Мәжіліс депутаты Мәскеулік режиссердің “Баянын” сынап тастады

Мәжіліс депутаты Мәскеулік режиссердің “Баянын” сынап тастады

Театр - мәдениет. Ұлттық театр - ұлттық мәдениет. Ал, мәдениет дегеніміз не? Жалпақ сөзбен айтқанда "нені қалай істеудің жөн жосығы" дер едім. Ұлттық мәдениет дегеніміз - нені қалай жасауда ұлттық құндылықтар мен өлшемдерді негізге алу болса керек. Иә, ұлы мәртебелі өнерде шек бола бермейді. Ол дами береді. Бірақ, дамыған осы екен деп, өзгенің шекпенін әкеп жалаңаш денемізге кигізе салу біздің мәдениетімізді өркендете қоймас...

Әлқисса, әңгіме жуырда премьерасы өткен "Баян сұлу-Қозы Көрпеш" қойылымы жайында. Авторы - Ғабит Мүсірепов деп көрсетілген қойылымның жаңаша форматта болары әу бастан белгілі болды. Режиссері мәскеулік режиссер Гүлназ Балпейісова. Жалпы, Қаллеки театрының сахнасында соңғы кезде тың, ерекше эксперименттерге барып жүргеніне көз қуанып, көңіл толып жүргені рас. "Жаңаша форматтар" аз болған жоқ. Бірақ, Сервантестің "Дон Кихотына" "қазақы шапан жауып", жаңаша форматта, мүлде тың құрылымда сахналау бөлек те, Ғабит Мүсіреповтің Қозысы мен Баянын сахнада сүйістіріп (осы сөзбен шектеліп, әдептен озбайын), Қарабайды жын ұрғандай дедектетіп, Күнікейдің бөксесін бүлкілдетіп, санын аштырып, түсініксіз Таңсық қызды көрінгеннің құшағына кіргізіп, аймалатып қою арқылы "жаңаша форматта" сахналау мүлде бөлек нәрсе болса керек?! 

Қойылымды талдап, әрбір деталін жазып отырайын деген ойым жоқ. Сыншылар, мамандар айта, жаза жатар. Тиісті мекемелер де пікірлерін білдірер. Алайда, көрермен ретінде көңіл жабырқап, "қап" деп шыққанымды жасырмаймын. Жәй ғана қойылым ретінде қарап, режиссерлік жұмысты, актерлік ойын мен көркемдік шешімдерді, жарықтың пайдалануына назар аударар болсақ - иә, мықты дерсің. Алайда, біріншіден, өзіміздің эпосқа негізделген пьеса болғандықтан, екіншіден, пьеса авторы Ғабит Мүсірепов деп көрсетілген болса, үшіншіден - елорданың бас мәдени шаңырағы, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық ҚАЗАҚ музыкалық драма театрының сахнасында қойылып жатқандықтан - ондай нейтрал ұстаныммен қарай алмассың. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу емес, қайта әжуалауға жол берілгендей әсерде қалдым. Домбыраның өзін бір жерінде мылтық ретінде пайдаланғандай эффект беруі, күй тартылып жатқандағы оған деген жасандылау ғана ден қою... 

Ал, ашықтан ашық бейәдеп көріністер мен қылықтар бүкіл қойылым барысында бой көрсетіп отырды. Біреу мұны жаңашылдық дер, әлемдік деңгей дер. Бірақ, басында да жаздым ғой. Театр - мәдениет болса, ұлттық театр - ұлттық мәдениеттің ошағы болуы тиіс. "Театр - мәдениеттің мешіті" деген сөз де бар. Басқасын қайдам, бірақ "Қаллеки" сияқты қара шаңырақтың сахнасы мұндай қойылымға жабық болуы тиіс деп ойлаймын. 

Бір байқағаным - қойылымды көрген кісілердің ішінен, әсіресе зиялы қауым арасынан ашылып пікір жазған ешкім бола қоймаған сияқты әлі. Ол да бір мәдениеттілік шығар, бәлкім. Алайда, әлеуметтік желіге жазылмаса да, тікелей театр басшылығына талай сын айтылған шығар деп пайымдаймын. Ал, ресми БАҚ өкілдері қойылымның көпшілік көңілінен шығып, ерекше ықыласқа бөленгенін айтып-ақ жатыр. Қойылым кезінде залдан шығып кетіп жатқан көрерменді көру де ауыр екен. "Ұят болар" деп соңына дейін көргендер қатарында өзім де бармын. Тіпті, қойылым барысында үш рет шығып кетуге оқталғаным да рас.

Театрға да, театр ұжымына да құрметім ерекше екенін өздері де біледі. Бұл қойылымға бола ол құрмет төмендеп кетпек емес. Тек, нақты осы жоба қателік болды деген ойымды білдіруге құқым бар. 

Киномыз да, сериалымыз да бейәдеп сөздермен, көріністермен былғанып болды ғой, өкінішке қарай. Тым болмаса театрымызды таза сақтап қалуға болатын шығар? Қойылымның сахнаға шығуына жол ашқан көркемдік кеңес мүшелерінің пікірлері мен алғашқы премьераға арнайы барған министр мырза мен министрлік өкілдерінің ойын білгім келеді. Қаншалықты жаңарсақ та, жаңғырсақ та - құндылықтарымыз мызғымауы керек.

Мақпал Мыса, 

Мәжіліс депутаты