Жер жәннаты - Жетісу облысының тұңғыш әкімі Бейбіт Исабаев
2022 ж. 11 маусым
1169
2
Осы уақытқа дейін журналистикада екі бас редактормен ғана жұмыс істеген екенмін. Біріншісі - мектеп мұғалімдігінен кейін 1991 жылы алғаш қызмет істеген газетім - еліміздегі тұңғыш демократиялық басылым - “Жас қазақ” қоғамдық-саяси апталығының бас редакторы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет. Екіншісі де - еркіндіктің желі ескен жастар басылымы “Өркен” газетінде 1992 жылы істедім. Кезінде дүрілдеп тұрған бұл басылымның бас редакторы белгілі қоғам қайраткері, бес елде беделді елші болған, Алматы қаласы әкімінің екі рет орынбасары, Ақпарат және мәдениет вице-министрі болған, экс сенатор, бүгінгі Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев болды.
“Өркен” газетінен мен 1993 жылы тура 15 қарашадан - төл теңгеміздің өмірге келерінен бір күн бұрын кеттім. Сонда мен былтыр 2021 жылы Парламент Мәжілісі депутаты болғанға дейін 28 жыл елге жалақы беріп келгенмен, өзім мемлекеттен теңгемен айлық алып көрмеген екенмін. Бұл ой менің басыма былтыр Мәжілісте Қазақстан Республикасы Президентінің Парламенттегі Өкілдігі басшысы Бейбіт Исабаевпен кездесіп, өткен-кеткенді еске түсіргенде келді…
Бейбіт Исабаев қай жерде, қандай қызмет істесе де, қарқынды қайратпен жемісті еңбек етіп келеді. Оған қамсыз қарап отыру жат, тынымсыз ұйымдастырушылық пен тындырымды еңбек, ілкімді іскерлік тән. Бір ғана мысал, қырғыздар былтыр күзде Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы мәдени күндері екі елдің ынтымағын жарастыруға ерекше үлес қосқан елші Бейбіттің еңбегін ұмытпай, арнайы шақырып алып, президент Садыр Жапаров омырауына орден тағып, марапаттап қайтарғанына куә болдық.
Жер жәннаты Жетісу облысының тұңғыш әкімі Бейбіт Өксікбайұлы қасиетті жер атын алған жаңа облыста жаңа қарқынмен қажырлы қайрат танытып, жемісті еңбек етіп, ел үмітін ақтай береді деп сенім білдіріп, Ақ жол тілейміз.
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні