Стратегиялық маңызы бар кәсіпорындар мемлекет меншігіне қайтарылсын
2022 ж. 18 шілде
885
0

Елімізде экономикамызға тікелей ықпал ететін ірі кәсіпорындар жетіп артылады. Олардың бірқатары сонау кеңестік кезеңнен сақталып қалған болса, енді біреулері кейін еліміз егемендік алған соң құрылған өндіріс орындары. Оның біраз бөлігі шетелдік компаниялардың қарамағына берілген. Сол сияқты шетелдіктермен бірлескен компаниялар да бар. Мемлекет қоржынына қомақты қаржы құятын да осы ірі кәсіпорындар болуға тиісті. Олардың Қазақстан эконимкасына қосар үлесі де әртүрлі, сол сияқты жұмыс тәсілдері де әрқилы. Біреулері ашық жұмыс істесе, енді біреулерінің құпиясы тым көп. Сондай құпиясы көп, Үкімет ескертулеріне құлақ аспайтын алып кәсіпорынның бірі – Теміртау қаласындағы «АрселорМитталТеміртау» акционерлік қоғамы.
Бұрындар «Қарағанды металлургия комбинаты» аталған бұл кәсіпорын бүкіл кеңестер одағы бойынша алдыңғы орындардың бірінде болғаны тарихтан белгілі. Қазір де бұл металлургия алыбының еліміз үшін стратегиялық маңызы зор. Тоқсаныншы жылдардың ортасында үндіс бизнесмені Лакшми Миттал жекешелендірудің жабық тендерінде кәсіпорынды басқару құқығын ұтып алып «Испат Кармет» акционерлік қоғамын құрды. 2004-жылы желтоқсан айында «Миттал Стил Темиртау» болып аталып, кейін 2007-жылы 6 қыркүйектен бастап «АрселорМиттал Темиртау» акционерлік қоғамы болып тіркелді.1996 жылы «АрселорМиттал Темиртау» Қарғанды көмір бассейніндегі 15 кеніш пен 12 қосымша қызмет көрсететін кәсіпорындарды сатып алды. Осы аталған жылдарда бұл кәсіпорын өндірістік апаттан көз ашқан емес. Өйткені тек қана табыс табуды ойлаған тойымсыз миллиардер өндірісті қайта жарақтандыру жұмыстарын мүлдем ұмытқан-ды. Ол туралы кезінде түрлі деңгейде үлкен шу болғанмен одан ешқандай нәтиже шығарылған жоқ. Сенатор Сергей Ершовтың Паламентте ««АрселорМитталТеміртауға» қарасты өндіріс орындарында апатты жағдай жиілеп кетті. Соңғы он жылда 23 апат орын алды. Онда 41 адам зардап шегіп, 19 жұмысшы қайтыс болды. 2006 және 2008 жылғы жерасты кенішіндегі апатта 71 кенші көз жұмды. Өндірістен бұрын адамдардың өмірін ойлау керек» деп дабыл қаққаны да үндіс миллиардер Лакшми Митталға маса шаққан құрлы әсер етпеді. Мардымсыз жалақының өзін уақтылы бермегені үшін кәсіпорын кеңсесінде бір жұмысшы өзін-өзі өртеген оқиға да орын алғаны белгілі. Одан кейін жұмысшылардың ереуілі жиілеп кеткен соң сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Лакшми Митталға қарата «Металлургер мен кеншілердің артында мен тұрмын!» деп сұқ саусағын шошайтқанмен үндіс миллиардер оған да ыға қойған жоқ. Президенттің қатаң есекртуін арқаланды ма, үкімет басшысы болған Серік Ахметов облыс басшылары мен құқық қорғау орындарына бұл бұғаусыз кеткен кәсіпорынға тыңғылықты тексеру жүргізуді тапсырған болатын. Сонысы кейін өзіне соққы болып тиген сияқты. Одан соң Серік Ахметов бас уәзірліктен кетіп, соңында түрмеден бір-ақ шықты.
Қатаң тексерулер қытығына тиген Л. Миттал Лондоннан арнайы ұшып келіп Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болды. Митталдың мысы басым түсті ме, әлде атақты үнділік арбағыш сиқырдың бірін пайдаланды ма, әйтеуір барлық жағдайды өз мүддесіне қарай сол кездесуде-ақ реттеп алған секілді. Ел арасында сол жылдары «Бұл алып кәсіпорында Нұрсұлтан Назарбаевтың да үлесі бар. Сондықтан миллиардер Митталға Қазақстанда ешкімнің әмірі жүрмейді» деген өсек-аяң да кеңінен тараған болатын. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайдыға» салсақ, бұл әңгіменің де жөні бар секілді. Бірақ оны тексерген ешкім жоқ, халық көкейіндегі күдікті сейілтуге міндетті билік басындағылар мен құқық қорғау орындары құлаққа ұрған танадай тып-тыныш күйінде қалды. Өндірістегі ескірген құрал-жабдықтарды жаңартуға құлықсыз бұл кәсіпорында осы күнге дейін апаттар орын алып келеді. Биылғы мамыр айындағы өндірістегі қауіпсіздікті тексерулер бойынша «АрселорМитталТеміртау» металлургиялық комбинатында бес жүзге жуық өрескел кемшіліктер анықталды. Тексеруші инспекторлар басқа көмір өндіру сияқты салаларды есептемегенде металл өндіретін 21 нысанның жұмысын тоқтату туралы сотқа арыз түсірді. Өндірісте қауіпсіздік шараларын сақтамағаны үшін компанияға 600 мың теңге айыппұл салды. Әрине бұл сома миллиардтап пайда тауып жатқан алып кәсіпорын үшін 6 тиынмен бірдей екені түсінікті. Тиын-тебенін төлеп, әдеттегідей өз бетінше жұмыс істеуін жалғастыра бермекші. Тағы бір таңғаларлық жағдай өндірісте осыншама апаттар орын алып, адамдардың өмірі есепсіз, жазықсыз қиылып жатса да «АрселорМитталТеміртау» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Вадим Басинге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, «Отан» ордені қоса тапсырылды. Не үшін?..
