ЕЛ БАЙЛЫҒЫНДА ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ҮЛЕСІ БАР

ЕЛ БАЙЛЫҒЫНДА ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ҮЛЕСІ БАР

       Ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, келер ұрпағына аманат еткен қазақтың кең-байтақ жері байлығы жағынан дүниежүзінде алдыңғы орындардың бірінде тұрғаны әлемге аян. Алайда сол мол байлықтың қызығын көрудің орнына қарыз қамыты мойынын қажаған қазақ ұлты осы күнге дейін тұрмыстық қиыншылықтың құрсауында қалып отыр. Бар байлықты ел басқарған бір ғана отбасы, оның туыстары мен жанындағы жағымпаз, жемқорлар иемденіп келгені де бүгінгі күні жасырын емес, ол туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Отыз жылдық ұйқыдан оянып, Жаңа Қазақстан құруға бет бұрған елімізде ел мен жер байлығы заң бойынша халыққа тиесілі екенін енді ғана еске алғандаймыз...

         Жақында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізгені белгілі. Жиын барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) 2021 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, оны әрі қарай дамыту жөніндегі ұсыныстар қарастырылғаны туралы хабар жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық жағдай құбылып тұрған кезде инвестициялық тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз етуге қабілетті сенімді қаржы көздерін іздеу өзекті мәселе екенін айтты.

– Қазақстан нарықтық, еркін әрі бәсекелі экономиканы қарқынды ілгерілетуге бағытталған дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Мұндай жағдайда шетелдік инвесторлар мен сауда серіктестерінің сенімін сақтап қалу және нығайту біздің басты басымдығымыз болып қала береді. Осыған байланысты АХҚО-ның әлеуеті инвестициялардың сенімділігі мен қауіпсіздігінің кепілі ретінде барынша пайдаланылуға тиіс, – деді Президент.

      Дұрыс, эконмикамызды дамыту үшін қаржы тарту аса қажет. Бұл туралы Президент бірінші рет айтып отырған жоқ. Өз жолдауларында, түрлі салаға қатысты ресми жиындарда тұрақты түрде айтып келеді. Бұл жолы біз мемлекет басшысы айтқан мына бір жағдайға баса назар аударуды жөн деп санадық. Кеңесте мемлекет басшысы ұлттық компанияларды IPO-ға шығару жұмыстарын келесі маңызды міндет ретінде атады.

– Еліміздің қарапайым азаматтары Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс. Дәл осындай жолмен халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болуы қажет. Ол үшін қағазбастылық пен бюрократияны болдырмайтын жаңа цифрлық шешімдер керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

       Мемлекет басшысының дәп осы сөзі көпшіліктің көңілінен шығып, дүйім жұртты елең еткізді. Бар байлықты отыз жыл бойы бөксесіне басқан, авторитарлық жүйенің сірескен сеңі сөгіліп, тұрғындарымыздың өздеріне тиесілі үлесіне деген үміт оты тұтанғандай болды. Енді ше, алдында айтқанымыздай, ата-бабаларымыз қасиетті қазақ жері мен оның қойнауындағы байлығын жекелеген жемқорларға қалдырмағаны айтпаса да түсінікті. Жебірлердің жемсауын толтырамыз деп қан төгіп, елін, жерін қорғаған жоқ. Ұлтының болашағы үшін күресті. Ар мен ұятты, адалдықты ту еткен, болмысынан аңғал қазақтың сеніміне кіріп, қу тақырға отырғызып, жекелеген адамдарды ғана емес, тұтас мемлекетті де қарызға батырып шетелдерге тәуелді еткен тойымсыздардың күні батуға таянған секілді. Лайым солай болғай!

        «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, шынын айтсақ, бұл соңғы жаңалық қарапайым халықты тағы да бір шала байытып тастағандай болды. Бірақ, көңілде үлкен күдік бар екенін ашық айтуға міндеттіміз. Оны бүгінгі ұрпақ сезбегенмен, аға буын жақсы біледі. Ол – сол баяғы егемендік алған алғашқы жылдардағы атышулы жаппай жекешелендіру науқаны. Қолдарына бір-бір «жекешелендіру купоны» деп аталатын кітапшаларды үлестіріп, халықты қу тақырға отырғызған алдамшы саясат қана болып шыққанын кейін түсіндік. Өйткені «купон» деген сөзді бұрын-соңды қай қазақ білді дейсіз? Сөйтсек, бұл өзі бірнеше беттен тұратын, сыртында «Инвестициялық жекешелендіру купондары бойынша чек кітапшасы» деген жазуы бар алдамшы құжат болып шықты. Сол кездегі билік бұл «сиқырлы кітапшаны» бір күндері мүлік иесі болып шыға келудің кепілдігі деп түсіндірді. Обалы не керек, бір жасқа толмаған балаға да, тек тууы туралы куәлігі болса купон берілді, ол жағынан кемшілік болған жоқ.

