АШЫҚ ӘКІМДІК ПЕН ӘДІЛ СОТТЫ ҚАШАН КӨРЕМІЗ?
2022 ж. 15 маусым
901
2

ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТ ТӨРАҒАСЫ МЕН АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ НАЗАРЫНА
БІЗДЕГІ БИЛІК ОРЫНДАРЫ МЕН СОТ САЛАСЫ ӘЛІ ДЕ ЕСКІ ЖҮЙЕНІҢ ЖЕТЕГІНДЕ ЖҮР
«Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолында» атты Жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев демократиялық үлгідегі жаңа қоғам құру туралы бағдарламасын ұсынып, халық бұл бастаманы қызу қолдады. Оны жақында ғана өткен Конституциямызға өзгерістер енгізу туралы жалпыхалықтық референдум де көрсетіп берді.
Жаңа Қазақстан құру үшін қоғамның саяси, экономикалық, құқық қорғау және сот сияқты тағы да басқа барлық саласына оң өзгерістер жасап, тың серпін керектігі белгілі. Осыған орай мемлекет басшысы бағыт-бағдар беріп, алдымызға бұлжымас мақсат етіп қойып отыр. Қатардағы қарапайым тұрғындар мен қоғамдық ұйымдарды былай қойғанда мемлекеттік органдардың өзі Жаңа Қазақстан құруға кіріскенімізді әлі де жете сезіне қоймаған секіді, сол баяғы ескі жүйенің жетегінде жүр. Өйткені жаңару, жаңғыру жолы бойынша берілген Президент тапсырмалары нақты орындалып жатқан жоқ.
Бұл мақаланы жазуға белгілі кәсіпкер, меценат, қоғам белсендісі Бекзәкір Құралбаевтың өтініші себеп болды. Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін өтініш иесінің өзімен қысқаша таныстыра кетейік. Құралбаев Бекзәкір еліміз үшін аянбай қызмет етіп жатқан азаматтардың бірі. Түркістан облысында қарапайым шопан отбасында дүниеге келген. Жоғары оқу орнын бітірген соң еліміздің ең ірі кәсіпорындарының бірі Алматы Ауыр машина зауытында 17 жылдан аса жұмыс істеді. Темір балқытушының шәкірті, қатардағы жұмысшыдан бастап ірі өндірістік бөлім бастығына дейінгі қызметтерді атқарып, отандық өндірісті дамытуға өз үлесін қосқан азамат.
Еліміз егемендік алып, қоғамдық жүйенің өзгеруіне орай 1992 жылы «Төре» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып, өндіріс саласында жұмыс істей бастады. Тынымсыз, ұзақ жылғы еңбектің арқасында бұл ЖШС кейін ірі холдингке айналып, «Қазақстан Темір жолы», «Қазақтелеком», «Кеден тарнссервис» сияқты алып компаниялардың бас мердігерлік қызметін атқарады. Соның нәтижесінде 2002 жылы біздің елімізде кеңінен қолданысқа енгізілген испаниялық «Тальго» вагондарына техникалық қызмет көрсететін станция, Қазақстан мен Қытай мемлекеті арасындағы тоғыз жолдың торабы «Дружба» станциясының құрылысын іске асырды. Сол сияқты Қазақстан мен Өзбекстанды жалғастыратын «Сарыағаш» станциясына қарасты темір жолды қайта күрделі жөндеуден өткізді. Б. Құралбаев басқаратын кәсіпорын осы сияқты мемлекеттік маңызы бар бірқатар істерді жауапкершілікпен атқарды. Бұл нысандарды іске қосу салтанатына мемлекет және үкімет басшылары да қатысып, өз кезінде оң бағасын берген болатын.
Шетелдегі қандастарымызды Отанына қайтаруға байланысты қабылданған мемлекеттік аса маңызды бағдарламаға да белсене қолдау білдіріп, нақты істерімен үлкен үлес қосты. Қандастарымызды өз кәсіпорындарында жұмысқа орналастырып, түрлі тұрмыстық жағдайлар жасады. Алыс-жақын шетелден көшіп келген 64 отбасы соның арқасында баспаналы болды. Өз жеке есебінен Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданындағы саяжайдан 34 жер телімін сатып алып, оралмандар отбасына баспана тұрғызып берген болатын. Бұл туралы мерзіміді басылымдарда жазылып, телеарналарда көрсетілді. Осы «Төре» деп аталған ауылда қандастарымыздың тағы да 30 отбасына үй салу үшін толықтай жететін қаржылай көмек көрсетті. Сол қаржыға өз қалауларынша баспана тұрғызып, бүгінгі күні бақытты өмір сүріп жатыр.
Сонымен бірге сенатор Болат Жылқышиевтің қолдауымен Бекзәкір Құралбаевтың тікелей қаржылық көмегі негізінде Оңтүстік аймақтағы туған жері Қазығұрт ауданынының 30 елді мекенінде газдандыру жұмыстары тегін жүргізіліп, жергілікті халықтың алғысын алды. Сол сияқты 2004 жылы Қазығұрт ауданындағы Көкбел ауылында кәсіпкер өз қаражатына ауыз су жүйесін салып, таза, сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етті. Еліміз үшін, халқымыз үшін Б. Құралбаевтың атқарған жұмыстарының бір парасы осындай. «Ол үшін міндетсінбеймін, бұл біздің азаматтық парызымыз. Әрбір саналы азамат қиындыққа тап болған тұрғындарға қашанда көмек көрсетуге, халқына барынша адал қызмет етуге тиісті деп есептеймін» - дейді бұл туралы оның өзі.
Ия, кәсіпкерлік оңай жұмыс емес, оның да ыңғайын тауып, істі үйлестіре білу керек. Табысты күректеп тауып қалтасына басатын, өзгелерді ойламайтын кәсіпкерлер бізде жетіп артылады. Өзіміз қолдан жасаған долларлық миллионерлер мен миллиардерлеріміз елімізде байып, тапқан-таянғанын, ұрлап-жырлағанын шетелге тығып, өзге мемлекетті байытып жатқанын білеміз. Солардың өз халқына айтарлықтай демеу көрсеткені туралы естімеппіз. Халқына жақсылық жасау үшін кім де болса алдымен ұлтжанды болу керек. Ал, Бекзәкір Құралбаев ұлтжанды азамат. Жақында қоғам белсендісі ретінде еліміздегі аралас метептер қазақ тілінің дамуына кедергі келтіріп жатқанын айтып, аралас мектептерді жабу керектігі жөнінде бастама көтергенін білеміз. Оған тұрғындардың басым көпшілігі қолдау білдірді.
Экономиканың негізін шағын және орта бизнес құрайтыны белгілі. Оны қорғау және дамыту керектігі жөнінде түрлі мінберлерден жиі айтылады. Еліміздің бизнес өкілдерімен болған кездесуінде Қ. Тоқаев бизнеспен жұмыс істеу кезінде ескі тәсілдерге жол берілмеуі керек екенін атап өтіп, құқық қорғау органдары қызметіндегі кемшіліктерді сынға алып, құқық қорғау органдары тарапынан негізсіз қудалауды азайту жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін айтты. «Соңғы бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғады. Бұл шамамен тұтас 2021 жылғы көрсеткішке жуықтайды. Аталған деректер тергеу органдарының бизнесті қылмыстық қудалауға мәжбүрлі түрде тартып жатқанын білдіреді. Бас прокуратура кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау, әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізуге жол бермеуді барынша қатаң бақылауды қамтамасыз етуге тиіс» – деді Президент.
Мемлекет басшысының бизнеске қатысты пікірі мен тапсырмаларын босқа келтіріп отырған жоқпыз. Оның бүгін біз қозғап отырған тақырыпқа тікелей қатысы бар. Кәсіпкер Бекзәкір Құралбаев 2001 жылы 26 қарашада Алматы қаласы Брюсов/Скрябин көшелері қиылысындағы 4/35 үй мекен-жайы бойынша 0. 0279 га. жер телімі бар, 983,4 шаршы метр жылжымайтын мүлікті сатып алған болатын. 2003 жылы 1 сәуірде осы мекен-жай бойынша аралас орналасқан көлемі 0.1821 га. жер телімін В. В. Храпунов Алматы қаласы әкім болып тұрғанда мемлекеттен сатып алады. Мақсаты – өндірістік алаңдарға қызмет көрсету және пайдалану деп жазылған құжатта. 2003 жылы 21 шілдеде жекеменшікке берілгендігі туралы ПС №0207051 мемлекеттік актісі бар. Екінші жер телімін сатып алған соң бұрынғысымен қосып, жалпы көлемі 0.2101 га. етіп біріктіреді. Бұл туралы 2003 жылы 21 шілдеде заңды түрде берілген кадастрлық №20-311037-107 жекемешіктік құқық актісі де бар.
Аталған жер телімдерін пайдалану барысында 2001-2016 жылдар арасында өндірістік нысандарды қайта құрып, құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Салынған құрылыс нысандарын пайдалануға Алмалы аудандық мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының 2004 жылғы 18 наурыздағы №123, 2005 ж. және 2005 жылы 30 желтоқсандағы №1808 актілері тіркелген. Пайдалануға рұқсат етілген соң аталған нысандарға инвентарлық №7/761 техникалық құжаттар берілді. Оған қоса 2015 және 2016 жылдары аталмыш нысандардың қайта құрылып, өзгертілуіне байланысты Г1 литер (екінші қабат), Г, Г2 (үшінші қабат) сол сияқты Г литерінен Ж литеріне ауыстыру туралы Алматы қалалық Жылжымайтын мүлік департаменті орталығының негіздемесін алған. Осы құжаттар негізінде 2016 ж. 22 сәуірде Алматы қаласы әкімдігі Жетісу аудандық әкімдігі қасындағы арнайы комиссияның №1702 хаттамасына сәйкес коммерциялық нысан ретінде ресми түрде заңдастырылды.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан басталды» демекші, Б. Құралбаевтың сот орындарынан бір жарым жыл әділдік іздеуі кәсіпкердің жекеменшік нысандарының дәп қасынан «КазСМУ» және «ГүлАна» жауапкершілігі шектеулі кәсіпорындардың құрылысты бастамас бұрын арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізбей, оның жолындағы заңды нысандардың құжаттарын ескермей, құрылыс ережелерін сақтамай 12 қабатты тұрғын үйлерді салуынан басталды. Құрылысшылар Скрябин көшесінің тасталқанын шығарды. Осының алдында үш жыл бұрын ғана бұл көше жолдарына күрделі жөндеу жасалған-ды. Жолдың астындағы су құбырлары, кәріз жүйесі сияқты инженерлік желілер жарамсыз күйге түсті. Сөйтіп жолды жөндеуге жұмсалған қомақты қаржы желге ұшты деуге болады. «Құрылыс жұмыстары кесірінен бізден маза кетті, айналадағы жер үй аулаларын жауын кезінде су басатын болды» - дейді сол маңдағы жерүйдегі тұрғындар бірауыздан. Бұдан кейін Скрябин көшесі жолдарын қалпына келтіру мүмкін емес. Өйткені жаңа құрылыс пен кәсіпорын арасы небары 3 метр ғана. Өрт немесе басқа да қауіпті жағдай туындаса арнайы техника өте алмайды. Көшенің қарсы бетіндегі жер үйлер де тым жақын қашықтықта тұр. Баяғы Қарағандыдағы Бесобадағы сияқты 12 қабатты үй құласа оларды басып қалады.
