ИТ пен БАЛАНЫҢ ҚАЙСЫСЫ ҚЫМБАТ?!.
2022 ж. 14 маусым
767
0

Заң алдымен итті емес, адамды қорғауы тиіс!
ЕГЕР ТАЛАНҒАН, ҚАЗА ТАПҚАН БАЛАЛАРДЫҢ ОРНЫНДА ИТ ИЕСІНІҢ немесе ИТ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ БАЛАЛАРЫ БОЛСА, қалай болар еді?!.
Біздің биылғы “Балалар жылымыз” балаларды ит талауымен есте қалатын секілді өкінішке орай. Баяғыдан келе жатқан “Ит - адамның досы”деген мақал бүгінде мәнін жойып келе жатқан секілді. Қазір көшеде бұралқы иттердің көбейіп кеткені, адамдарға қауіп төндіруі жиілеп кеткені сонша, “Ит -адамның жауы” деген түйінге келіп қалғандаймыз. Өйткені, интернеттен “Ит талаған бала” деп терсеңіз, бала өлімімен аяқталған қаптаған жан түршігерлік оқиғаларға тап боласыз.
Мынау желіде тарап жүрген видеоны (парақшадан өшірілді) көргенде жаның шыдамайды! Үш-төрт жасар бүлдіршінді тайыншадай төбет тап басып талап, тулақтай жұлмалап сүйреп жүр! Қасында тағы екі-үш бұралқы ит жүр қосарланып. Шырқыраған баланы біраз уақыттан кейін келген ит иесі болу керек, жас жігіт зорға айырып алып кетті…
Ал Ақтөбеде осындай бұралқы иттердің талауынан 12 жасар бала азапты күйде көз жұмды. Баланың әке-шешесінің Ұлттық арнаның “Мың бір түн” хабарына қайғырып отырып айтуынша, тағы да бір қызды оншақты ит талап, ауруханаға түскен. Ал ол маңда бұралқы иттер әлі жүр екен…
2018 жылы 6 қараша күні де Талдықорғанда ит талағаннан Марғұлан атты 7 жасар бала көз жұмды. Бұған куәгер болған Самғат Мұратұлы: “Далаға жүгіріп шықсам, жолда баланы екі ит талап жатыр екен. Біреуі аяқ жағынан, екіншісі басын тістеп, жұлмалап жатты. Үйден қолыма түскен темірді алып, иттерді ұра бастадым. Әрең дегенде бір ит кетті. Ал екіншісі оның артынан жүгірді. Балаға тұр, тұр үйге кір-кір деп едім, ол әйтеуір тұрды да жүгіріп кіріп кетті. Ал баланың бетіне қарау мүмкін емес. Бірден жедел жәрдем шақырдым. Олар 15 минутқа жетпей тез келді», - дейді Самғат Мұратұлы ҚазАқпарат тілшісіне.
“Самғат баланы ит қалай талағанын айтқаны туралы жазу мүмкін емес. Жан түршігеді.... Ал тұңғышынан айырылған әке Сымбат Шектібаев ауласында жеті ит өсірген үйдің иесі мен иттердің иесі де жауапқа тартылсын дейді”-деп жазады тілші.
2020 жылы Ұлыбританияда бес жасар Райдер Уэллс екі ротвейлер тұқымды иттің шабуылынан кейін достарының арасында мазаққа айналды деп жазған еді Stan.kz ақпарат агенттігі The Mirror басылымына сүйеніп.
Қайғылы оқиға балаға бір жас тоғыз ай болған кезде орын алған. Ол бүкіл оң жақ бетін, қасының төменгі бөлігін, еріннің 75 пайызынан айрылған. Тістері мен қолы сынған, оң өкпесі тесілген. Дәрігерлер баланың анасын Британиге бәріне дайын болуын сұраған.
Райдер Уэллске 50 пластикалық ота жасалған. Бала балабақшаға барып, қайтадан тамақтану мен ішуді үйренуге тура келген. Анасының айтуынша, дәрігерлердің Райдерді осындай сұмдық жағдайдан аман алып қалуы ғажайып құбылыс.
Бұдан бір аптадай бұрын да Алматыдағы өлімші боп таланған бала туралы хабарды көрген едік. Ал ол балаларды талаған иесі бар иттер әлі атылмаған екен… Иттерді ату аз, иесін де қатаң жауапқа тартып, ауыр айыпақылар салынуы керек. Ешкім де, ит те адам өмірінен артық емес!
Тиісті мамандардың айтуынша, адамға қауіп төндіріп, шабуыл жасамайынша, бұралқы иттерді атуға болмайды екен. Ал ит талағанын күтіп отыратын болсақ, ол адамды талап, майып еткесін ол итті аттың не, атпадың не?!.
Егер заңға осындай миға сыймайтын талапты енгізуге үлес қосқандардың өздерінің балаларын қабаған иттер таласа, қалай қарар еді?!.
Яғни, сөздің қысқасы, бұл жан-жануарлар туралы заңның шикілігін мойындап, тез арада түзетуге тиіспіз.
Заң алдымен итті емес, адамды қорғауға жұмыс істеуі керек!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні