ҚУҒЫНМЕН ӨТКЕН ӨМІР

ҚУҒЫНМЕН ӨТКЕН ӨМІР

Тарихта әлі ашылмай жатқан неше бір заманға лайық азаматтар болған. Олар Кеңес өкіметінің өркендеуіне ғана емес, қоғамның дамуына да өзіндік үлестерін қосқан. Алайда 1931-1933 жылдары «халық жауы» атанып, өмірлері қуғын-сүргінде өткендер қаншама?!

Тағдырлары қиындық пен азапты өмірдің алуан түрлерін де бастарынан кешірген бірі түрмеде өліп, енді бірі хабарсыз кетсе, тағы біреулері қашумен өткізген. Бұлардың ішінде бір ауылдан қамалғандар да аз болмағаны да шындық. Бірі тірі қалса, енді біреулері көп уақыт қуғын көріп, жақсы өмірді бастарынан өткізбеген. Сол адамдардың өмірбаяндарына үңілер болсақ, көбі сауатты, әрі ауылдың атқамінер азаматтары әрі зиялы да болған екен.


– 1930-шы жылдардың ашаршылығы нәубеті елге оңай тимегенде «халық жауы» деген жаламен ұсталғандар мен тергелгендердің арасында бізге жақын туысымыз Қашаған Елгезеков деген ағамыз болды, – дейді сексеннің сеңгіріне келген қария Дүнгенбай Қодасбайұлы бізбен әңгімелескенде.

– Ағамыз Кеңестің, содан кейін Қытайдың азаптау түрмесіне түсіп, бертінге дейін өмір сүрді. Бірақ халыққа жасаған еңбегі еленбеді, – деп Қашағанның өмір тарихы туралы біраз деректер айтқан болса, осындай қуғынды көрген Әлікен Сәрсенбаев деген кісінің тағдыры да Қашаған ұқсастығы жөнінде әңгіме еді.

Бір қызығы, екеуі де бір ауылда тұрыпты. Екеуі екі елдің түрмелеріне түсіп аман шығып, туған жерлерінен келген. Қария ол кісілерді көріп, араласқан.

Қашаған Елгезеков 1906 жылы қазіргі Алматы облысы Райымбек ауданы Қайнар ауылында дүниеге келіпті. Кеңес өкіметі орнағанда Жаркентте оқып білім алып, комсомолға өтеді. Заманға лайық қызмет істеген. Айт ауылында комсомол хатшысы болып қызмет етеді. 1931-1933- жылдардағы ашаршылықта туысқандары Қытайға кетіп, шекара асқанда НКВД-ның адамдары Қашағанның артына түсіп, қудалай бастайды. Тергеуге алып, «қамамаймыз, соттаймыз» дегенде олардан әрең құтылып, Қытайдың шекарасынан өтіпті.

Шекараның арғы жағы да ол жылдары оңып тұрмағанын көзімен көреді. Қашқан елді қалмақтар тонап, малдары мен астарындағы аттарын тартып алып, тендіретіп жібергендердің куәсі болады. Бір отбасының мүшелері бір-бірінен ажырап, әр жаққа кеткендермен де кездескен. Өзі де қайда барарын білмей шекарадан өткен туысқандарын іздейді.

Шолақтерек деген ауылға келгенде 1916 жылғы ақ патшаның зұлымдық саясатынан Қытайға үрікеннен елден сол жақта қалған өзінің жақын туысы Сатқын зәңгіні тауып паналайды. Бірақ артынан қуғын түсіп, Сатқынның ауылына кісі жібергенін естігенде зәңгі Қашағанды жүк жинағыштың астына жасырып, біраз уақыт бой тасалатыпты. Дабырдың аяғы басылғанша Қашаған жүк жинайтынның астында жатқан. Ақыры Ақдала деген орыс ауылына барғанда қудалаудан құтылған. Ол жерде Кеңес өкіметінен қашып барып, өздері бір ауыл болып отырған орыстар тұрыпты. Қашаған орыс тілін білгендігі орыстарға көмегі тиген. Ауылда хатшылық қызметін атқарып, өзінің жақын туысқандарымен қауышқан. Аз уақыттан кейін Моңғолкүре ауданынына ауылшаруашылық банкінің бастығы болып қызмет істепті.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылдары Қытайдан отар-отар қой мен өгіздерді Кеңестің Сүмбе шекарасына өткізу жұмысына да араласып, басы-қасында жүрген. Алайда, Қытайдың Гомендаң өкіметі Қашағанды «Кеңестің адамы» деп Үрімжінің түрмесіне отырғызып бір- екі жыл қамап, сұраққа алыпты.

Түрмеде бір кісідей азапты көріп, құтылғаннан кейін 1949 жылы Құлжадағы Кеңес консулына қызметке тұрып, 1955 жылға дейін істейді. Сол жылдары 1931-1933 жылдары Кеңестен ауып келгендерді өздерінің туып-өскен Қазақстанға қайтару мақсатында Іле қазақ облысындағы Моңғолкүре, Текес және басқа аудандарда орналасқандарға Кеңестің қызыл паспортын таратып, көбін туған еліне оралуға мүмкіндік жасаған. Өзі де туған жерге оралуды ойластырып, 1955 жылы елге келіпті. Бірақ елге оралғандарды шекаралық аймаққа тұрғызбай Батыс Қазақстанның Оралына жіберіп, ол жақта Қашаған бір жылдай қызмет істеп жүргенде, шекара бұзған бандымен байланысы бар деген айып тағылып, ауылдағы бір отарлы қой бақтыруға жіберген екен. Қыста екі қасқа өгізге шана жегіп малға шөп шашып жүргенде бір танысы кездесіп, соның көмегімен туып-өскен жері Қайнарға келеді. Келген бойда колхозда қарапайым жұмыс істейді. Бірақ артынан тағы да қудалау түсіпті.

 1962 жылы Крупская атындағы колхоздың төрағасы Сәрсенбай Байғұлов дүкен алдына аппақ киіз үй тікізіп, Алматы облысынан Рақымжан Қилыбаев деген өкілді күткен. Облыстан келген қонақ көптің алдында шығып: «Сәрсеке, мен саған келген жоқпын. Осында Қашаған Елгезеков деген азаматты іздеп келдім» деп жиылған ауыл адамдары ішінен оны ортаға шығарады. Оның Кеңес өкіметі орнаған жылдары комсомол жұмысында қызмет істеп, балалардың сауат ашуына және оқуына көп көмектесіп, жетім балаларды жиып, Жаркентке оқытқанын айта келіп, «Біз сияқты жастарға көмегі көп тиді, ақыл-кеңесін берді. Бәрімізге қамқоршы болды. Соның бірі мен едім. Мен Нарынқолда жетім болып жүргенімде қол ұшын берген кісі» деп Қашағанды дүйім жұртқа жете таныстырып, арнайы іздеп келгенін айтады. Жиын өтіп, Рақымжан Қилыбаев кеткен соң колхоздың төрағасы Қашағанды ауылдың қоймасына меңгеруші етіп қойған. Осыдан кейін оны қудалау тоқтап, өмірінің соңына дейін ауылда еңбек етіп, 75 жасында өмірден өтіпті.

«Қашаған Елгезековтің осындай еңбегін көп адамдар білмеді. Ал білгендер оның елі үшін еңбек етіп, ұлтқа деген жанашырлық көзқарасы жоғары бағалап, азаматтығын ертеде білгенімен оны айта алмады. Өйткені заман солай болды. Қашаған екі елдің түрмесіне түсіп, қуғын көрді» деген қария әңгімесі бізге зор әсер қалдырды.

Қашаған сияқты қашқын атанып, артынан қуғын түскен тағы бір адам Әлікен Сәрсенбаев деген кісі. Әлікен мен Қашаған бір ауылда өскен. Екеуінің тағдырлары да ұқсас. Әлікен де оқыған, әрі сөзге шешен кісі болыпты. Кеңес өкіметіне қызмет істеп, көріне бастағанда 1931-33 жылдары НКВД-ның тергеуіне түсіп, Қарағандың түрмесіне айдалыпты. Ол жақтан қашып келгенде қайта ұсталып, тағы да Қарағандыға апарған. Түрмеде жүріп, сол жақтың бір жесір әйелінің қызына қосылады. Осыдан кейін Әлікен енесі үшеуі Қайнар ауылына келеді. Ол жылдары ауылда үшінші бесжылдық басталып, Қайнар ауылы «Құрамыс» колхозы деп аталған кезі болса керек.

Ауыл Әлікеннің түрмеден ерте босап, үйленіп келгеніне біреу қуанса, әлде кімдер күдіктеніп, Сарыжаздағы әскери комендатураға бір ағайыны хабар беріп жіберіпті. Сезікті адамға Сарыжаздан әскер шығып, Әлікенді ұстамақ болғанда әйелі екеуі қашып, Қытайға өткен. Енесі ауылда жалғыз қалған. Қытайға кеткен Әлікеннің түрмеден мерзімінен бұрын шығуына өзі сияқты жолдастары көмектескен тәрізді.


Картоптан мөр жасап, ақталғандығы жөнінде құжат жасап келгендігі анықталған. Қытайға барған Әлікеннің артынан ол жақта да НКВД адамдары түсіп қудалапты да. Бірақ одан аман құтылып, 1956 жылы Қытайдан өзінің туып-өскен Қайнар ауылына екі әйелі және он бір баласымен оралады.

Ауылда қалған енесі күйеубаласы мен қызын Ескермес Абалов деген кісінің үйінде ұзақ күтіпті. Алайда күйеубаласын және қызын көре алмай 1955 жылы дүниеден өтіп кетіпті. Қытайдан жаңадан келген Әлікенді мұнда тағы да артынан кісі түсіп, тыныштық бермеген көрінеді. Тек оны бұрыннан танитын және өзімен қызметтес болғандар оның адал, өкіметке берілген адам екенін айтып, араға түскеннен кейін ғана қудалауды тоқтатыпты. Осыдан кейін колхоздың төрағасы Әлікенді шақырып алып, түйе бақташысы еткен екен.

Түйе баққан Әлікен өз жұмысына жауапты қарап, түйелердің көбеюіне өзіндік үлесін қосқан. Колхоздың озат түйешісі атанып, еңбегі де жоғары бағаланыпты. Тегін жолдамамен демалысқа жіберіп, жақсы демалған Әлікен Алматыға келгенде жазатайып машина қағып кеткен екен.

Тағдыры қудалаумен өткен Әлікен Сәрсенбаев Кеңес пен Қытайдың азапты түрмесін көп көріп, жазықсыз жазаланған жанның бірі болғанын замандастары білгенмен, оның сөзге шешен, тілмар болғандығын көп ешкім айтпаған. Бірақ өзінің «Өмірді қуып біз жүрміз, бізді қуып өлім жүр» деген сөзін ғана қалыпты. Қуғын көрген ол кісі 70 жасқа келгенде өмірден өтіпті.

Біз әңгіме еткен екі адамның тағдыры, міне, осындай. Бұл да 30-шы жылдардағы қуғын-сүргіннің әрекетінен қалған екі адамның тарихы. Ал бұдан басқа ашылмай жатқан қуғын көргендердің құпиялар қаншама?

Жексен Алпартегі,

журналист