СОЛТҮСТІККЕ ХАЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ТОЛТЫРАМЫЗ және ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ ТӨМЕНДЕЙ МЕ?

СОЛТҮСТІККЕ ХАЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ТОЛТЫРАМЫЗ және ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ ТӨМЕНДЕЙ МЕ?

Қазір елімізде Солтүстіктегі халық санын көбейту мен зейнет жасын төмендету мәселелері жиі көтерілуде. Кеше ел аралап келген депутаттардың алдындан да осы сұрақтар шықты. 

   «Ақ жол» фракциясы бұл мәселелерді бұрыннан көтеріп келеді. Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аударушылар мәселесін бірнеше рет көтердік, депутатық сауал да жасадық. Зейнетақы жасын төмендету тақырыбын да жиі қозғап келеміз. Мысалы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың айтуынша, атышулы «Қазтелекомның» бір жылдық табысы 278 млрд теңге болады екен. Бұл зейнетақыға кететін 2,5 триллион теңгенің 10 пайызынан астам қаржы. “Қазтелеком“ секілді сан миллиардтаған табыс тауып отырған квазимемлекеттік компаниялар бізде жеткілікті. Яғни, әйелдердің зейнетке шығу жасын кеміткендегі 5 жылдық айырмашылық суммасы 2,5 триллионнан көп есе аз екені анық. 

Ал, оның үстіне, табиғи байлығымызды пайдаланатын ұлттық және шетелдік компаниялар қаншама? Олардың табыстары, бюджетке түсетін үлесі халық үшін әлі құпия. 

Яғни, Үкімет әділетті әлеуметтік саясат жүргізсе, зейнетақыға жұмсалар қосымша шығынның орнын толтыруға болады деп ойлаймыз.

Биыл 2022 жылы 11 сәуірде Тамара Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі боларда депутаттардың келісімін алу үшін Парламент Мәжілісіне келгенде, біз осы зейнетақы жасы мен Солтүстікке қоныс аударушылардың «Еңбек» бағдарламасы туралы мәселе көтерген едік.

1.СОЛТҮСТІККЕ ХАЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ТОЛТЫРАМЫЗ?

-Тамара ханым, Сізге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таңсық емес. Осымен екінші рет келіп отырсыз, бұл жұмыстарда Сізді жақсы білеміз. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып кеткендердің ішінен жақсы атпен кеткендер өте аз. Бірақ сол жақсы атпен кеткеннің бірі сізсіз. Сондықтан екінші рет келіп отырғанда бұрынғы істеген істеріңіздегі кемшіліктердің ішінде түзейтіні болса, соларды өзгертемін деп келіп отырған жоспарларыңыз да бар шығар. Сізге табыс тілей отырып, бір-екі сұрақ қояйық. 

      Жаңа «Еңбек» бағдарламасы жөнінде айттыңыз. Біз өткенде сайлаушылармен Солтүстік Қазақстан облысында кездестік. Оңтүстіктен қоныс аударушылардың әрқайсысының үйіне кірдік. Бұл мәселе бұрыннан көтеріліп жүр, біздің «Ақ жол» фракциясы депутаттық сауал да жасағанбыз. 

 «Еңбек» бағдарламасы қабылданған 2018 жылдан бері төрт жылда теріскейге келгендер саны 6 мыңның айналасында болуы керек ұмытпасам, 10 мыңға жете ме - жетпей ме? Оның ішінде 600-дейі қайта кетіп қалған. Оның барлығы оңтүстіктен келіп жатыр. Олар келеді, жағдай болмағаннан кейін қайтып кетеді. Оған себеп үкіметтік кедергілер және заңдық тетіктердің жоқтығы. Оларға солтүстіктегі мемлекеттік тілдің қолданылуының кемдігі де кедергі келтіреді.

Біріншіден, осы мәселені жетілдіру жөнінде қандай жоспарларыңыз бар?  

Екіншіден, осы мәселеде Үкіметтің оңтүстіктен солтүстікке әкелген қоныс аударушылары төрт жылда бар болғаны 6 мыңның айналасында екенін жаңа айттық... Ал бір жылда 10 мыңдай адам алып келемін деп отырған азаматтар бар. Мысалы, белгілі кәсіпкер Ибадулла Қалыбеков Өзбекстаннан 25 мыңдай адам алып келіп, Шымкенттің іргесінен айшықты «Асар» қалашығын салды. Бірақ енді оңтүстіктен солтүстікке адам әкелемін десе де, сол екі жылдан бері осы мәселеге қол жеткізе алмай жүр. Ибадулла Қалыбеков сияқты кәсіпкерлер көп, қоныс аударушылар алып барайық деген. Солардың барлығына жол беру керек, өйткені «Еңбек» бағдарламасының стратегиялық маңызы зор. Өйткені, «Бос жатқан жер жау шақырады» дейді атам қазақ... 

