Конституцияға өзгеріс, ең бірінші, халыққа керек - Геройхан Қыстаубаев

Конституцияға өзгеріс, ең бірінші, халыққа керек - Геройхан Қыстаубаев

ӘЛІ "ТІРІ" ҚҰЛКЛАН, ҚОЙНЫҢДА ЖАТҚАН СҰР ЖЫЛАН!

Нұрклан (Нұркөсемнің сарбаздары) мен Құлклан (Кремльдің біздегі шенеунік, олигарх құлдары) қазір - бір клан. Бұлар қандай жолмен болсын билікке қайта келуге жандарын салып жатыр.

Енді ойланайықшы, ол қандай жол болуы мүмкін?

Ол - тағы бір, кешегі "Қаңтар қасіретіненде" өткен, елдің аласапыран болған сәті! Осындай сәт туса, олар әлі "мұрты бұзылмаған" уахаби-бандити- топаси, т.б. "әрмиясының" күшімен, тағыда бейбіт аңғал жастарымызды арандатып халықты қырып, билікті қайта алатыны анық! 

Референдумға қарсылық та, сол "аласапыран" сәтті жасаудың бір амалы. Жойқын өрт - ұшқыннан басталатынын ұмытпайық. Аласапыран жасай алмаса да, халықтың билікке деген наразылығын төмендетпеу.

Мен бұл жерде асыра сілтеп отырған жоқпын. Елдегі орын алып жатқан қазіргі қарбалас пен о бастан дұрыс қалыптаспаған қоғамдық сананың тағы да қисая түскенін көріп, біліп сараптап барып жазып отырмын. 

Мәселен, қоғамдық сана "қисая" түспесе, желідегі азды-көпті елге белгілі "саясаткерлер" осылай адасар ма еді?! Бұлар адаспаса, 30 ж бойы халықты "ашса - алақанында, жұмса - жұдырығында" ұстаған диктаторды, оның елді тонап бүкіл мемлекет байлығын иемденіп, қазақты әлемдегі ең кедей ұлтқа айналдырған "үрім-бұтағымен" қосып, өздерінің аттарын (Ф.И.О) жазып тастаған бүгінгі Конституцияны өзгертуге, жоюға қарсы болыңдар деп, сол сорлаған халыққа пәрменді түрде үгіт-насихат жасар ма еді?! 

Қалай ойлайсыздар, бұл "үгітшілер" шынымен адасып жүр ме, өзі? Әй қайдам!

Сондағы бұлардың айтатын "аргументтері": 1. Конституциядағы 7 баптың 2 тармағын алып тастау; 2. Жердің иесі мемлекет болуы керек; 3. Халықпен ойласпады; 4. Өзгерістерді талдауға уақыт берілмеді, 5. Қазақ деген сөз жоқ, 6. Референдумға жұмсалатын ₸16 млрд босқа ақша шашу, 7. Референдумға - бойкот, т.б.

1. Оу, айналайындар, кішкене ойлансаңдаршы. Әрине, атазаңнан орыс тілін алып тастауды бәріміз қалаймыз. Ельциннің кезінде жасауымыз керек еді оны. Бірақ, қазір әлемдік геосаясатқа қарасаңдаршы.

Путиннің күні бітуге жақын емес пе? Сол кезде, бүгін отты өзіміз жақпай-ақ, тілге байланысты 7 бапты қалай ұнаса, солай өзгертіп алуға болмай ма? Жоқ, бірден бәрін және бүгін ғана жасау керек пе? Адам екі-үш саусақпен ғана тамақ жейді, ұзақ өмір сүреді. Бес саусағын ауызына тығып тамақ жеген қорең адам, сол жерде ауызы айырып өледі. Бізге де қадамдап, алгоритм бойынша жұмыс жасау керек.

2. Бұрынғы Конституцияда: жер мемлекет меншігі деп жазылғанда, жұрт: "Мемлекет деген кім? Жер халықтыкі." деп шулап, 2016 жылғы Жалпыұлттық Жер митингіде осындай талап қойған. Басты талаптың бірі осы болған. 

Енді сол сөзді: "жер халықтыкі" деп, өзгертіп Ата Заңға кіргіземіз десе: "Жоқ, олай жазу қауіпті. Елде әртүрлі ұлт өкілдері бар. Оларда халық деген сөздің ішіне кіреді" дейді.

 Конституциядағы "мемлекет" деген сөз "халық" деп өзгерсін деді. Өзгертті. Енді керісінше "қайта өзгерт" дейді. Ал түсініп көр!

Негізі, мен айтайын: "жердің иесі халық. Реттеуші - мемлекет" деп жазылғаны - өте дұрыс! Бұрын жер мемлекет меншігі дегенде, мемлекет өз меншігін сатуға да, шетелдікке жалға беруге де "құқылы" еді. Ал енді олай жасай алмайды! Меншік иесі - халықтың рұқсаты керек болады! Осыны түсінуіміз керек.

3. Президент ешкімнен рұқсат сұрамай, халықтың да келісу-келіспеуін күтпей, өзі бастама көтеріп жалпыұлттық референдум өткізе алады. Бұл оның Конституциялық құқығы!

4. Біріншіден, өзгерістерді талдауға 16 наурыздан бері уақыт болды. Екіншіден, Президент референдумға шығарылатын сұрақтарды жеке өзі анықтауға да құқылы.

5. Әлемнің дамыған елдерінің бәрінің Конституциясында мемлекет құрушы ұлтты бөліп-жарып жазбайды. Бұл емес, өткен ғасырдан бері сондай. Қазақ қазір 70% -дан жоғары. Сондықтан халық деген сөздің бәрін қазақ деп қабылдау керек.

6. Референдумға жұмсалатын 16 млрд теңге - ұсталған бір ғана генералдың қалта ақшасы! Жалғыз Мәсімовтың мемлекетке қайтарар ақшасы бұдан бірнеше есе артық. 

7. Саяздықта шек бола ма? Ал мысалы, референдумға бойкот жасадық делік. Сонда кімнің бір жері қисаяды? Бұл жағдайда Нұр - Елбасының Конституцияда жазылған барлық ерекше мәртебесі, өкілеттілігі, құқығы сақталады, яғни оны ешқандай заңға тартуға, тергеуге, дүние-мүлкін тексеруге, тінтуге,... т.б. болмайды! Бұл - бұл ма, Нұркөсеміміздің жақын-жұрағатыныңда осындай құқықтары сақталады. Ескі Конституцияда солай жазылған! Міне, Конституцияны өзгерткісі келмейтін бойкотшылар, осы ма сендерге керегі?

Әй референдумға қарсы "саясаткерлер" сендер: жасың, кәрің бар, қанша жылдан бері ұлт мүддесі үшін осы Ескі Конституциямен күресіп жүргендерің бар, енді сол қазақты құл еткен Ескі Конституцияны жояйық дегенде, неге сонша "кері сиіп" қиқайып қалдыңдар? Осының себебі не? Қане, біреуің шығып, пәлен сағат бос сайрамай, болмаса аяғы жоқ роман жазбай, сол 35 өзгерістің біреуін ғана алып, соның халыққа зиян жерін нақты көрсетіп дәлелдеп беріңдерші! Мен айтайын: бұл бірде-біреуіңнің қолдарыңнан келмейді! Себебі барлық өзгерістің халыққа иненің жасуындай да залалы жоқ! Сондықтан, ұлттың жарқын келешегіне келіп тірелетін жаңалық пен өзгерістерде жалған данышпандық пен сасық амбициядан аулақ болу керек адам деген. Өзгеріссіз - даму жоқ! Оппозициялық ұстанымның да жөні болады. 

