Саясаткерлер келеді-кетеді, ХАЛЫҚ қалады - Назарбаев

Саясаткерлер келеді-кетеді, ХАЛЫҚ қалады - Назарбаев

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа эксклюзивті сұхбат беріп, онда алдағы референдум, мемлекет басшысы және қаңтар оқиғасы туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сұхбат қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың Telegram-арнасында жарияланды.

- 5 маусымда Конституция берген құқығымды пайдаланып, референдумда дауыс беруге міндетті түрде қатысамын. Еліміздің Негізгі Заңы қатып қалған құқықтық жәдігер емес, қазақстандық қоғамның өмірін, ондағы болып жатқан өзгерістерді көрсететін өміршең тетік екенін үнемі айтып келемін. Өзгерістер бұрын да енгізілген, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы «Егер бұл заман талабы болса және қоғамның алға жылжуына, демократиялық дамуына үлес қосатын болса, Ата Заңға әр ұрпақтың өзгертулер енгізуге құқығы бар» деп есептейді.

Сондай-ақ Елбасы «қаңтар оқиғасы бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді» деп атап өтті.

- Жоғарыда атап өткенімдей, бұл ұйымдасқан тәртіпсіздіктер мен Қазақстанға жасалған шабуылдардың мақсаты – елге бейберекеттік себу, мемлекеттің тұтастығын бұзу болды. Болған қайғы бәрімізге сабақ болды. Осы погромдар мен кісі өлтірулердің барлығын ұйымдастырудың артында кім тұрғанын анықтау маңызды. Тергеу бұл сұраққа жауап беретініне сенімдімін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы алдағы жоспарларымен де бөлісті.

- Жалпы, саясаткер отставкаға кеткеннен кейін не істейтіні маңызды емес деп ойлаймын. Саясаткерлер келеді, кетеді, бірақ халық пен ел қалады. Ең бастысы, еліміздің одан әрі дамитыны және алда бізді қандай өзгерістер күтіп тұрғаны. Менің президенттік қызметімде біз барлық жақын көршілерімізбен, Батыс әлемінің елдерімен сенімді қарым-қатынас орнаттық. Біз халықаралық саяси аренада құрметке иеміз және бізде ешкіммен қайшылықты жағдай туғызуға болмашы алғышарттарымыз да жоқ. Қазақстандықтар демалысқа немесе іссапарға шетелге еркін шығады. Оларға әрқашан құрметпен қарайды. Қазақстандықтар шетелге жұмыс іздеп кетпейді, - деді ол.