          Халықты алдаудың неше түрлі тәсілдері бар, оны біздің билік жете меңгерген. Сол жылдары кенеттен елімізде «Әлем-Систем», «Темірмұнай-инвест», «Бутя-Капитал» сияқты аты адамды арбайтын толып жатқан қорлар жоқ жерден пайда бола қалды. Олар уәдені үйіп-төгіп, халық купондарын жинап алу үшін күш салды. Жекешелендіру туралы заңға сәйкес Мемлекеттік мүлік комитеті аукциондар ұйымдастырып, купондары бар қорларға өнеркәсіп орындарын, басқа да кәсіпорындарды сата бастады. Сол қорлардың артында кімдердің тұрғанын, жемқорлар мен тойымсыздардың құрған тұзағы екенін кейін түсінді қарапайым халық. Үкімет ел байлығындағы халықтың үлесін емес, жекелеген адамдардың жедел байып кетуін көбірек ойлады. Оған да себеп болған – сыбайлас жемқорлық. Не керек, сол купоннан ақыры бір де бір қарапайым адам бір тиын да пайда көрген жоқ, берген кітапшалары әжетханаға баруға да жарамай қалды. Ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың, әке-шешелеріміздің, ағаларымыздың жинаған бар байлығы жекелеген пысықайлардың қолында кетті. Демек, ел байлығындағы өз үлесі туралы сөз болғанда халықтың көңілінде күдіктің пайда болуына толық негіз бар. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дейді халық даналығы, сол жағдай тағы қайталанбаса деген тілек бұл. Халықты бір-рет алдауға болатын шығар, өмір бақи алдай алмайсыз. Ертеңгі күні барлық ақиқат ашылады, өткен отыз жылдағы тәжірибеміз дәп осыны көрсетіп отыр емес пе?..

     Балаша алдана салатын қарапайым адамдарымызға мына бір жағдайды да ескерте кеткен жөн сияқты. Қазір әлеуметтік желіде президенттік платформа негізінде деп, пәленбай сома салсаң айына осыншама ақша табасың деген жарнамалар көз сүріндіреді. Мысалы, «ҚазМұнайгаз» 50 мың салып – 250 мың теңге ал, «Қазминералс» деген айына 150 мың береміз деп жарылқаса, «НБК инвест» 150 доллар салсаң айына шотыңызға 100 мың келіп тұрады деп дәмелендіреді. Олардың қатарында «Халықбанк» деген де жүр. Сонда қалай болғаны, қымбатшылыққа байланысты жұрт күнделікті жейтін нанын таба алмай жүргенде бұл неғылған батпан құйрық? Бұл әлде Президенттің тапсырмаларын Үкіметтен бұрын қимылдап, өз есебіне пайдаланатын алаяқтардың кезекті арбауы ма? Олай болса біздің прокуратура, сот, ішкі істер және өзге де салық, қаржы саласының сарбаздары қайда қарап отыр? Әлде тағы да әдеттегідей мыңдаған адамдарды алдап тақырға отырғызған соң, қарызға батырған соң алаяқтарға іздеу салмақшы ма? Ал, осы жарнамалар шын болса Үкімет өз пікірін білдіріп, растауы қажет қой.

      – Елімізге жаңа әрі сенімді инвестиция көздері қажет. Ол үшін халықаралық депозитарийлермен өзара тығыз ықпалдастық орнату керек. Мұндай жағдайда реттеушілік режим мен халықаралық құқыққа негізделген АХҚО алаңы тартымды болады. Үкіметке Ұлттық банкпен және АХҚО-мен бірлесе отырып, ұзақ мерзімді институционалдық инвесторлары бар әлемдік инфрақұрылымға қосылу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл экономикамыздың орнықты өсімі үшін маңызды қадам болмақ, – деді Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығында өткен осы отырыста. Мемлекет басшысының бұл сөзін де теріске шығара алмайсыз. Бірақ, инвестицияның да инвестициясы бар. Қаржы тарту керек болғанмен бұл жерде де мемлекет мүддесін алдыңғы орынға қою қажет.

         Осы жерде Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы фракциясының Үкіметтен ірі шетелдік инвесторлармен мұнай-газ және түрлі металл ресурстарын өндіру туралы бұрынғы және қазіргі келісім-шарттарын халық алдында ашуды талап еткен депутаттық сауалын ерекше атауға болады. Өйткені әсіресе бұрындар жасалған келісім-шарттардың халықтан жасырған құпиясы көп. Олардың мемлекет мүддесіне қайшы келетін тұстары жиі айтыла бастады. Шетелдік инвесторларға жеңілдік жасау арқылы қолында билігі бар жауапты лауазымдыларымыз үстінен пара алды деген күдік те жоқ емес. Оның бәрін құзырлы орындар тексеруге міндетті. Өкінішке орай, ондай іс-қимыл атымен жоқ. Сол уақытта орын алған қылмыстарға қарсы нақты тексерулер жүргізуге кейбір ықпалды күштер әлі де мүмкіндік бермей отырғаны байқалады.

     Мақұл, инвестиция тартылды, жасалған келісім-шарттарда мемлекет мүддесі толықтай ескерілді делік. Сөйтіп өндіріс іске қосылып, қазынамызға қаржы құйыла бастады делік. Осы тұста тағы бір мәселе бой көтереді. Сол мол қаржыны бөлу, ел игілігіне жұмсау өте маңызды. Оны біз кімге сеніп тапсырдық? Сол жауапты лауазымды адамдардың қолы таза ма, ел сенімін ақтай ма? Бұл да үлкен сұрақ. Өкішке орай, бұл жағынан да біз мақтана алмаймыз. Оған түрлі саладағы министрлер мен бірқатар аймақ басшыларының жемқорлықпен ұсталып сотталғаны нақты дәлел бола алады. Мемлекеттік бағдарламаға бөлінген бюджет қаржысын қалағандарынша ұрлаған басшыларға халық байлығын қайтіп сеніп тапсыруға болады? Сол миллиондап, миллиардтап ұрлаған жемқорлардың көбісі елбасынан кешірім сұрап сот кескен мерзімінен бұрын бостандыққа шығып кеткені де белгілі. Соған қарағанда біздің соттар баршамызға ортақ заң бойынша емес, лауазымды жеке адамның ыңғайына қарай жұмыс істейтінін көреміз.

    Президенттің тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға міндетті жиырма шақты министрліктен құралған үкіметіміз бар. Оған қоса «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «СК-Фармация» қорлары, «Парасат» холдингі, СПК сияқты қаптаған мекемелері және бар. Олар да сол министрліктер атқаратын қызметті қайталайды. Бұл қосалқы мекемелердің не үшін құрылғанын түсіну қиын. Бұл үй ішінен үй тігумен бірдей көрініс. Өз міндетін дұрыс атқара алмаса штаты жыртылып айырылатын сол мнистрліктерді таратып жіберген экономикалық жағынан әлдеқайда тиімді болар еді. Немесе қосалқы мекемелердің жұмысын тоқтату қажет.

    Биылғы ақпан айында ақжолдықтар премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына сауал жолдап, квазимемлекеттік компаниялардың бюджеті қоғам үшін ашық болуы керектігін талап еткені белгілі. Президенттің әлеуметтік-экономикалық саясатты қайта құрып, оның ішінде бюджеттің қосымша кіріс көздерін табу туралы тапсырмасын естеріне салып, «Ақ жол» фракциясы ондай кірістің бар екенін, тек олардың қоғам үшін емес, аз ғана бір топтың мүддесіне ғана қызмет ететінін ашық айтты. «Квазикәсіпорындардың жарғылық капиталы мен шығындары мемлекеттік бюджеттің миллиардтаған сомасынан құралып, тұрақты толықтырылып тұрады. Алайда, олардың жұмсалуы, яғни, офистер мен көліктерді ұстау, сыйақылар мен бонустар қалай бөлінеді – барлығы қоғамға да, Парламентке де жұмбақ» делінген сауалда. Өте орынды қойылған сауал. Сеніп тапсырылған халық қаржысын өз пайдаларына жұмсаса, Президентіміздің «Еліміздің қарапайым азаматтары Ұлттық компаниялардың акцияларын иеленуге және салымдарынан өз дивиденттерін алуға мүмкіндігі болуға тиіс» - деген тапсырмасы қайтіп орындалмақшы? Кезінде «Самұрық-Қазына» ұлттық қорына талай сын айтылғаны бар. Қордың сансыз еншілес компанияларының шектен тыс көбейіп кеткені, ондағы қызметкерлердің алатын айлығы министрлер мен депутаттардың жалақысына жетеғабыл, оған қоса бонус атты жылына жүздеген миллион теңге сыйақы беріліп келгені көпшіліктің наразылығын тудырған болатын. Ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік компаниялардың табысы шындап келгенде мемлекетке тиесілі болуы керек. Инвестиция тартып табыс табу – олардың тікелей міндеті. Бұл мекемелерді сол үшін ашып отырмыз ғой. Түскен табысты тек қана өз пайдасына жұмсауға ешқандай қақысы жоқ, ол ел игілігіне жұмсалуы керек. Мемлекет басшысы айтып отырған ұлттық компаниялардың акцияларын иеленіп, қарапайым тұрғындарымыз салымдарынан алатын дивиденттер де осы қаражаттан бөлінеді. Ал алдында айтқанымыздай қаржы қазанынның қақпағын ұстағандар өз білгенін істесе тұрындарымыз диидентті түсінде де көрмейді. Сондықтан бұл саладағы мамандарды тағайындауға үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Ескі жемқор жүйе жетегінде жүргендерден тазалап, халыққа адал қызмет көрсететін кадрларды тартпасақ Жаңа Қазақстан құрамыз деген жоспарымыздың іске асуы екіталай болмақшы.

Зейнолла АБАЖАН