Елімізде елеулі өзгерістердің болып жатқанын ескерсек «АрселорМитталТеміртауға» тықыр таянуы ғажап емес. Бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланғандай жақында Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Теміртау қаласының өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарын аралағаны белгілі. Үкімет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының №3 домна пешінің жұмысымен танысты, сондай-ақ облыс және кәсіпорын басшылығымен өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылап, бұл кәсіпорынның қауіптілігі аса жоғары өндіріс саласына жататынын атап өтті. Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртауда» аталған проблема өткір болып тұрғанын, ал кәсіпорында жүргізіліп жатқан қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шаралары қалыптасқан жағдайды түбегейлі жақсарта алмай отырғанын ашық айтты. Үкімет басшысының пікірінше, технологиялық процестерді жаңғыртуға, оның ішінде моральдық тұрғыда әбден тозығы жеткен жабдықтарды жаңартуға бөлінген инвестициялар жеткіліксіз. Бұл – өндірістегі апаттық жағдайлардың туындауына әкелетін басты себептердің бірі екенін тағы да еске салды. «Жыл сайын өндірісте 10-12 адам мерт болады. Біз бұл жағдайға көне алмаймыз. Жабдықтардың әбден тозығы жеткен, жаңғыртуға салынатын инвестициялар деңгейі басқа кәсіпорындармен салыстырғанда 2-3 есе төмен. Мұны түзету керек. Инвестиция көлемін кезең-кезеңмен арттырып, ең алдымен, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек», – деді Ә. Смайылов компания басшылығына.
Сонымен қатар Премьер-Министр экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды. Қыста қардың орнына кәсіпорыннан шыққан қара күйе жауатынын, соған байланысты адамдар арасында түрлі аурулар көбейгенін жергілікті тұрғындар жылдар бойы айтып келеді Бірақ өндірістен шығатын зиянды қалдықтар бүгінге дейін азайған емес. Соған қарағанда осы мәселеге қатысты салынатын айыппұлдың мөлшерін жүздеген есе арттыру керек сияқты. Немесе адамдардың өміріне қауіп төндірген кәсіпорында біржолата жабу қажет. «Күн тәртібіндегі экологиялық мәселелер өткір тұр. Мемлекет басшысы біздің алдымызға тиісті міндеттер қойып отыр. Сондықтан бұл мәселе бойынша бірлесіп жұмыс істеуіміз керек», – деді ол. Бас уәзірдің бұл сөзі миллиардер Митталдың маңдайынан сипағанмен бірдей әсер ететінін білеміз.
Ашығын айту керек, Үкімет тарапынан бұл кәсіпорын басшыларына тұрақты түрде сын ескертулер айтылып келеді, ол жағынан кемістік жоқ, бірақ нәтиже нөл. Осы жайында біз де бірқатар сын материалдарды жариялаған болатынбыз. Бұл кәсіпорынның бұқаралық ақпарат құралдарының назарына іліккені кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа ұнамай, «Теңізшевройлға» неге сын айтылмайды деп қалғаны бар. Ал «Теңізшевройл» мен «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының жұмысының айырмашылығы жер мен көктің арасындай алшақ жатыр. Айталық, «Теңізшевройл» өз жұмысын құпияламай ашық жүргізеді. Ресми сайтын ашып қалсаңыз барлық деректер алдыңнан шығады. ТШО-ның қазіргі кездегі серіктестері «Шеврон» – 50%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 20%, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» – 25% және «ЛукАрко Б.К.» – 5%-ға ие екені жазылған. Өндірістегі жетістіктері жалпы жұртқа мәлім. Денсаулық сақтау, өнеркәсіп қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғауға баса мән береді, еліміздің әлеуметтік саласына қосар үлесі де қомақты. 1993 жылдан бастап ТШО өз қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың игілігі үшін Атырау облысының әртүрлі әлеуметтік жобаларына миллиардтаған АҚШ долларын жұмсады. Аталмыш қаржының негізгі үлесі Атырау облысында балабақшалар, мектептер, жол, су жүйесін жүргізуге және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалып келеді.
Тағы бір басты ерекшелігін де айтпасқа болмайды. «Теңізшевройл» компаниясы жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақырып, атқарылған жұмыстары туралы баяндап, алдағы жоспарларымен таныстыруды үрдіске айналдырған. Тіпті журналистердің жол шығынын өтеп, Атырау аймағындағы өндіріс орындарын аралатып, өздері қаржыландырып салғызған көпшілікке арналған әлеуметтік нысандарды көрсеткен болатын. Әрине, шетелдік өндіріс кәсіпорны журналистерге есеп беруге міндетті емес. Бұл іс-шараларын халықтың алдында есеп беру деп түсінуіміз керек. Өйткені қалың көпшілік БАҚ арқылы ақпарат алып, елдегі жағдайлармен жіті танысып отырады.
Енді осыған керісінше мысалды да айта кетелік. Кезінде республикаға таралған «Дала мен Қала» газетінде істеп жүргенде Қарағанды облысына журналистік іс-сапармен барған болатынбыз. Бұл облыс бұрыннан республикамыздағы өндірісі дамыған аймақтардың бірі екені белгілі. Бізде қалыптасқан жаман әдет бар, қайда барсаң да кезінде Алаштың ардақты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров «Біздерде мынандай бар, мынандай бар...» деп жазғандай өздерін журналистердің алдында жақсы жағынан көрсетіп, кемшіліктерін бүгіп қалуға тырысады. Өндірістік тақырып үнемі назарымызда болғандықтан атышулы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына баруды басынан жоспарлағанбыз. Бірақ ол ойымыз іске аспады. Билік партиясы саналатын «НұрОтан» өкілдерінің өзі дәрменсіз болып шықты. Соған қарап билік партиясының үндіс миллиардерге тісі батпайтынын байқадық. Жиі апат болатын шахтаға түсу жоспарымызға «Абай қаласынан кеніштің жіберген көлігі жолда сынып қалыпты» деген сылтау айтты. Ал атақты комбинатты көру үшін Теміртау қаласына арнайы келгенімізбен есігінен де сығалатпады. Есесіне Теміртаудағы Нұрсұлтан Назарбаев мұражайына алып барды. Ол да керек шығар, қаланың тарихын білген артықшылық етпейді. Мұражаймен жақынырақ танысқанда аты әлемге әйгілі Қарағанды металлургия комбинатын Н. Назарбаев жалғыз өзі тұрғызып, елімізге аса қажет миллиардтаған тонна темірді жалғыз өзі балқытқандай әсер аласыз. Алдында айтқанымыздай, келтірілген осы екі мысалдан еліміздегі ірі кәсіпорындардың жұмыс тәсілдері әртүрлі екенін байқаймыз.
Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Ел экономикасын тіреп тұрған алып кәсіпорын болса да ол алдымен Қазақ жерінің байлығын игеріп жатқанын есте ұстауға тиісті. Шетелдік, бірлескен немесе өзіміздің иелігіміздегі компания болсын алдымен біздің еліміздің заңын сыйлауы керек. Шетелдік компаниялар өз қызметкерлеріне қарағанда қазақстандық жұмысшыларға жалақыны он есе аз төлеп, өз елінде өгей ұлдың күйін кешіруі – бізді басынғандығының бірінші белгісі. Олар біздің елмен жасалған келісім-шарттарды мұқият орындауға міндетті. Ал сол келісім-шарттар еліміздің мүддесіне орай жасалмаса оған алдымен билік кінәлі. Шетелдіктерге көбірек жеңілдік жасау арқылы үстінен пара алып, еліміздің мүддесіне қарсы жұмыс істегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылуға тиісті.
Еліміздің егемендік алғанына отыз жылдан асты. Отыз жыл аз мерзім емес. Осы уақытта жер асты мен үстіндегі байлықтарды өзіміз-ақ игеретіндей уақыт болды. Қазір мамандарға тапшылық жоқ. Алғашқы кезде қаржыдан қысылғанмен, бүгіндер озық үлгідегі құрал-жабдықтарды сатып алуға мүмкіндіктер бар. Бұл тек қана шетелдіктер басқаруындағы компанияларға ғана қатысты мәселе емес. Құлқыны кең өзіміздің жемқорлар да еліміздің дамуына кедергі келтіруде. «Қазтелекомның» ірі акционері Қайрат Сатыбалды қомақты қаржыны шетелге алып кетпекші болып жатқанда ұсталғанын білесіздер. Қазақстанның байлығын пайдаланып, арам жолмен тапқан ақшаларын шетел асырғандар жүздеп, мыңдап саналады. Сондықтан еліміздегі стратегиялық маңызы бар барлық кәсіпорындарды мемлекет меншігіне қайтару қажет. Атазаңымызда жер мен оның барлық байлығы халыққа тиесілі екені тайға таңба басқандай анық жазылған. Олай болса сол заңды орындауға бәріміз де міндеттіміз.
Зейнолла АБАЖАН