ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ – ҰЛЫ МІНДЕТ

ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ – ҰЛЫ МІНДЕТ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Қоғамдық ұйымдардың қызметі елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың тағы бір маңызды факторы саналады. Үкіметтік емес ұйымдар маңызды әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды кешенді түрде шешуге септігін тигізіп келеді. Қазір Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді» дегені мәлім. Мемлекет басшысының қолдауымен соңғы кезде еліміздегі қоғамдық үлкенді-кішілі ұйымдардың, бірлестіктердің жұмысы жандана түсуде.

       Бірлестіктер қатарының артуы және қоғамға оң ықпалын тигізуі – демократиялық дамудың негізгі белгілерінің бірі болып саналады. Өйткені демократиялық заңдылық бойынша мемлекеттің иесі халық, қоғамды, мемлекеттік құрылымды сол халықтың өздері басқару керек. Ол қоғамдық ұйымдар, түрлі партиялар арқылы іске асырылады. Осындай ел көлемінде жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан бірлестіктердің бірі – «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі деп аталады. Бұл бірлестік былтыр тамыз айында құрылған. Қандай істі бастамас бұрын оның идеясы, жоспары пайда болатыны белгілі. Идея авторы, республикалық қоғамдық бірлестіктің құрылтайшысы Нұркен Асанов деген азамат. Меценат, белгілі кәсіпкер. Ширек ғасырдан бері ауылшаруашылығы саласында қызмет етіп келе жатқан белсенді азамат. Ашығын айту керек, бұл идеяны басым көпшілік бірден қызу қолдады, үкіметтік органдар да құптап, қолдау көрсете бастады. Бүгінде бірлестіктің бөлімдері республикамыздың барлық аймақтарында дерлік ашылып, жұмыс істей бастады. Бұл ұйымға елімізде ондаған мың ата-аналар тіркеліп, бірлестік жұмысына белсене араласуда.

         «Ұрпақ тәрбиелеу – ұлы міндет. Ұлы міндет қашаннан да үлкен күреспен жүзеге асырылады». Бұл ¬– «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізгі қағидасы. Ұйым алдарына болашаққа жастармен сенімді қадам басуды мақсат етіп қойған. Яғни, болашақ ұрпақты тәрбиелейтін ата-ана институтын қалыптастыруды маңызды мәселе ретінде белгілеп, осы бағыттағы белгіленген іс-шараларды нақты жүзеге асыру. «Ол үшін екі нәрсе маңызды деп есептеймін. Бірінші, мемлекеттік қолдау қажет. Мақсатты идеологиялық жұмыстар жүргізілуі керек. Отбасына жауапты барлық министрліктер бірігіп, мемлекеттік бағдарлама әзірлегені дұрыс. Осыған түбі келетін секілдіміз. Екіншіден, біз сияқты үкіметтік емес ұйымдардан құрылған платформалар қарқынды жұмыс істегені жөн. Аймақ-аймақты аралап жүріп, ұлттық идеологияны насихаттау қажет. Оны түрлі кездесулер, тренингтер, жиындар арқылы іске асыруға болады. Түсінікті тілмен жеңіл форматта жан-жақты дүниелер әзірленіп, дұрыс бағыттағы пайдалы шаралар өтіп жатса соны әрбір отбасы көреді. Жақсы дүниені көбірек көрсетсек, ата-ана да соған бейімделеді. Осы арқылы отбасыларды қорғаймыз, аман сақтай аламыз, балаларға жақсы болашақ қалыптастырамыз» – дейді «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақымбек Жолаев.

    Осындай жауапты істің Рақымбек Қуатбекұлына сеніп тапсырылуының өзіндік себебі бар. Рақымбек Жолаевтың білімі жоғары, мамандығы бойынша филолог, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы, іскерлік әкімшілік магистрі. 2002 жылы Астана қаласында Қазақ-Түрік лицейінің, 2002-2005 жылдары Жамбыл Қазақ-Түрік ұлдар лицейінің, 2005-2007 жылдары Қостанай қаласындағы дарынды балаларға арналған Қазақ-Түрік лицей-интернатының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, Дарынды балаларға арналған Көкшетау Қазақ-Түрік лицей-интернатының директоры. 2007-2011 жылдары Жезқазған қаласының дарынды балаларға арналған Қазақ-Түрік ерлер лицей интернатының, Қарағанды дарынды балаларға арналған облыстық Қазақ-Түрік ерлер лицей-интернатының директоры, 2012 – 2018 жылдары «НұрОрда» Қазақ-Түрік лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Қазақ Гуманитарлық заң университетінің проректоры қызметтерін атқарған. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап Астана халықаралық университетінің вице-президенті болған. Бір сөзбен айтқанда ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, балалар псигологиясын, ата-аналар мақсатын жетік білетін маман.

   Әрине, құрылғанына бір жыл тола қоймаған қоғамдық ұйымнан не бітірдіңдер деп қатаң сұрау орынсыз болар. Республикалық деңгейде бірлестік болғандықтан оны ұйымдастырудың өзін көп уақыт керек екені түсінікті. Дегенмен алғашқы аяқ алыстарынан бұл бірлестікке үлкен үміт артуға болатын сияқты. Оны осы санаулы уақытта тақарылған істерінен аңғаруға болады. Солардың бір қатарына ғана назар аударып көрелік.

       «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелде еліміздегі бала тәрбиесі, буллинг, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселелері қызу талқыланды. Ауқымды отырысқа сенаторлар Динар Нүкетаева, Дана Нұржігіт, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, қаланың білім саласы басшылары, ғалымдар, педагогтер, қоғам белсенділері, ата-аналар қатысты. Шараға депутаттардың мамандардың қатысуы мәселені кеңінен талқылауға мүмкіндік берді. Қазіргі кезде балалардың құқығын қорғау, оларды буллинг пен кибербуллингтен сақтау өте маңызды тақырыптардың бірі болып отырғаны жасырын емес. Сол сияқты кейбір отбасында туындаған зорлық-зомбылықтан көп жағдайда балалар зардап шегетіні де белгілі. Отырысқа қатысқандар жоғарыда аталған және өзге де балаларға қатысты мәселелерді талқылап, ұсыныстарымен бөлісті. Өткізілген іс-шараның нәтижесінде қатысушылар тарапынан аталған мәселелердің алдын алу және болдырмау бағдарламасын заңмен бекіту ұсынылды.

        Сыр өңірінің басты қаласы Қызылорда да «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ата-ана – ұстаз – оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» атты аймақтық ата-аналар форумы өткізілді.

          Бала тәрбиесіне ата-ана назарын арттыруға бағытталған игі шараға «Сенімен Болашақ» РҚБ-нің мүшелері, министрліктің өкілдері, өңір ата-аналары мен мектеп басшылары, тәрбие әдіскерлері, ұстаздар қатысты. Форум барысында өзекті мәселелер қозғалып, қатысушылар ойлары мен ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Қоғам алдында тұрған мәселелерді қалай нақты шешуге болатыны айтылды. Мектеп, ата-ана, балалар арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыру мен оған аса қажет тәрбие жұмысына бүкіл қоғам жұмылдыруы керектігіне баса мән берілді.

        Тарихы терең Тараз қаласында өткен «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты оңтүстік аймақтық ата-аналар форумында Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының ата-аналары мен ұстаздары бас қосып, өңірлерде орын алып отырған ата-ана мен балалар мәселелер кеңінен талқыланды. Бала тәрбиесінде ата-аналардың писихологиялық-педагогикалық білімі мен біліктілігін арттыруды діттеген аймақтық жиынға «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Нұркен Асанов, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Әлімбек Жұмабаев, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Талғат Ешенқұлов, Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ербол Дүйсенбаевтар қатысып, өз салалары бойынша ойларын білдірді.

        Бір емес бірнеше облыс өкілдерінің бір отырысқа жиналуы сирек болатын жағдай. Дегенмен оның пайдасы зор екені байқалды. Өйткені әр өңірдің өз ерекшелігі болатыны белгілі. Соған орай ауқымды жиын өз жұмысын қызықты, мазмұнды, мағыналы ашық диалогтық жағдайда өткізді. Басқосу барысында мамандар бала табиғатын түсіну, оның бойындағы ерекшелігін көре білу, оларды тиісінше ынталандыра білу, жасөспірім кезеңіндегі бала мінезінің өзгеру қиыншылықтары мен мәселелеріне нақтырақ тоқталып, пікір алмасып, жан-жақты талдады. Бүгінгі күні отбасында туындайтын негізгі мәселелерді зерттеп, шешу жолдарын ұсынып жүрген белгілі педагог Ғалымбек Бермағанбетов, отбасылық қарым-қатынастар бойынша білгір маман Жасұлан Сейтқалиев, кәсіби бағдар саласының педагогы Нариман Өтеубаев баяндама жасап, мәселеге қатысты пікірлерімен бөлісті. Аталған мамандар отбасы адам үшін туыстық жағынан ең жақын, ең маңызды әлеуметтік орта екенін айтып, жанұяда белгілі озық дәстүрлер, жағымды өнегелер мен ұлттық рухани құндылықтар болуы қажеттілігін ерекше атады.

     Осындай ірі іс-шаралар Атырау, Павлодар, Шымкент және өзге де қалаларда ұйымдастырылды. Бұл бірлестіктің өз жұмысын белсенді бастағанын көрсетсе керек. «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұрпақ тәрбиесі бағытында болашақта да сүбелі істер атқарады деген сенім ұялатады.

Бек МЫРЗАҰЛЫ