Президент опат болған «АрселорМиттал Теміртау» жұмысшыларының жақындарына көңіл айтты
2022 ж. 11 маусым
825
0
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында қаза болған жұмысшылардың жақындары мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жеделхаттың мәтінін Президенттің баспасөз қызметі жариялады.
– «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының цехында болған апат салдарынан қазаға ұшыраған жұмысшылардың отбасылары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуді тапсырдым, – деп жазылған Мемлекет басшысының жеделхатында.
Еске сала кетейік, Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» цехында металлургиялық пештерді жөндеу кезінде пеш күмбезі құлап, салдарынан 5 адам топырақ астында қалғанын жазған болатынбыз.
Кейіннен топырақ басып қалған 4 адамның көз жұмғаны белгілі болды.