бөлімдегі қызметті ұйымдастырудың негізгі принциптерімен егжей-тегжейлі танысады.

Жауынгерлік жолын жаңадан бастаған кіші командирлердің көңіл-күйлері жақсы. Олар Әскери колледжде тәртіпке, шыдамдылыққа үйренгенін, оқытушылар мен командирлерінен қажетті білім алғанын атап өтті. 

Бүгінде Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжі кәсіби сержанттарды даярлаудың негізгі орталығы болып табылады. Колледж түлектері Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдардың қатарында табысты қызмет етуде.

5

Десантшылар су қоймасында секіру жаттығуларын орындады

Биыл Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің басшылығымен Алматы, Қонаев және Талдықорған гарнизондарының әскери қызметшілері алғаш рет суға парашютпен секіруді орындады. 

Қапшағай су қоймасында өткен бұл шара жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес жүзеге асты. 800 метр биіктіктен парашютпен секіруге Ми-17 тікұшағы пайдаланылды. Аталған жаттығуларды тәжірибелі нұсқаушы офицерлер де, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер де орындады. Келісімшарт қызметіндегілер үшін бұл әрине, жаңа тәжірибе болды. 

– Парашютпен секіріп суға қону – десантшылардың жауынгерлік даярлығының маңызды бөлігі. Жаттығуды орындарда теориялық, дене дайындықтарына және моральдық-психологиялық көңіл-күйге мұқият болу талап етіледі. Әскери қызметшілерге бірнеше рет, соның ішінде жүзуден нұсқаулық-әдістемелік сабақтар да өткізілді, – деді генерал-майор Алмаз Жұмакеев. 

Суға секіру жаттығуларын ұйымдастыру ережелеріне сәйкес бұл күндізгі уақытта ғана және жағадан белгілі бір қашықтықта өткізіледі. Судың температурасы + 18°C-тан төмен болмауы да ескеріледі.  

Десантшы әуеде парашютпен жерге секіру ережелерін орындаудан басқа, су басқан кезде жаттығуды тез арада орындауға дайындалады. Бұл ерекшеліктер парашютпен секруші десантшыны сенімді әрекет етуге, жинақы болуға, мұқият және суға секіруге дайындық кезінде ұстамдылық сақтауға міндеттейді.  

Десанттық бөлімшелердің жеке құрамы мұқият дайындықтың арқасында берілген оқу-жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орында шықты.