2021 жылы «ГүлАна» ЖШС бұрынғы «Төре», қазіргі «Зат» жеке кәсіпорнының құжаттары заңды бола тұрса да жылжымайтын мүліктерін сүргізу туралы сотқа арыз берді. Ауданаралық экономикалық сот (Сот төрайымы Д.Ж Аймағамбетова) оған ешқандай негіз жоқ екенін айтып, олардың талаптарын орындамай тастайды. (Іс №7527-21-00-2/3944. 24 мамыр, 2021 ж.). Соған қарамастан «Сотпен өзіміз сөйлесіп көрелік!» дегендей енді Алматы қалалық әкімдігі жоғарыда аталған құрылыс жүргізуші компаниялардың мүддесіне орай «Заттың» ғимараттарын сүргізу туралы сотқа апелляциялық арыз береді. Осы жерде бұл құрылыс компанияларын әкімдік неліктен жанталаса қорғап отыр деген сұрақ та туындайды. Әлде бұл туыстарының, таныстарының атына тіркеп қойған өздерінің компаниялары ма? Ондай әдіс жиі қолданылады бізде. Ахметжан Есімов Алматы әкімі боп тұрғанда халықпен кездесуінде «Менің атымда байлық та, қымбат мүлік те жоқ. Өзім әйелімнің үйінде тұрамын» - деп жұрттың жүрегін ауыртқаны бар. «Әкіміміз айдалада қалмасын, жылу жинап бір баспана алып берейік!» -деп жанашырлық танытқандар да болды.
Бұл жерде қала билігі заң бойынша мемлекеттік қажеттілікке байланысты жекеге тиесілі заңды құжаттары бар жер телімін сатып алудың орнына, әкімдік-биліктік күштерін іске қосты десек артық айтқандық емес. Өйткені әкімдіктің жетегіне түскен Алматыдағы ауданаралық экономикалық соттың 2021 ж. 02 қарашадағы (№7527-21-00-2/7564) шешімімен (Сот төрағасы Е.Бекбаев) кәсіпкерге тиесілі жалпы аумақтың 0,0286 га. жерінде орналасқан ғимаратты сүргізетін үкім шығарды. Осы шешімді биылғы жылдың 27 сәуірінде қалалық соттың азаматтық істер бойынша коллегиясы (сот төрағасы Б. Диханбаев) да қолдап шықты. Сонау 2003 жылы жерге және ондағы ғимаратқа берілген құжаттарды заңсыз деп тапты. 20 жылдай уақыт өткенде бұл құжаттар қалай заңсыз болып қалды. Одан бері талай әкімдер ауысқанмен, әкімдік орнында қалды емес пе? Әлде әр әкім өзінің жеке заңы бойынша жұмыс істей ме? Сонда ол құжаттарды осы әкімдікке қарасты Сәулет және құрылысты бақылау мен Жер қатынастары мекемелері неге берген? Шындап келгенде сол құжаттарды берген мекемелер кінәлі емес пе? Сонда кінә өздерінен бола тұра жазықсыз кәсіпкерге сот арқылы неге күш көрсетеді? Бұл үйді сатып ақшасын алып, кейін үй өзіме керек деп тегін қайта тартып алумен бірдей ғой. Азаматтың конститутциялық құқығын бұзу болып табылады. Заң бойынша сот шешімінсіз ешкімді жеке мүлкінен айыруға болмайды. Мемлекеттік қажеттілікке алынған күннің өзінде оның нарықтық бағасы төленуі керек.
Алматы қаласы ауданаралық экономикалық соттың бір мәселеге қатысты жарты жылдың ішінде екі түрлі шешім шығаруы түсініксіз. Әлде әкімдік іске араласса солардікі үнемі дұрыс болуы керек пе? «ГүлАна» ЖШС соттан жеңілген соң әкімдіктің апелляциялық арыз беріп сот шешімін өзгертуін осылай ғана түсінуге болатын шығар. Бұл қазақтың «Ауызы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегеннің кері емес пе? Енді кәсіпкер Бекзәкір Құралбаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан Жоғарғы сотына арызданып, мына заңсыздықтан қорған сұрамақшы.Осы мәселеге қатысты ҚР Жоғарғы соты төрағасы мен Алматы қаласы әкімі не дер екен?...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz