Сыңғырла, соңғы қоңырау!
2022 ж. 26 мамыр
829
0
Бұл жолғы соңғы қоңыраудың жылдағыдан жөні бөлек. Себебі екі жыл қатарынан карантин салдарынан онлайн өткізіліп келген іс-шара биыл мектеп қабырғасында ерекше сән-салтанатпен өткізілді.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше 2022-2023 оқу жылында 170 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты. Оның 8 мыңнан астамы «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер қатарында.
Түлектер үшін осынау бір маңызды күні Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтан қаласындағы №75 мектеп-гимназиясына барып, соңғы қоңырау мерекесіне арналған салтанатты шараға қатысты.
Жиын барысында құттықтау сөз алған ол індет сынағынан сүрінбей өткен үшін оқушыларға, мұғалілімдерге және ата-аналарға айрықша алғыс білдірді.
«Мектеп бітіруші барша түлектерді өмірдің жаңа кезеңін бастауымен шын жүректен құттықтаймын! Мектеп бітірсеңіздер де, оқу, білім жолындағы ізденістеріңіз ешқашан тоқтамасын! Алдағы емтихандарда сіздерге сәттілік тілеймін! ҰБТ ересек өмірдегі ең оңай емтихан. Сіздер үшін осы жылы көптеген жеңілдіктер жасалды. Биылғы жылғы басты ерекшелік – сіздер ҰБТ-ны екі рет тапсырып, грантқа үміткер бола аласыздар. Сонымен қатар, гранттар саны да айтарлықтай көбейді. Университеттерде оқуға 73 мыңға дейін, ал колледждерде оқуға 128 мыңға дейін грант бөлінді», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов салтанатты жиында.
Сонымен қатар, білім саласының бірінші басшысы еліміздің атын әлемге танытып жүрген білімді де алғыр оқушылардың жетістіктерін айрықша атап өтті. Францияда өткен Дүниежүзілік гимназиадада қазақстандық оқушылардың 86 медаль жеңіп алып, әлемнің 70 елінің арасынан озып шығып, 3-орынға ие болуы – зор мақтаныш екендігіне тоқталып өтті.
Жыл бойғы оқушылардың халықаралық деңгейдегі жетістіктері өте көп. Әлемнің таңдаулы жоғары оқу орындарынан шақырту алып жатқандары да жетерлік. Мұның барлығы өз кезегінде еліміздегі білім сапасының жоғары екендігінің айқын көрінісі. Сондай-ақ, білім сапасын арттыруға бағытталған шаралардың оң нәтиже бере бастағандығын көрсетсе керек.
«Жастар – ел болашағының жарқын кепілі» десек, білім беру гранттарының жылдағыдан ұлғаюы мектеп бітіруші түлектерге деген зор қолдау. Атап айтқанда, 2022-2023 оқу жылында мемлекеттік білім тапсырысының көлемі 88 мыңнан жоғары. Оның ішінде бакалавриат – 73 мың, магистратура – 33 мыңнан астам. Ал, докторантура – 1890 орын. Биыл 42 мыңнан астам мемлекеттік грант техникалық мамандықтарға бөлінбек. Сондай-ақ, 10 мың грант Атырау мен Маңғыстау облыстарының тығыз орналасқан елдімекендерінің жастарына берілмек. Ал, «Серпін» бағдарламасы бойынша 3653 грант, одан бөлек, 490 грант шетел азаматтарына берілмек.
Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы жолында еселі еңбек ететін өрендердің алдағы сыннан сүрінбей өтіп, үлкен өмір жолында тек қана биік белестерді бағындыра беруін тіледік!
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Ниет
Соңғы қоңырау
Көктемгі аспанның жаңғырып дауысы бір күні,
Көз жауын алып құлпырар сосын қыр гүлі.
Хабарын алып жеттің бе жаңа маусымның,
Соңғы қоңырау – он жеті жастың күркірі.
Балалық шақтың оятып күллі өлкесін,
Балауса ойдың қасытып кенет желкесін.
Қимастық шақтың қып-қызыл жібін үзгендей,
Қимастық үні, не деген ғана еркесің?!
Ертең-ақ, ертең толқындарымен тербеп кеп,
Теңіздей өмір төріне қарай төрлетпек.
Құлақтың бірақ құрышында қалар мәңгілік
Сол қоңырау үні, сол бір топ бала, сол мектеп.
Сол қоңырау үні үмітпен бастап жол басын,
Арманға қосып алысқа тартар арнасын.
Сан қоңырауларды күмбірлетерсің, дауысы тек
Он жеті жастың тазалығынан танбасын!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ
qazaquni.kz