Балалар жылы жалаң ұранға айналмасын!

Балалар жылы жалаң ұранға айналмасын!

       Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасау қажеттігін айта келе, биылғы Барыс жылын "Балалар жылы" деп жариялағаны белгілі. «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды "Балалар жылы" деп жариялау керек деп есептеймін» -деді қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтаған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің бұл бастамасы ата-аналарды қуантып, бүкіл елімізде қызу қолдау тапқаны да жасырын емес.

        Президент бұл жылды тек ұрандатып немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керектігін қадап айтты. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұдан артық қандай бастама, қандай тапсырма керек дерсіз!..

    Бірақ, бізде қалыптасқан үрдіс бойынша түрлі салаға қатысты кез келген құнды бастаманы биік мінберлерден қызу қолдаймыз да, нақты іске келгенде алға басқан аяғымыз кейін кететін жаман әдет бар. Басында ұрандатқанмен бағдарламалардың соңы сиырқұйымшақтанып ұмытыла бастайды. Жер-жерлерден айтылып жатқан арыздарға қарап, жылдың жартысына жуығы өтіп кетсе де «Балалар жылы» әлі де басталмаған сыңайлы. Президент тапсырмасына орай «Балалар жылын» қолдауды, соған байланысты өткізілетін іс-шараларды басқа емес, біздің атқарушы билігіміз ресми түрде Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы Әлихан Смайылов 2022 жылғы 20 наурыздағы № 148 қаулысымен бекітіп те берді. Қаулыда жоспардың орындалуына орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері жауапты екені, тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне жоспардың іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынып отырылу керектігі, өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрлігі тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей Қазақстан Үкіметіне Жоспардың іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсыну міндеті жүктелген-ді. Қаулыда да кемшілік жоқ, нақты тапсырмалар берілгенін бірден байқауға болады. Ал аймақтар мен осы міндет жүктелген сала басшылары Үкіметке қандай есеп беріп жатқаны белгісіз. Сол әдеттегідей қағазға көпіртіп жазып, қырып-жойып жатырмыз деп жалған ақпарат берсе қателеседі. Әлеуметтік желіні қарап, телеарна жаңалықтарын босатпайтын көрермендер мен жер-жердегі қарапайым тұрғындар «Балалар жылының» қалай өтіп жатқанын жақсы біледі. Оларды қағаздағы есеппен алдай алмайсыз. Сөзіміз жалаң болмас үшін бір-екі мысал келтірейік. 31 телеарнаның хабарлауынша Қызылорда қаласында мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін балалардың шығармашылық үйірмелері жаппай жабылудың аз-ақ алдында тұр. Өйткені облыстық әкімдік осы үйірме жұмысын қамтамасыз етуге тиесілі ақшаны үш ай бойы аудармаған. Ұстаздарға төлейтін қаржы таппай қалған көрінеді.

      Тегін үйірмелердің жұмысының тоқтауына қарсы ата-аналар таң атысымен облыс әкімдігінің алдына жиналып өз наразылықтарын білдірді. Олар мемлекеттік жобаны жүйелі жүргізе алмаған аймақ және қала басшыларын кінәлі деп есептейді. «Балалар үйірмеден көп нәрсе үйреніп, өздерінің шығармашылық талаптарын көрсете бастағанда жобаның жабылуы үлкен соққы болып отыр. Алда үш ай жазғы демалыс, балалар енді пайдалы іспен айналысқанның орнына көше кезіп жүре ме?»- дейді ата-аналар. Облыс басшысынан үйірмелердің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етуді талап етпекші болғандар Нұрлыбек Нәлібаевтың қарасын да көре алмады. Жиналғандарға шығып жағдайды түсіндірмекші болған басқарма өкілдері мәселенің бәрі қаржыға байланысты деп құтылды. Олардың айтуынша бөлінген қаржы жетіспейді екен. Сондықтан тағы да үкіметтен қосымша ақша сұрамақшы.

    Бұл бір Қызылорда қаласында ғана орын алған жағдай емес. Еліміздің өзге аймақтарында да балалар үйірмесінің жұмысы өрлеп тұрған жоқ. Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев та балалар үйірмесін қаржыландыру неге тоқтағанын тұрғындарға түсіндіруге тырысты. Облыс басшысы бұл бағдарламаның кемшілігі көп екенін айтты. «Ең бастысы, кез келген бағдарлама бюджетке отырғызылған қаржыға сәйкес келуі керек. Ал бұл бағдарлама шексіз пирамида сияқты. Мәселен, былтыр мәдениет саласына 1,5 млрд. теңге, биыл 2,4 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржы екі-ақ айға жетті. Бағдарлама пирамида сияқты болса, тек осы үйірмелердің өзіне 34 млрд. теңге керек болады. Ондай қыруар қаржы облыста жоқ», - деп кесіп айтты Қанат Бозымбаев. Өңір басшысы Мәдениет және спорт министрлігі бұл бағдарламаны бір жүйеге түсіріп, бекіткеннен кейін ғана қаржыны қайта есептеу және қаражат бөлу қарастырылатынын жеткізді.Министрліктегілер қаржыны қайта есептеп, оны бекітіп, аймақатарға жеткізгенше балалар жылы өтіп кететіні туралы Қ. Бозымбаев ойланбаған да сияқты.

     Тағы да сол жұртты жалықтырған ескі әуен, әкімдік министрлікке, министрлік әкімдікке сілтейтін тозығы жеткен тәсіл. Осылардың ешқайсысының бұл бағдарламаны орындайтын шынайы ниеті байқалмайды. Өздеріне керек болса сол қаржыны жерден қазса да тауып алар еді. Соншалықты, тіпті одан да миллиондаған есе көп қаржы ұрланып та жатыр емес пе? Балалар жылы деп жариялаған соң оны өз деңгейінде өткізу керек қой. Балалар жылын өткізіңдер ешкім сұрап алған жоқ. Бұл жылды тек ұрандатып немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керектігін қадап айтқан Президенттің сөзі қайда қалды? Бұл мемлекет басшысының тапсырмасына құлақ аспау ғой. Біздің үкіметте, аймақтарда осы істі алдынала ойластырып, нақты іске асыратын жөні түзу бір де бір маманның болмағаны ма? Балалар жылына қаржыны дұрыс есептеп, уақытында жеткізу қолымыздан келмесе несіне жаһанға жар салып «Балалар жылын» жарияладық. Үкіметке, үлкендерге үміт артқан кішкентай балалардың бетіне енді қалай қараймыз? Балаларға қандай үлгі көрсетіп жатырмыз?

    Ашығын айтсақ, осы «Балалар жылына» қарағанда «Жастар жылы» әлдеқайда дұрыс ұйымдастырылғанын байқауға болады. Жастарды жұмыспен, баспанамен қамту, білім алу мүмкіндіктерін ескеру, студенттердің тұрмыстық жағдайын түзеу, шәкіртақысын көтеру секілді бірқатар мәселелер ішінара шешімін тапқанын білеміз. Сонысына қарай жастар да қарап қалмады, пандемия кезінде волонтерлік қозғалыстың алдыңғы шебінде болып жастық қайрат-жігерлерін көрсете білді.

     Ал «Балалар жылына» біздің үкімет дайындықсыз келгені анық. Бір ғана қаржысыз қалып жаппай жабылуға шақ тұрған шығармашылық бағыттағы үйірмелер ғана емес, балаларға қатысты Президент тапсырған денсаулық, білім, әлеуметтік қамсыздандыру міндеттері де орындалып жатқан жоқ. Әлде біздің балалардың бүкіл мәселесі бұған дейін толық шешіліп қойылған ба еді? Жоқ, балалар мәселесі әлі түпкілікті қолға алынған жоқ деп айтуға толық негіз бар. Үкімет оны «ұмытып» қалса солардың біразын атап, естеріне салып берейік.

1.Балаларға дүние есігін ашқандағы алғашқы әлеуметтік көмек мөлшері мүлдем мардымсыз. Отбасында бірінші, екінші, үшінші бала туылғанда 116 394 тенге, одан кейінгілеріне 192 969 тенге беріледі. Мынандай қымбатшылық кезеңде бұл ақшаға нәресте үшін не алуға болады?

2.Аналарға, әсіресе көпбалалыларға ай сайын берілетін көмек те көңіл көншітпейді. Баланы бір жасқа дейін баққан кезде бір бала үшін айына 17 643 тенге, екіншісіне 20 860 тенге, үшіншісіне 24 045 тенге беріледі. Одан әрі он балаң болса да көрсетілетін көмек мөлшері 27 261 тенге. Үйде отырған ана бұл қаражатқа қалай күн көреді? Қазір кейбір қалаларда төменгі сынып оқушылары үшін мектепте бір рет тегін тамақ беріледі деген игі бастама бой көтерді. Оның әрі қарай қалай қолдау табары белгісіз. Сол бір реттік тамақтың орташа құнын 800 теңге деп белгілепті. Дұрыс делік, бүгінгі бағаның шарықтап тұрған кезінде оған ешкім қарсы дау айта алмас. Сонда бір баланы күніне үш рет тамақтандыру үшін ғана 2 400 теңге, ал айына 72 000 теңге қажет екен. Бұл мемлекет тарапынан балаға көрсетілетін көмектен 2-3 есе жоғары. Ал балаға аса қажет киім-кешек және басқа да тұрмыстық заттарды қандай қаражатқа алады?

