Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры алаяқтар тарататын жалған ақпараттардың көбейгендігін ескертеді

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры алаяқтар тарататын жалған ақпараттардың көбейгендігін ескертеді

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (бұдан әрі – ҚДКБҚ) әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әр түрлі алаяқтық сайттардың, парақшалардың пайда болғаны туралы хабарлайды. Олар Қор атынан көпе көрінеу жалған ақпарат таратады. Қаскүнемдер сайттың домендік атына Қордың «kdif.kz» деп аталатын қысқартылған атауын қолданады. Осылайша Желі пайдаланушыларын әдейі жаңылыстырады.

Анықталған алаяқтық ресурстар жалған ақпараттардан тұрады. Шын мәнісінде алаяқтардың мақсаты – интернет пайдаланушылардың дербес деректерін жинап, алдау арқылы ақшалай қаражаттарын ұрлау.

ҚДКБҚ ақпараттың дұрыстығын тексеру үшін ақпарат көздерін айқындап алуға, бөгде адамдарға банк шотының нөмірін және басқа да банктік деректемелерді айтпауға, сондай-ақ Желі арқылы дербес деректерді таратпауға кеңес береді.

Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, тез арада тиісті өтінішпен құқық қорғау органдарына жүгінуіңіз қажет.

Азаматтарды және бұқаралық ақпарат құралдарын дәйексіз, күмәнді мәліметтерге сенбеуге және тек ресми, сенімді ақпарат көздерінің деректерін ғана басшылыққа алуға шақырамыз.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қызметі туралы шынайы мәліметтерді 1460 тегін нөміріне қоңырау шалып білуге болады. Одан басқа, азаматтар сауалдарын info@kdif.kz және kdif@kdif.kz пошталарына жолдай алады немесе @kdif_ask Telegram-чатына сұрақ қоюға мүмкіндіктері бар.

Қордың қызметі мен атқарымдары туралы толық ақпарат оның kdif.kz ресми сайтында, сондай-ақ Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында қолжетімді.

qazaquni.kz