Алаш ардагерлерінің заңды мұрагерлеріндей Қазыбектер көп болса…

Алаш ардагерлерінің заңды мұрагерлеріндей Қазыбектер көп болса…

БІР НИЕТ

Парламент ~ Мәжілісінің ғимаратына қарай аяңдап келеміз. Мәңгілік Ел көшесіндегі еңселі, зәу сарай.

...Дүниежүзіндегі ең кәрі парламенттің тағаны б.э. 930 жылдары пайда болған көне Исландияның жергілікті аманат жиыны Әльтинг (Alþingi). Соңыра Исландия мен Норвегия біріккенге дейінгі 300 жыл, содан кейінгі шамамен 550 жылдарда мәслихат құрып, 1881 жылы дегенде тұңғыш өз ордасын жеке тіккен тұстан бастап қолайлы өкілдермен ақылдас жасайтын аманат үйі пайда болса керек. 

Парламент - өкілдік орын, зайырлы Елдің заң шығарушы органы. Бұрындары келдім бәлки келмедім есімде жоқ. Бұл жолы қазақ тілінің мәртебесі үшін күресіп жатқан (Қазақ руһаниятының заңи штабы есебіндегі ең үлкен заң шығарушы киелі ошақ Р.С) Мәжілістің сыртқы сыңайын бір мәрте көргім келген. Ол жерде ақын ініміз Қазыбек Иса бар. Замана жүгін көтерген көптеген азаматтардың нақ майданы осы ортада һәм мәслихат үстінде өтсе керек. Солардың ұлағатты жалғасы осы ақын, жөндемгі жігіт ағасы. Мемлекеттің кіндік төріндегі өкілдердің сөйлейтіні елдің сөзі, көтеретін тауқыметі ~ Елдің 

туы, жұрттың қамы. Өкілдік деген ~ күмәнсіз сенім,күдіксіз  

аманат,үздіксіз іс, үлкен жауапты,сауапты арқалау. Қазақ ақыны ~ депутат болмаса да өз елінің мәңгілік өкілі. Дала даналығын бойына жинаған мәнімен дейік... 

...Ұлыбританияда Лордтар, Алманияда жалқы Бундестаг, Францияда Сенат және Ұлттық мәжіліс қатарлы атақты дерлік парламенттерде де ақындар, жазушылар өте көп болған. 

Жалпы кеңес пен мәслихаттар тауыриһатында бар нәрсе бұл. Ежелгі Гректің заң шығарушысы Солон (Платонның туған ағасы) ақын еді дейді. Мәміле кеңес,келісім мен бітім шебінде, уақыттың көшбасында ақындар, сөз зергерлері болған. Оларды бұқара жұрт жақсы таниды, жете тыңдайды. Ең керегі бұқара тарапы аз да болса ақынға сенеді. Шалажансар ортаға «тіл бітіретін» де солар деп... Иә. Парламент ет жүректі сүт коректілердің қалаумен отыратын жері осы болғанымен ет пен терінің арасында да өмір сүре алатын екіжүзді жағымпаз, әсірешоумен, саяси әртістерді бордақылайтын алаң емес. Бұл ортада ой жарыстыратын саяси аламандар тұратын мемлекеттік киелі мінбер. 

Француз данышпаны Рене Декарт (1596-1650) «мен ойлағандықтан бармын» дегені есте. Бұл ортада ойлайтын адам сөйлей де алады. Референдум, қандастар қамы, мемлекеттік тілдің ата заңдағы мәртебесін айқындау, ана тілі туралы түрен салған шайыр Қазыбек жалпыұлттық деңгейдегі құндылықтардың қасынан үндемей өтпейтін әрі жасқанбайтын тұлғаға айналып келеді. Кім не десе о десін!? Шектен шыққан шенеуніктердің құлағын бұрау, өз ана тілінде сөйлемейтіндердің басына әңгіртаяқ ойнатып жүрген қызықты депутат. Жаңа Қазақстанның іргесі беку жолында осы Қазыбектер тақылетті халық қалаулылары кө-ө-п болса!? Алаш ардагерлерінің заңды мұрагерлеріндей! 

Кезінде Шерхан Мұртаза, Амангелді Айталылар өте қызықты әрі әккі саясаткер есебіне саналатын-ды. 

Ресей думасында Жирик (Жириновский) деген типтік тұлғаны тыңдайтын сайлаушы мыңдап миллиондап болды дейді. Уәлітемір Бөліпұп Жиреншіоғұлы әуелі осы Қазақстанның тумасы екен!? Сондай бір депутат керек расында бізге. Сонымен солай Қазыбекпен жолықтық. 

Жайлап кеңестік. Жаяулап көшемен аяңдадық. Ақындықтың жақындығымен алыс,жақындағы ел жердің басынан өтіп жатқан қыруар мәселелер төңірегінде аз,кем аялдадық... Бір байқағаным; Қазыбекті көшеде өте көп адамдар таниды екен. Кіреберістен шығаберіс аралығындағы мүйісте бір топ кексе әйелдер күтіп тұрды. Бәрі де күнқақты, әділдік іздейтін мәнзелді. Тауқыметтері де сонша күрделі емес... Соны оң шешуге депутаттардың бір ғана дұрыс хаһи жауабы болса жеткілікті секілді. Халықтан сайланып алып, олардан қыңа қыңырая қашатын депутаттардың бұрынғы бұла күні өткені байқалады. 

Қалай дегенмен де реформалар жүйесі енді оң тараптан ендіріле бастаған тәрізді. Олай десек: Парламент ~ зікірхана, ұйқыханадан да өзге ең жариялы ең ұтымды ұлы пікірхана! Сол қадірлі шаруаның бір ұшынан демесіп, елмен селбесіп жүрген Қазыбек ақынға дүйім ел-жұрты сене бастауына біз де көңілденіп, кеңейіп қалдық. 

Біздікі тек ізгі ниет, риясыз көңіл ғана.

Сұраған Рахмет, 

Фейсбук парақшасынан