3.Бүгінгі күні балалардың туа біткен аурулары көбейіп кетті. Жер бетіндегі жыл сайын нашарлап бара жатқан экологиялық жағдайдың кері әсері мол. Жүре пайда болған ауруларды емдеудің өзі оңай емес. Біздің елде балаларға медициналық көмек тегін көрсетіледі дегенмен оның сапасы сын көтермейді. Операция жасау бізде заңды айналып өтіп, баяғыдан бері ақылыға айналған. Хирургтер ақша бермесең қолына пышағын алмайды. Құрал-жабдықтарды мемлекет сатып алса да қызметіне пара тілеп тұрады. Бұл медицина саласын жемқорлықтың жайлағанын көрсетеді. Қажет деген тегін дәрі-дәрмекті де дұрыс бермейді. Сондықтан әлеуметтік желіде ауру баласын емдетуге көпшіліктен көмек сұраған ата-аналардың қатары артып келеді. Сенбесеңіздер қоғамдық денсаулық сақтау саласын мұқият тексеріп көріңіздер, талай былықтың бетін ашасыздар.

4. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесі де өткір тұр. Ата-ана, балабақшадағы тәрбиешліер және өзге де ересектер тарапынан көрсетіліп жатқан қол жұмсаулар туралы телеарналарда жиі көрсетіледі. Бұл бағытта да қолданылатын шараларды заң жүзінде қатайту қажет.

5. Өкінішке орай біздің қоғамда жетім балалар да жетерлік. Әке-шешесінен айырылған жетімдер балалар үйінде тәрбиеленеді.Оны мемлекет өз мойнына алып отыр. Мұнда да келеңсіз көріністер көп, жетім балалардың несібесіне қол сұғу жиі кездеседі. Ержеткен балаларды баспанамен қамту айналасында дау-дамай бір толастаған емес. Заң бойынша олар балалар үйінен тәрбиеленіп шыққан соң баспана алуға құқылы. Бірақ сол заңды белінен басқан жергілікті жерлердегі шенеуніктер онсыз да тағдырдың тәлкегіне түскен жетімдерді зар жылатады.

6. Балалар арасындағы тәртіпсіздік, әсіресе мектептердегі әлімжеттікке заңдық тұрғыдан тосқауыл қою қажет.

7. Қазір ерлі-зайыптылардың үйленбей жатып ажырасуына таңғалмайтын болдық. Соңғы деректерге қарағанда үйленіп отау құрғандардың жартысынан көбі ажырасып кетуде. Бұл да бала үшін қасірет. Бір қызығы, біздегі қазіргі қолданыстағы заң бойынша кез келген отбасы мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтер алғанда кішкентай балалар есепке алынып, баспана алуға немесе оны кеңейтуге болады екен. Ал ерлі-зайыптылар ажырасатындай жағдай туындаса пәтер тек қана ересектерге (күйеуі мен әйелі) бөлінеді. Сонда қалай болғаны, пәтер бергенде балалар ескеріліп, оны бөлгенде балалар назардан тыс қала ма? Бұл балалардың құқығын таптау ғой. Ертең олар өскенде пәтер жалдаушылардың санын көбейтеді емес пе?

8.Ең бастысы балаларға ұлттық бағыттағы тәрбие беру жұмысы ақсап жатыр. Бұл өте маңызды істің тізгінін Батысқа беріп қойдық. Сондықтан да бүгінгі балаларымыз ұлттық салт-дәстүрін, тарихын, тіпті өз ана тілін де шала-пұла біледі. Біздің ұлтымызға жат батыстың тәрбиесінің жетегінде кеткен. Бұл біздің елде ұлттық идеологияның жоқтығын көрсетеді.

     Осы жерден тоқтайық, балалардың алдындағы мәселелерді санамалай берсек саусағымыз жетпейді. Осы тұрғыдан алғанда «Балалар жылын» жариялау өте орынды дер едік. Бір жылда бәрін болмаса да балаларға қатысты біраз мәселені шешуге болады. Қаржы жетіспейді, оны алдынала дұрыс есептемедік деген сияқты сылтаулар балалардың өмірін жақсартпайды. Бұл жерде қаржыдан бұрын алдымен балаларымыздың болашағын ойлайтын таза ниет керек. Министрліктерде, түрлі деңгейдегі әкімдіктердегі отырған лауазымдылар баларымыздың тағдырына бей-жай қарамауға тиісті. Әрі-беріден соң өздеріңіз де ұрпақ өсіріп отырсыздар ғой. Осындайда жанашырлық ниетпен мынандай бір ойымызды жолдауға мәжбүрміз:

- Құрметті лауазымдылар, балаларға жандарыңыз ашымаса да, өздеріңізді аясаңыздаршы. Халық үніне құлақ аспасаңыздар да тым болмаса мемлекет басшысының айтқанын орындауға тырысыңыздар. Заман өзгеріп келеді, ертең мемлекеттік бағдарламаны орындамағандарыңыз үшін жайлы орындарыңыздан айырылып қалуларыңыз мүмкін ғой...

Зейнолла АБАЖАН

qazaquni.kz