МӘЖІЛІСТЕ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТІН ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ КӨБЕЮДЕ
2022 ж. 24 маусым
1559
2

Құрығанда өзекке теуіп жатқандар өзіміздің қазақтар…
ҚР Парламенті Мәжілісінде мемлекеттік тілде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді. Белгілі Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтің таза қазақша және қазақы бояумен сөйлейтіні сонша, оған алғаш кездескенде: “Орысша білесің бе?”-деп сұрауға мәжбүр болған едік…
Парламентке келгелі тек қана қазақша сөйлеп келе жатқан Фахриддин Қаратаев бұрыннан өзіміз ғой, бұл қатарды Мәжілістің VII шақырылымында депутат Наталья Дементьева толықтырды. Содан соң депутаттар Снежанна Имашева, Артур Платонов, Екатерина Смышляева, Вера Ким, Илияс Буларовтар жақсы жалғастырғанын жазған едік кезінде.
Енді міне, Мемлекеттік тілде сөйлейтін мемлекетшіл депутаттар қатарына тағы да екі депутат - Вакиль Набиев пен Андрей Линник қосылды.
Мәжілістің кейінгі жалпы отырыстарында Мемлекеттік тілде жап-жақсы баяндама жасаған Вакиль Гусейнұлы мен Андрей Григорийұлы екеуі де енді депутаттық сауалдарды үнемі қазақ тілінде жасамақшы.
“Ақ жол” фракциясы мүшесі Андрей Линник талқылауда қазақша сөйлеп жатқанда, маған көрші отырған депутат, қазақшаны бізден кем сөйлемейтін Снежанна Имашева:
“Өзге ұлт өкілдерінің бәрі қазақша сөйлеуден жарысып, қазақ боп кетті! Сізге қарата айтарым, “Доцент заставит” деген осындай-ақ болатын шығар!”-дейді әдемі әзіл араластырып.
Иә, көп рахмет, Мемлекеттік тілде сөйлеп, Азаматтық көрсетіп, жаңа дәуірмен бірге жаңарып жатқан патриот депутаттарға! Құрығанда өзіміздің кейбір қазақтар ғой Қазақ Парламентінде отырып, Ресей Думасында отырғандай Ресей тілінде сөйлеп жүрген…
Халық қалаулыларына халық талабын орындауға тура келетін заман келе жатыр.
Жоғарыда аталған депутаттардай, заң шығаратын орында отырғасын, заң талабын орындап, Мемлекеттік тілде сөйлеу заңды болады!
Мемлекеттік тілде сөйлей алмайтын, бірақ мемлекеттік қызметте отырған кейбір министрлер мен әкімдерге осылай үлгі көрсету керек.
Мемлекеттік тілді міндеттеу - мемлекеттің міндеті!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні