Вакциналарды дер кезінде жеткізу мәселесі көтерілді
2022 ж. 28 мамыр
1301
0
«Ақ жол» вакциналарды дер кезінде ветеринарлық станцияларға жеткізу мәселесін көтерді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалында айтылды.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары
Р. В. Склярға
Малдың аман-саулығы да, күйлі болуы да мал дәрігері маманының бақылауында. Ол зерттеулер жүргізуге қан алып, екпе салады және оның атқаратын тағы басқа да жұмысы аз емес. Алдын алу шаралары уақытында қолға алынбаса, малдың арасына түскен инфекция тез таралып кетуі мүмкін. Оны болдырмау үшін салынатын вакцина малдың имунитетін нығайтады. Бастысы, уақытында егілген екпе аурудан қорған екенін ұмытпау қажет.
Кеше ғана ауыл-аймақтарды аралап, халықпен кездесулер өткізіп қайттық. Ауыл халқының, мал бағып отырған барлық қарапайым шаруаның көктем шыққандағы ең үлкен проблемаларының бірі – мал аурулары. Вакцина салынбаған мал аузы көкке тигелі ауыра бастаған. Шетінен қырылып, ауыл шетінде теңкиіп-теңкиіп, иістеніп жатыр. Мұндай жағдайдың тек мен аралап қайтқан ауылдарда ғана емес, бүкіл өңірлерде басталып жатқанын әлеуметтік желілерден көруге болады.
Бұл жөнінде Алматы, Жамбыл облыстарының мал дәрігерлері шырылдап дабыл қақса, шаруалар не істерін білмей дал болуда. Олар 2022 жылға арналған жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы профилактикалық іс шараларға қолданылатын вакцинаның бірде бірі келіп түспегенін айтып, зар илеп отыр. Атап айтсақ малдар мен үй жануарларының: сібір жарасы, аусыл, брадзот, эктима және мәлік, сарып, дермотит, оба, оспа, құтырық, эхинококкоз ауруына берілетін препараттар әлі келіп түспеген. Осы мамыр айында ветеринарлық станциялардың қызметі таза тоқтап тұр. Өйткені жұмыс жасайын десе, вакциналардан жұрдаймыз. Тіпті жоспарлы түрде салынатын вакцина да жоқ. Соның салдарынан ветеринар дәрігерлер амалсыздан ақысыз демалысқа кетуге мәжбүр болуда.
Бұған қосарымыз, 2021 жылғы орын алған жануарлардың аса қауіпті 27 ауруының бірі – бруцеллез екені белгілі. Өткен жылы ол бойынша 192 қолайсыз оқиға тіркелген еді. Бұл аурудың алдын алу үшін жылда малдан қан алып, тексерістен өткізіп отыру қажет. Ал қазір мал дәрігерлері қанды алғанымен, зертханаларда оны тексерте алмайды. Өйткені бруцеллез ауруын диагностикалық тексеруге арналған диагностикумдар жоқ. Бұл компонент бізде Отар қаласында шығарылады. Бірақ ол біздің қажеттілікті жаба алмайтынға ұқсайды. Өкініштісі, бәрі сырттан әкелінеді екен. Препараттар осылайша кешіге беретін болса, ел аумағының эпизоотиялық жағдайы қиындап, сөзсіз шығынға белшеден батамыз.
Жаздың қамын қыс ойла, Бір ойлама, үш ойла, – деуші еді. Ал, осы мәселеге жауап беретін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті осыларды ойлау түгілі, түн ұйқысынан осы уақытқа дейін оянбаған тәрізді. Жылдың жартысы өтіп барады, «үш күндігін ойламаған – әйелден, үш жылдығын ойламаған еркектен без» демекші, осы істі басқарып отырған азаматтар осыны түсінуге білімдері жетпей ме екен?!
Құрметті, Роман Васильевич, «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары:
біріншіден – вакциналарды дер кезінде ветеринарлық станцияларға жеткізуді;
екіншіден – ветеринарлық зертханаларды ауруды анықтайтын диагностикумдармен қамтамасыз етуді тапсыруды сұраймыз. Ондай болмаған жағдайда еліміздегі эпизоотиялық жағдайды қалыпта ұстай алмай, мемлекетке көп шығын келетініне күмәніміз жоқ.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары,
ҚР Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің депутаттары