Шығармашылық одақтарды қаржыландыру заңмен бекітіледі – Қазыбек Иса

Шығармашылық одақтарды қаржыландыру заңмен бекітіледі – Қазыбек Иса

Бүгін Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналаған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды. Біздің атап айтатынымыз, бұл заң жобасында шығармашылық одақтар шырылдап жүрген қаржыландыру мәселесі заң жүзінде шешілмек.

Былтыр, 2021 жылы 23 маусымда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, "Ақ жол" партиясы фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа еліміздегі шығармашылық одақтарды қаржылық қиындықтан құтқару мәселесін көтерген «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын жариялаған еді. Оның алдында дәл осы қоғамдық ұйымдардың мәселесі бойынша Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени комитеті арнайы республикалық дөңгелек үстел өткізген болатын. Онда да депутат Қазыбек Иса мен шығармашылық одақтар жетекшілері баяндама жасаған еді.

Сол кездегі Мәжілістің жалпы отырысында жасаған депутаттық сауалымыздан басты мәселелерді келтіріп, еске сала кетейік. 

-Қандай елдің дамуында да, ең алдымен мәдениеттің маңызы зор!

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Англияның әйгілі премьері Черчилльге қаржы министрі ел бюджетін көрсетеді. Сонда ол “Мәдениеттің шығындары қайда?” деп сұрайды. “Қайдағы мәдениет соғыс кезінде?” депті министр. Сонда Черчилль: “Ал біз онда не үшін соғысып жатырмыз, егер мәдениетті қорғап қала алмасақ?” деген екен.

Иә, “Егер Тілің мен Мәдениетіңді сақтай алмасаң, шекараңды аша сал, бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес!”-деп, Нельсон Мандела турасын айтқандай, елдің ең басты қорғаны – Тілі мен Мәдениеті.

Сондықтан да, ең бастысы, Ұлттық болмысымыз Ұлттық мүддемізді қорғауға лайық болуы үшін, мәдениетіміздің мәйекті болуына басты назар аударуға тиістіміз.

Мәдениетімізді қолдауға баса назар аударып келе жатқан Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылы Шығармашылық одақтарды қолдау қоры құрылған еді. Қазір бұл қордың жұмысы әлі жүрмей жатыр. Шығармашылық одақтар шырылдауда, қаржы жоқ деп, ал Мәдениет министрлігіндегі шығармашылық одақтарды қолдау үшін бюджеттен бөлінген 257 миллион теңге де игерілмей қалды. 

Себебі, шығармашылық одақтар құжаттары конкурстық талаптарға сәйкес келмеді дейді министрлік. Өздері күн көре алмай отырған шығармашылық одақтар осылай құдайдың өзі жіберіп тұрған өздеріне тиесілі сыбағасынан айырылып отыр. Мұны қазақ «Кедейдің аузы сүтке тигенде, мұрны қанайды» дейді...

Мұндай, қаржылық қиын жағдайда, шығармашылық одақтар өз мүшелеріне қалай қолдау жасай алады? Негізінен, шығармашылық одақтардың қиын жағдайы оларды қаржыландыру тетіктерінің заңнамалық тұрғыда тиімді жолға қойылмағандығынан болып отыр.

Шығармашылық одақтардың мұңын да, министрліктердің жырын да түсінуге болады. Өйткені, біздің заңымыз бойынша ұлттық мүддемізді қорғауға рухани нәр беретін, ұлтшыл рухты ұрпақтар тәрбиелейтін Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, театр, кино одақтары, яғни Ұлттық тәрбиеге үйрететін одақтар мен ...ит үйрететін одақтардың рөлі бірдей. Мұндай, 22 мың ұйымның бәріне бір көзбен қарап отырғанда, бұл мәселе ешқашан шешілмейді.

Сондықтан, Ұлттық болмысымызды қалыптастыруда маңызы зор шығармашылық одақтардың рөлін арттыру үшін мемлекеттің стратегиялық серіктестігі ұғымын енгізу кезек күттірмес мәселе деп білеміз.

Биыл Тәуелсіздігіне 30 жыл толып жатқан елімізде, соғыс кезі емес, құдайға шүкір бейбіт кезеңде Мәдениетіміз бен Тілімізді сақтап қала алмасақ, біз не үшін отырмыз бұл жерде?

Егер үкімет бұл мәселені жақын арада шешпей, сүйрете беретін болса, біз заңға өзгерістер енгізуді өз қолымызға аламыз.-деп, Үкіметке үш ұсыныс жасаған едік. 

Олар:

1. Шығармашылық одақтарды қаржыландыруды заңнамалық тұрғыдан шешу үшін оларға мемлекеттің стратегиялық серіктесі статусын беру керек;

2. Шығармашылық одақтардың мемлекетпен әріптестік қызметін жандандыру үшін мәдениет пен өнерді дамыту гранттарын тағайындау қажет;

3. Ұлттық болмысымызды жат болмыстан қорғау үшін ұлттық идеологиялық, Ақпараттық-рухани қауіпсіздік тетіктерін жасауды шұғыл қолға алу керек.

Бұл депутаттық сауалға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановтың жауабы да келген. «Заң жобасы қабылданғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет саласының әрбір бағыты бойынша (кино, театр, музыка, жазушылар және т.б.) шығармашылық одақтарға стратегиялық әріптес мәртебесін ұсынуды жоспарлап отыр»-деген вице-премьердің шығармашылық одақтарға стратегиялық әріптес мәртебесі берілетінін хабарлаған жауабын қуана жариялағанбыз.

 Оған біраз шығармашылық одақ басшылары үн қатып, үміт отын үрлеген.

«Осы істің тыңғылықты тиянақталуын тосып-ақ жүрген жайымыз бар». - деп жазды Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет.

«Іске сәт! Біз де тақымымызды қысып, күтіп отырмыз!»-деп тілектестік танытып жүр Арқадағы арқалы ақын Серік Ақсұңқарұлы ағамыз.

 «Суретшілер одағын парламенттегі жиынға қатыстырып, баяндама жасатқанды және депутаттың одақтың шаңырағына бас сұққанын тұңғыш рет көрдік» дейді қуанып Суретшілер одағы төрағасы Өмірбек Жұбанияз.  

«Біздің жағдайымыз енді дұрыс болады ма?»-деп, Театр қайраткерлері одағы төрағасы Тұңғышбай Жаманқұл бастаған түрлі шығармашылық одақтардың төрағалары телефонмен де, кездескенде де алдымен сұрайды.

Қазір Мәжілісте аталмыш заңға өзгерістер енгізу жайлы жұмыс тобы өз жұмысын қорытындылады. Биыл бұдан үш ай бұрын бұл заң жобасының бірінші оқылымы қабылданған болатын. Енді бүгін екінші оқылымы қабылданып, Сенатқа жіберілді. 

Құдай қаласа, шығармашылық одақтарға да шыр бітер жағдайға жетерміз деп ойлаймыз.

Бүгін жұрт назарына Мәжілістің бұдан бұрынғы ақпан айындағы жалпы отырысында заң жобасының бірінші оқылымы қабылданғанда маңызды баяндама жасаған сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілеповке қойылған сұрақ пен нақты жауаптың видеосын ұсынамыз.

Қазыбек Иса, 

Қазақ үні