"АЙТҚАНДАРЫҢЫЗ АЙДАЙ КЕЛІП ЖАТЫР ҒОЙ!" – Мәжіліс төрағасы «Ақ жол» туралы (видео)
2022 ж. 17 маусым
1576
0
Биыл, 2022 жылғы 4-ші мамырда Парламент Мәжілісінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин тиісті заң жобасына байланысты баяндама жасады.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса министрге сұрақ қойып, былтыр, 2021 жылы 25 қазанда Парламент Мәжілісінде үкімет сағатында елдің алаңдаушылығын тудырып отырған Үкіметтің электрондық платформасын Ресейдің Сбербанкіне беруге қарсылық жасағанын есіне салды.
Алдымен сол былтырғы депутат Қазыбек Исаның министр Бағдат Мусинге қойған сұрағын еске салып өтейік:
Құрметті министр Бағдат Батырбекұлы!
1.Қазақстанның цифрландыру деңгейі жақсы дамуда. Оған жаңа сіздің жасаған баяндамаңыздан да көзіміз жетті. Біз БҰҰ-ның халықаралық рейтингі бойынша онлайн-қызмет бойынша 11-ші орында, электрондық үкімет бойынша 29 орында, электрондық қауіпсіздігі бойынша 31 орындамыз.Тіпті Ресейдің алдындамыз! Ендеше бүкіл 19 млн қазақстандықтардың жеке мәліметі бар мемлекеттің электрондық үкіметін түгел шет мемлекетке - Ресейдің Сбербанкіне бере салуды қалай түсіндіресіз?!. Бұл биыл 30 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізге нұқсан емес пе?
Сіз “бұл келісім шарт емес, меморандум” дейсіз, бәрі меморандумнан басталады. Дауылдың алдындағы жел тұратыны секілді. Өйткені, бұл меморандумға үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойып отыр ғой.
Өзіңіз айтқандай бұл қоғамда үлкен қарсылық туғызып, шу болуда. Бұны сіздің жауабыңыз да қанағаттандыра алмады.
Бұған алаңдаған “Ақ жол” фракциясы депутаттық сауал да жасады, оны өзіңіз білесіз.
2.Цифрландыру саласын міндетті түрде шетелге бермесек, күн көре алмайтын болсақ, онда Қазақстаннан көп кейінгі орында тұрған Ресейге бергенше, неге алдыңғы қатардағы елдерге, Оңтүстік Кореяға, Эстонияға бермейміз ашық та әділ конкурс жасап. Неге барлық жағынан Ресейге байланып қалғанбыз?!.
3.Бұл еліміздің алдыңғы қатардағы IT секторының одан әрі дамуына кедергі келтіреді. Мамандардың шетелге ағылуына жол береді деп отыр сарапшылар. Өйткені тапсырыс беруші мемлекеттік және жергілікті органдардың тапсырысын қожайыны - шетелдік платформа иесі өзі біледі кімге беруді…
4.Егер АҚШ пен батыс елдері ертең Ресейге әлемдік ең алдыңғы қатарлы бағдарламаларға қол жеткізуге тосқауыл қойса, үкімет платформасын Ресейге беріп қойған біз қайтеміз? “Екі түйе сүйкенсе шыбын өледі” дегендей, шырылдап, босқа құрбан болып кетпейміз бе?
5.Сіз Бағдат Батырбекұлы, өзіңіз министр ретінде мемлекеттік тілде жақсы сөйлейді екенсіз, рахмет. Қазір қазақ министрі қазақша сөйлесе қуанатын масқара жағдайға жеттік Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының “жетістігі” бұл…
Ал цифрландыру саласындағы, E-gov платформасындағы мемлекеттік тілдің қолданылуы деңгейі қандай?
Осылай былтыр 2021 жылы цифрландыру платформамыздың Ресейге берілуіне қарсы шыққан Қазыбек Иса бүгінгі Ресейге АҚШ пен Батыс елдерінің электрондық тосқауылы мен санкциялары болатынын дәл болжап айтып берген еді…
Ал биыл, 2022 жылы 15 сәуір күні ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі А. Жамбақин Қазақстанның цифрландыру платформасы Ресейдегі ауыр жағдайға байланысты Сбер-ге берілмейтінін мәлімдеді.
“Бұл қазіргі геосаяси жағдайға байланысты және өзіміздің мүмкіндіктерімізді қайта қарап, қазақстандық IT компанияларын тарта отырып, “НИТ” АҚ арқылы платформамызды өз күшімізбен жасауға шешім қабылдадық.
Қазір техникалық-экономикалық сараптама жасалуда. Биылғы жылдың аяғына дейін жаңа платформа жасалып, алғашқы сервистер пайдалануға беріледі.- деп жауап берді вице-министр журналистер сұрағына.
Енді міне, Парламент Мәжілісіне тағы келген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусинге депутат Қазыбек Иса қайта сұрақ қойып, былтырғы ескерткен мәселесін есіне салды.
- Біз былтыр үкімет сағатында сізге «Ақ жол» фракциясының Үкіметтің электрондық платформасын Ресейдің Сбербанкіне беруге қарсылық жасағанын сауалын еске салған едік. Есіңізге түсірейік, «Біз, Қазақстан БҰҰ-ның халықаралық рейтингі бойынша онлайн-қызмет бойынша 11-ші орында, электрондық үкімет бойынша 29 орында, электрондық қауіпсіздігі бойынша 31 орындамыз.Тіпті Ресейдің көп алдындамыз! Ендеше бүкіл 19 млн қазақстандықтардың жеке мәліметі бар мемлекеттің электрондық үкіметін түгел шет мемлекетке - Ресейдің Сберіне бере салуды қалай түсіндіресіз?!. Бұл биыл 30 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізге нұқсан емес пе? Сіз “бұл келісім шарт емес, меморандум” дейсіз, бәрі меморандумнан басталады дауылдың алдындағы жел тұратыны секілді. Өйткені, бұл меморандумға үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойып отыр ғой.»-деген едік.
Сол кезде сіздер өз айтқандарыңыздан қайтпаған едіңіздер. Платформамызды Ресейдің Сбер-іне бермесек, күн көре алмайтындай болғансыздар.
Сол кезде мен алдын ала ескерткенмін, «Егер АҚШ пен батыс елдері ертең Ресейге әлемдік ең алдыңғы қатарлы бағдарламаларға қол жеткізуге тосқауыл қойса, үкімет платформасын Ресейге беріп қойған біз қайтеміз? “Екі түйе сүйкенсе шыбын өледі” дегендей, шырылдап, босқа құрбан болып кетпейміз бе?»-деген едім. Айтқанымыз айдай келді. АҚШ пен батыс қатаң санкциялар салып, Ресей барлық электрондық бағдарламалардан айрылып жатыр.
Ал енді биыл, 2022 жылы 15 сәуір күні сіздің орынбасарыңыз, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі А. Жамбақин Қазақстанның цифрландыру платформасы Ресейдегі ауыр жағдайға байланысты Сбер-ге берілмейтінін мәлімдеді.
Ал министр ретінде өзіңіздің пікіріңіз қалай болды енді, қазіргі тұжырымдарыңыз қандай? Осыған толық жауап берсеңіз?!
Қаншама айналсоқтап жауап бергенмен, қателігін мойындаудан басқа амалы қалмаған министрдің жауабын видеодан тамашалай аласыздар.
Ал бұл депутат пен министрдің сұрақ-жауабын қорытқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов: «Қанағаттанамыз ғой осындай жауапқа, Қазыбек Жарылқасынұлы? Мен ойлаймын, біздің IT компанияларымыздың мүмкіндігі бар. Енді сіздердің айтқандарыңыз айдай келіп отыр ғой!»-деп аяқтады.
Иә, спикерге рахмет, турасын тауып айтқандай, АЙТҚАНЫМЫЗ АЙДАЙ КЕЛДІ! Біз бір жыл бұрын қарсы шыққандай, цифрландыру платформамыз Ресей СБЕР-іне берілмейтін болды. Сол кезде айтқанбыз министрге алдын ала болжап, ескерткендей, АҚШ әлемдік цифрлік бағдарламаларға Ресейге тосқауыл қойып, Ресейге қазір әлемдік бағдарламаларға жол жабылған, тастүнекте. Біздің платформамыз Сберге өткенде, біз де тосқауылға тап болар едік.
“Мен қауіп еткеннен айтамын!”-деп XIX ғасырда зарлаған Мұрат ақындай, әділдігін айтып, алдын алу ақын ретінде де, азамат ретінде де, депутат ретінде де басты міндетіміз. Тек еститін, естіп қана қоймай, ескеріп, нәтиже шығаратын үкімет болса деңіз.
Қазіргі жағдай Қазаққа жұмыс істеп тұр! Сондықтан соған сай, тілімізді түзеп, Ұлттық рухымызды көтерейік! Рух жоқ жерде -Ұлт жоқ!
Қазір қайта қарқын ала бастаған, 30 жылдан астам құтылмаған құлдық санаға құлдық ұру, ескі қамытын қайта іздеу әрекеттеріне жол беруге болмайды»
Алла Алашқа жар болсын!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні