Ұлттық банк төрағасы азық-түлік бағаларының өсуі мүмкін екенін айтты
2022 ж. 07 маусым
1092
0
Жылдық мәнде инфляция мамырда 14 пайызға жетті. Бұл туралы елордадағы баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы жылдың қорытындысы бойынша инфляцияны 13-15 пайыз деңгейінде болжап отырмыз. Сыртқы және ішкі азық-түлік нарықтарындағы баға динамикасын ескере отырып, тамақ өнімдері бойынша бағалар өсуі мүмкін. Бұл болжам Үкіметтің инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруды ескере отырып жасалды. Осы қадамдар тұтыну нарықтарының теңгерімді дамуын қамтып отыр. Осы іс-шаралар кешені табысты іске асырылған кезде инфляция болжамның төменгі шегіне дейін түсуі мүмкін», - деді Ғ. Пірматов елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі біршама жеделдеуі мүмкін. Ақылы қызметтердің инфляциясы 2021 жылдың жоғары базасына байланысты бәсеңдейді.
«Реттелетін коммуналдық қызметтер бағасының оларды көтеруге мораторий аяқталғаннан кейін қымбаттауы тәуекелдері болуы ықтимал. Сондай-ақ жоғары инфляциялық тәуекелдер аясында нарықта көрсетілетін қызметтер бағасының өсуін атап өтеміз», - деді ҰБ басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлемені 14 пайыз деңгейінде сақтауға қатысты пікір білдірді. Жылдық мәнде инфляция мамырда 14 пайызға жетті.