Т.ДҮЙСЕНОВА: Бірінші мәселе – солтүстік өңірлерге азаматтарды тарту жөнінде. 2018 жылға дейінгі бағдарламаның аясында қараған кезімізде былай жасалған болатын. Мысалы, солтүстік өңірлергее жұмыс берушілерді шақырып, сол жерде жұмыс орны болса, сол кезде қоныс аударушылар көшірілсін. Себебі оңтүстіктегі жұмыссыздық мәселесі олар көшіп барып, солтүстіктің мәселесіне айналмауы керек. Сондықтан біз 2018 жылға дейін солай жасадық та, ол кезде азаматтар аз барды. Бірақ көпшілігі негізінен жұмысқа тұрып, үйлі болып кеткен. 2018 жылдан кейінгі механизмді тағы да қарастырайық. 

- Оны қайтадан қарастыру керек. 

Т.ДҮЙСЕНОВА: Дұрыс бағыт болу керек. Мен оны қарастырып, механизмдерін көрейін, жергілікті жердегі азаматтармен ақылдасайық, содан кейін барып қайтадан өзімнің пікірімді айтармын. Бүгін мынаны былай өзгертемін деп айта алмаймын, себебі мен олардың бағдарламасын көруім керек.

-Өз бетінше мыңдаған адамдарды алып келетіндерге жол ашу жөнінде?

Т.ДҮЙСЕНОВА: Егер ол азаматтар келіп, жұмыс болатын болса, жұмыс орындарын өздері аша алатын жағдайы болса, ол, әрине, мүмкін. Егер жұмыс орны болмаса, мысалы, оңтүстіктен 20 мың жұмыссызды апарып, солтүстікте жұмыссыз қылып қойғаннан не пайда? 

Қазыбек аға, егер оларды апаратын болсақ, біз олардың мәселелерін шешуіміз керек. Әрине, өңірге де дұрыс жасау керек. 

1.ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ ТӨМЕНДЕЙ МЕ?

Екінші сұрағым, әйелдердің зейнеткерлік жасы жөнінде, ол сұрақ та қазір жиі қойылуда. Өзіңіз де нәзік жандардың бірісіз, бірақ сіздер секілді Үкімет пен Парламентте отырған әйелдерге әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесі жақпайтынын жақсы білеміз... Кезінде сол жерде отырғандар әйелдердің зейнет жасын көбейтіп жіберуге үлес қосқан болуы керек. Ал осы мәселені көтеріп, зейнет жасын төмендетуге келген кезде олар жұмған ауыздарын ашпауға тырысып, қайта қарсы болады. Жаңа Сізге осы сұрақ қойылды, соған толық жауап берсеңіз. 

Мысалы, мен өзім Түркістан облысы Шардара ауданында мектепте жеті жыл мұғалім болдым. Біздің кезімізде 25 жыл еңбек өтілі бар мұғалім өз еркімен зейнетке шығуға болатын еді, қазір сол жоқ. Мысалы, ел аралағанда 60-қа жақындап қалған мұғалима апайлар бізбен кездескенде айтады, «біз сабақ беріп тұрып, сабағымызды ойлаудан бұрын қазір қан қысымым көтеріліп құлап қалмасам болды» деп уайымдаймын»-дейді. Сонда қандай білім болады? Осы мәселені қайтадан бұрынғы қалпына келтіруге болатын шығар, бұрын қолданыста болған нәрсе. Жалпы, әйелдердің зейнет жасын төмендету туралы өзіңіздің ойыңыз қандай? 

Т.ДҮЙСЕНОВА: Зейнетақы жасы жөнінде, біз 1998 жылы «Зейнетақы туралы» Заңды қабылдадық. Сол заңға сәйкес әйел азаматтар 20 жыл, ер азаматтар 25 жыл стажы болып, әйелдер 58 жаста, ер кісілер 63 жаста шығатын еді. Бірақ стаждың төмендегеніне байланысты, мысалы, 2016 жылы әйел азамат зейнеткерлік жасына келіп, еңбек стажы 20 жыл болатын болса, ол кісі қазір базалық зейнетақымен 100 мыңға жуық зейнетақы алып жатыр, ал 2018 жылы шыққан 15 жылдық өтілі бар әйелдер 60 мың теңге алып жатыр, себебі стажы кем. Егер біз қазір оларға зейнет жасын 58 жас, болмаса 55 жас қояйық дейтін болсақ, ол 50-ден 30 мыңға түседі, себебі стажы төмен. 

Зейнеткерлікке шыққанда сол зейнетақы жасындағы жағдайды жасауымыз керек. Ол жасты ұзартудан ба, жоқ болмаса зейнетақы қорларындағы қаражатты көбейтуден бе, соны қарастыруымыз керек. Бұл бойынша Үкімет біраздан бері жұмыс істеп жатыр, мен оған қатыса қойғаным жоқ. Сондықтан қатысып көрейін, содан кейін айтайын. 

Бірақ, оны бұрынғы қалпына қайтарғанымен одан зейнетақы көбеймейді, зейнетақы кемиді, одан екінші проблема пайда болады.

Қазыбек Иса, 

Қазақ үні