Президент тапсырмалары қоғамдық ұйымдар назарында

Президент тапсырмалары қоғамдық ұйымдар назарында

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке жүктеген міндеттерінің орындалу барысын арнайы мониторингілік топ қадағалайды.

«Біздің қоғамдық ұйым биыл жыл басында құрылды. Мақсат – Президент жүктеген тапсырмалардың орындалу барысын қадағалау. Жұмысқа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі мен әдіс-тәсіліне сүйене отырып кірістік. Қоғам тарапынан бақылау жүргізіп, талдау жасау жұмыстың тиімділігін арттырады. Әрине, ол үшін қоғам белсенділік таныту керек. Тағы бір маңызды жайт кез келген қоғамдық мәселені шешу үшін көшеге шығудың немесе айқай-шу шығару міндетті емес. Билік пен халық бір-бірін ести білген жөн. Біздің міндет халықтың мұң-мұқтажын Үкіметке жеткізу және проблеманың шешілуін қадағалау», – деді «Ел намысы» арнайы мониторингтік тобының төрағасы Рафаэль Гасанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аталған қоғамдық ұйым жұмысына кез келген белсенді азамат өз үлесін қоса алады. Құрылған 4 айдың ішінде «Ел намысы» арнайы мониторинг тобына ерікті мүшелердің саны еліміз бойынша 1 мыңнан асқан.

Мониторингтік топ басшысының мәлімдеуінше, қоғамдық ұйымға ақпарат еліміздің түкпір-түкпірінен келіп түседі.

      «Ел намысы» арнайы мониторингтік тобының мүшесі Дидар Смағұловың мәліметінше мемлекеттік сатып алу саласына қоғамдық бақылау жүргізу барысында бірнеше заңбұзушылық анықталып, нәтижесінде 40 хаттама толтырылған. Сонымен қатар 12 қылмыстық іс қозғалды. Нәтижесінде 16 млрд. теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алу бағасын қолдан өсіру жайты анықталған. Қоғамдық ұйым жұмысын бастағалы елімізде 13,5 мыңнан астам азаматтың қатысуымен 500-ден астам кездесу өтіп, оның ішінде 615 азаматтың мәселесі жеке қаралып, құзырлы органдарға хат жолданды. Президент Жолдауында айтылғандай қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыру оң нәтиже бере бастады.

qazaquni.kz