Біз су ресурстарын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз - Жаңбыршин

Біз су ресурстарын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз - Жаңбыршин

Сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын пайдалану проблемасы қазірдің өзінде мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін факторлардың бірі. Мәжіліс депутаты, «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» Парламенттік тыңдауды дайындау жөніндегі арнайы уақытша комиссияның жетекшісі Еділ Жаңбыршин осы бағытта Үкіметтің жұмысы көңілден шықпай отырғанын жеткізді деп хабарлады Қазақ үні.

Мәжіліс депутаты баяндамасының басында ведомстволар қаншама тұжырымдама мен бағдарламалар қабылдап жатса да әлі күнге дейін шешімін таппаған сұрақтар бар екенін айтты.

«Парламенттік тыңдауға дайындық кезінде біз өңірлердің және экономикалық секторлардың болашақта даму тенденциясы ескерілген, кешенді ғылыми зерттеулердің негізінде жасақталған су ресурстарына қатысты стратегиялық жоспарды көре алмадық. Болашақта су қорымыздың потенциалы қалай өзгереді және суға деген сұраныстың деңгейі қандай болмақ? Жүйелі түрде болжанған талдаулар бар ма? Алдағы онжылдықта елімізде сумен қамтамасыз ету қалай іске аспақ? Сұрақ көп», – деді ол.

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, қазіргі уақытта экономика салаларын және тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін еліміздің су ресурстарының потенциалы әлі толық зерттелмеген және бағаланбаған. Осыған орай ол Экология министрлігінде дайындалып жатқан су тұжырымдамасын 2030 жылға дейін ұзартуды ұсынды.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаты су мәселесімен айналысып жатқан үш министрліктің де жұмысына тоқталды.

«Су саласының бағыттарын басқару мен реттеу үш министрлікке бөлініп берілген. Тіпті трансшекаралық су ресурстарымен Сыртқы істер министрлігі де айналысып отыр. Бақташы көп, нәтиже мардымсыз. Көрші мемлекеттерді алып қарасақ, оларда су шаруашылығымен тиісті министрлік немесе агенттік айналысып отыр. Сондықтан су саласына жауапты және ҚР атынан халықаралық деңгейде тиісті министрлік құрудың уақыты келді», – деді Еділ Жаңбыршин.

Депутат Қазақстандағы суға тапшы өңірлерді атап, ондағы мәселелердің шешу жолдарын айтты.

«Мысалы еліміздің батыс өңірлерінде тек Ақтөбе облысында ғана жер асты суларының қоры мол және оларды суға тапшы Атырау мен Маңғыстау облыстарына жеткізуге болады. Бірақ, бұл жобалар үлкен қаржатты қажет етеді. Тағы бір мәселе, ауыз су қоры мол кен орындарының айналасында, әр түрлі қазба байлықтардың игерілуіне байланысты, жерасты сулары зиянды заттармен ластануда. Мысалы, Ақтөбе облысындағы «Көкжиде» су кен орнынының қасында бірнеше мұнай компаниясы жұмыс жасауда және кейбіреуі жер асты суларын ластаған. Осыған орай стратегиялық маңызы бар су кен орындарының айналасында қазба байлықтарды игеру операцияларына заңмен тиым салынуы қажет. Ал, «Көкжиде» маңындағы мұнай операциялары тоқтатылуы тиіс», – деп атап өтті депутат.

Ол, сонымен қатар, мелиорация мәселесіне де тоқтала кетті. 

- Бүгінгі таңда мелиорация мен ирригацияда судың кемінде 40 пайызын жоғалтамыз. Басты себептері: каналдардың ескіру немесе арнайы су ұстағыш жабдықтардың болмауы, суды мөлшерден тыс ретсіз пайдалану, су үнемдейтін технологиялардың кеңінен қолданылмауы және тағы басқалар. Мысалы, тек Шардара су қоймасынан шығатын ұзындығы 106 км Қызылқұм каналының су шығыны жылына 0,5 млрд куб метрді құрайды. Осындай далаға кеткен су шығындарының кесірінен Қызылорда, Түркістан облыстарының шаруалары ағын суға зәру болып отыр. Сонымен қатар шаруаларды толғандырып отырған сұрақтар гидротехникалық құрылғылардың уақытында жөнделмеуі, иесіз қалған каналдардың тозуы, делдал болып отырған жеке меншік су құбырлары мен каналдар қожайындарының тарапынан жасалып отырған суға жасанды шектеулер. Бұған Парламенттік тыңдауға дайындық аясында әріптестерімізбен арнайы Шығыс Қазақстан облысында орналасқан гидротехникалық құрылғылардың қызметімен және Сырдария өзенінің бойында орналасқан қожалықтар жұмыстарымен танысқан кезде көрдік.   

Осы бағытта қалыптасқан барлық мәселелерді шешу үшін бірінші кезекте сумен қамтамасыз ету жүйесін толық инвентаризация жасау керек. Одан басқа суармалы жерлерден шыққан судың химиялық тыңатқыштармен ластану да өте өзекті. Әсіресе мақта, күріш өсіру өндірістерінде. Сондықтан сулардың құрамын экологиялық бақылау, оларды тазалап қайта пайдалану және органикалық тыңайтқыштарды кеңінен қолдану күн тәртібіне қойылуы керек.   

Қорытындылай келе, су ресурстарын басқарудың және қамтамасыз етудің стратегиялық маңызды аспектісі – суды қорғау, тиімді және үнемді пайдалану, деді Е. Жаңбыршин.