Оданда сендер осы Жаңа Конституцияға енгелі отырған: мажоритарлық тәсілмен Мәжіліске сайланатын 29 (басқа 69 депутат партиялық тізіммен) депутаттың орынына неге таласпайсыңдар? Мен өткен постымда да бұл туралы: осы күзде Парламент сайлауы болады деп ойлаймын. Мәжіліске барып, елге қызмет етіңдер деп, жазғанмын. Біреуің ғана өтсеңде, артыңда тұрған, сені өздері сайлаған халық - мыңдаған қолдаушың бар емес пе? Міне сосын, сол қауымға сүйеніп Парламенттің мінберінде тұрып ұлттың мүддесін айт! 7 бапты өзгерт, Конституцияға қазақ деп жаз, референдумда "шашылып" қалған ₸16 млрд жина, т.б. Әлде осыны білмейсіңдер ме? Білмесеңдер, білетін адамның сөзіне құлақ ас. Тыңда. Айтқанын жаса. Осыдан кімге жаман?

Қашан осылай ел болатын жағына көшесіңдер? Қашан жақсы мен жаманды, дұшпаннан досты ажырата алатын деңгейге жетесіңдер? 

Уатцапта айналасы 100 адамға жетер-жетпес топ құрып, оның жартысы Құлкланның "жансыздары", күндіз-түні "өсек" қуып, қайдан келгені белгісіз фейк видео-аудио ақпараттарға кеңірдекке дейін "тойып" алып, білгір саясаткер боламын, яки өздеріңді көреген Көсеммін деп ойлайсыңдар ма? Шықсаңдаршы індеріңнен. Кең әлемге шығыңдар. Елде, шетте болып жатқан жаңалықтарды Уатцап, Кластастар, ВК, Телеграм, т.б... чаттарынан емес, белгілі сайттардан оқыңдар. Анализ жасап сараптаңдар.

 Конституцияға өзгеріс ең бірінші - халыққа керек! Сосын ғана "Жаңа Қазақстанға" өтуге құрал ретінде Президентке керек! Бұл да халық үшін. Басқа бірде-бір шенеунікке, не ірі бизнесмен, олигархқа керек емес. Тоқаев өзінің жеке бас қамын ойлағанда, оған керісінше бұрынғы Конституция құба-құп болар еді. 

Ескі Конституциямен ешқайда өте де, жете де алмайсың. Тіпті жақсылыққа қарай аяқ басып жүре де алмайсың! Нұржүйе сол Ескі Конституцияның арқасында халықты қалай қысамын десе, солай қысты. Қалай тонаймын, соттаймын, үтікпен қорлаймын десе, солай тонады, соттады, үтікпен қорлады. Сондықтан ол Конституция-сымақты ешкімге қарамай, бет-жүзің бар демей, шұғыл түрде жою керек! Ұлтқа "Қаңтар қасіретін" жасаған Құлклан таратып жатқан жойқын көп фейк ақпаратқа көңіл бөлмеу керек. Олардың айтпайтын сандырағы жоқ: Президент жаман, өзгеріс жаман, ... бәрі жаман. Оларға салсаң, сол - баяғы күйіңнен өзгерме. Конституцияңды да өзгертпе! Сол жақсы. 

Сөз соңында жалпыға бірдей баса айтарым:

Президент ұсынып отырған 35 өзгерістің бәрі, түгелдей дерлігі (!) ұлттың жарқын болашағына бағытталған! 35 өзгерістің бірде-бірі залалды емес! Бұған көз жеткізу үшін мен төменде сол 35 өзгерістің тізімінің сілтемесін саламын. Соны қазіргі қолданыстағы, өзгеруі тиіс Конституцияны Гуглдан (қр конституциясы деп жазсаңыздар болды) тауып алып, салыстырыңыздар. Жарты сағат уақыт бөлсеңіздер, ақиқатты өзгенің сөзінен емес, өз көздеріңізбен көресіздер. Ерінбеңіздер.

Геройхан ҚЫСТАУБАЙ, 

Қазақ үні