ҚАРЖЫ САЛАСЫНА ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС ҚАЖЕТ
2022 ж. 15 мамыр
2003
3
Ел экономикасына қаржы саласының әсері мен ықпалы зор екені белгілі. Бизнес пен өндіріс атаулының бәрі де қаржыландыру арқылы ғана іске асады. Қаржы болмаса өндіріс өледі, қуатты деген кәсіпорынның өзі банкротқа ұшырайды. Сол үшін де тиімді және ұтымды қаржылық саясат ұстана білу қажет. Өкінішке орай, біздегі қаржы саясаты халық пен мемлекет мүддесі үшін нәтижелі жұмыс істеді деп айта алмаймыз. Үнемі сынға ұшырап келе жатқан бұл жүйеге қатысты заңымызға қаншама өзгерістер енгізіп, жұмысын жөнге келтірмек болғанмен оң өзгеріс жоқ.
Біздегі банктердің жұмысында орын алған кемшіліктерді көрсетіп, оның негізгі себептерін "Қазақ үні" газеті талай рет жазған болатын. Бірақ сыннан қорытынды шығарғандарды көрмедік. Жаза-жаза жауыр болған осы бір тақырыпқа қайта оралуға бұл жолы Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыровтың елдегі қаржы нарығын оңалту үшін мемлекеттік банк құруды айтқан ұсынысы түрткі болды. Алдымен депутаттың пікірімен жақынырақ танысып алайық. Оның пайымынша, бұл банк ауыл шаруашылығы, құрылыс және өнеркәсіп саласына маманданған болуы керек.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматовтың және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымованың атына жолданған сауалда елдің банк саласында дағдарыс бас көтеріп келе жатқаны айтылған.
«Қазақстан халық партиясының фракциясы геосаяси себептер мен елдегі банк саласын басқарудағы әлсіздіктердің кесірінен банк дағдарысы белең алып келеді деп есептейді. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенімізге қарамастан, ресейлік банктерден басқа ірі банктер Қазақстанда жұмыс істеуге кірген жоқ. Қазіргі санкцияларға да сол ресейлік банктердің еншілес банктері тап келіп жатыр. Кейінгі бес жылда Қазақстанның банк саласында оларға тиесілі активтердің көлемі 15 пайызға дейін өсті. Ресейлік еншілес банктердің салымдарының көлемі 3 трлн. 500 млрд. теңгеге дейін көбейді», - деді Айқын Қоңыров Мәжілістің жалпы отырысында.
Осы факторларды негізге алған депутат бірқатар ұсыныс айтты. «Біз жаһандық монетарлық билік өкілдері Ресей Федерациясының серіктес елдердің қаржылық секторына салатын санкцияларды қаншалықты қатайтатынын білмейміз. Қазақстан осы санатқа жатады. Осыған байланысты Қазақстан халық партиясы банк секторын түбегейлі қайта жүктеуге үндейді. Салымшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тәсілін түбегейлі өзгертуді ұсынамыз. Мемлекеттік бағдарламалар мен Ұлттық жобаларды іске асыру үшін мемлекет қаражатын коммерциялық банктер мен квазимемлекеттік институтаттар арқылы бөлуден бас тарту қажет. Қазақстанда агроөнеркәсіп кешені, құрылыс және өнеркәсіп салаларындағы мемлекеттік банк құруды ұсынамыз. Ол банктің басым бағыты валюта биржасындағы алыпсатарлық пен Ұлттық банк ішінде салым құю емес, экономиканы дамыту болуға тиіс», - деді депутат.
Депутаттың бұл ойын ешкім теріс деп айта алмас, тіпті бірқатар пікірлерін қолдауға да болады. Өйткені біздің банктердің жұмысы ешқандай сын көтермейді, тіпті солардың немен айналысып жатқанын түсіну қиын. Білетініміз – мемлекет пен халық ақшасын тиімсіз, мақсатсыз жұмсау, сол арқылы жекеменшік банк иелері өз қалталарын қалыңдату ғана. Сондықтан, депутат әйтеуір де қаржы мәселесін көтерген соң өз қалталарына ғана жұмыс істейтін жекеменшік банктерді түгелдей жабу керектігі туралы талап қою керек еді. Ал оған себеп жеткілікті, бұл жүйенің кемшіліктерін көздерін шұқып, саусақпен санап беруіне болатын еді.
Құрамында мыңдаған адамдар істейтін, отыздан аса екінші деңгейлі банктерге жол сілтейтін Ұлттық банк саласын 1998-1999 жылдары Қадыржан Дамитов, 2004-2009 жылдары Әнуар Сәйденов басқарғанда, бірде-бір болжамы орындалмаған, «сақалды көріпкел» атанған Григорий Марченкодан бастап бірнеше басшы ауысса да, банктің бағы ашылмай-ақ қойды. Одан кейінгі Қайрат Келімбетов те көпшіліктің көңілін құрғақ уәдемен «көншітіп» кетті. Данияр Ақышев та банк саласының жұмысын түзеді деп айта алмаймыз. Оның екінші деңгейлі банктерге БЖЗҚ есебінен 200 миллиард теңге қаражат алып, қартайған шағында қамсыз өмір сүру үшін миллиондаған тұрғындарымыздың жылдар бойы тірнектеп жинап келген зейнетақы қорының қоржынына қол сұғуы жұрттың ашу-ызасын тудырғанын білесіздер.
Қариялардың қаржысына бірінші болып Келімбетовтың көзі түскен-ді. Тұралаған экономикамызды тік тұрғызамыз деген желеумен қыруар қаржыны екінші деңгейдегі банктерге үлестірген-ді. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» сол мол қаржыны талан-таражға салды. Қаржы мекемесінің аты айқайлап тұрғандай баспанасыз жүргендердің басым бөлігі осы банк арқылы несие алып, үйлі болуға тиісті-ді. Бұл жерде де банк былыққа батты. Өз туыстары мен таныстарына кезектен тыс пәтер әперумен айналысқан "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" бұрынғы басшысы Нұрбибі Наурызбаева жауапкершілікке тартылудың орнына БЖЗҚ-ны басқаруға келді. Бір мекеменің көсегесін көгертпеген адам екінші бір үлкен қаржылық ұжымға қалай ғана басшы бола қалғаны түсініксіз. Зейнеткерлердің ақшасы мақсатсыз жұмсалғаны соншалық біздің қомақты қаржымыз Каспий асып, Әзірбайжан елінен бір-ақ шықты. Оны дереу қайтарып алу да мүмкін болмай қалды. Шетелге кеткен ол қаржының тағдыры не болғаны осы күнге дейін белгісіз.
Сол кезде Мәжіліс отырысында депутаттардың сауалдарына жауап берген Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева бұл ақша барлық қордың 2 пайызын ғана құрайтынын айтып, 90 млрд. емес, 90 тиынды ғана садақаға салғандай өзін Мәжілісте емін-еркін сезінгені әлі есімізде. Бұл банк саласының мүлдем бұғаусыз кеткенін көрсетсе керек. Зейнеткерлер әрбір тиынын санап, ертеңгі күні қалай өмір сүреміз деп отырғанда әлеуметтік маңызы зор іске жауапты лауазымды маманның айтып тұрғаны осы болса не дейсіз? БЖЗҚ зейнетақы активтерін Қазақстанның Ұлттық банкі жүзеге асырумен айналысқанмен, өз қарамағындағы мекемелерге бақылау жасауға шамасы келмей отырған секілді. Қаржылық қылмыстың алдын алудың орнына құқық қорғау орындарынан көмек сұрау ғана қолдарынан келді. Ақырында «БЖЗҚ» АҚ экс-басқарма төрағасы Руслан Ерденаев 12 жылға сотталды. Осы қылмысқа қатысы бар өзгелер де жазаланды.
Сол жылдарда жалпы сомасы 3 триллион теңге өз пайдасын ғана ойлайтын банктерді қолдау үшін берілді. Сол есепсіз ақшаны қай банк қалай жаратты? Бюджеттен алған триллиондар жайлы қаржы ұйымдары ашық мәлімет берген емес. «Дельтабанк», «Қазинвестбанк» және де бірнеше банктер сол қаржыны ұқсата алмай өздері қарызға кіріп кетті. Ұлттық банк кейбір қаржы институттарының лицензияларын сот шешімі арқылы қайтарып алуға мәжбүр болды. Оларға салынған мемлекеттің және ұлттық компаниялардың қаржысы қайда кетті? Ұлттық қорды басқару жөніндегі комиссия осы тектес банктерге ақша бөлерде не ойлады?
Ашығын айту керек, сол кезде де халық қалаулылары БЖЗҚ ақшасын сенімсіз банктерге беруге қарсы шықты. Бірінен соң бірі онсызда тақырға отырып, шатқаяқтап тұрған банктерге халықтың миллиардтарын тағы да ұстата салудың соңы немен аяқталады деген сұрақтарын ашық қойған-ды. Ертеңгі күні қыруар қаржының әдеттегідей талан-таражға түспесіне кім кепілдік бере алады? «Халықтың ақшасы жеке меншік қаржы институттарын дамыту үшін жұмсалмау керек. Неге олар ақшаны ұрлап байып жатыр? Одан қалды шетелге алып кетіп жатыр. Ал мына жақтағы банктің салушылары зиян шегіп отыр. Ашығын айтсақ, сол банктердің кейбір иелері билікте де жүр. Неге соны сұрамасқа, неге жауапқа тартпасқа оларды?» - деген болатын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев. Депутат ашығын айтқанмен банк иелері билікте болған соң оларға ешкімнің әмірі жүрмейтіні белгілі. Өкініштісі, Өксікбаев мемлекеттік қызмет пен бизнесті қатар иемденгендердің атын атап бермеді. Атап берсе де оларды кім тексермекші? Құқық қорғау орындары да биліктің қолшоқпары болып кеткен.
«Қазақстанда несиеге «байланған» адам неге көп?» сұраққа жауап іздеп көріңізші. Негізінде заңдылық бойынша халықтың несиелену деңгейі экономикалық өсіммен қатар жүруге тиісті. Ал қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы экономикалық өсімнен әлдеқайда асып түскен. Соңғы кезде жүргізілген сауалнама нәтижесі экономикалық белсенді немесе кішігірім қызметте жүрген азаматтардың 90 пайызы айлық пен айлықтың арасында күн көретінін көрсеткен. Демек қазір жұрттың көпшілігінің қарызсыз өмір сүруге мүмкіншілігі жоқ.
Сарапшылардың дере¬гінше, Қазақстандағы жұмыс істейтін халықтың 70 пайызы қарызбен өмір сүреді. Экономикалық белсенді 9 млн. халықтың 6 млн-ы банкке қарыз. 2,5-3 млн. адамның ғана несиесі жоқ. Мысал ретінде айтсақ, былтыр Ұлттық банктің экс-төрағасы Ерболат Досаев банк алдындағы қарыздың 7 трлн. 360 млрд. теңгеге жеткенін мәлімдеген болатын. Бір жылда қарыз көрсеткіші 4,5 трлн. теңгеге ұлғайып 12 трлн. теңгеге жақындаған. Халықтың банк алдындағы қарызының өсу себебі, біріншіден – банк мөлшерлемері тым жоғары. Екіншіден, пайда табу үшін банк несиені оңды-солды таратады. Өйткені халықтың мойнына ілген қарыз түбі бір қайтарылатынын олар жақсы біледі. Оның үстіне уақытында төленбеген қарыз үшін айыппұл да өсе түседі.Демек біздің банктер халық үшін емес, тек қана өз пайдалары үшін ғана жұмыс істейді деген сөз.
Қаржы саясатын дұрыс жүргізбеген банктер артық қыламыз деп тыртық қылғанын, тойымсыздықтың түбі жақсылыққа жеткізбейтінін білетін уақыт жетті. Олар халықтың арқасында мол пайда тауып отырғанын түсінуі керек. Соншама жоғары пайызбен несие берудің соңы халықты қарызға тығып қана қоймай, өздерін де әлсіретті. Өйткені жеке ғана емес, заңды тұлғалар да қарыздарын қайтара алмай біздің банктер тақырға отырды. Осыдан сабақ алуға тиісті. Оларды сауықтыру үшін Үкімет үнемі қаржы бермесі де белгілі. Сол сияқты банктің аты жер жарып тұрса да халықаралық немесе өзге де дүниежүзілік қаржы ұйымдары мемлекеттің немесе үкіметтің кепілдігінсіз ешқандай банкке ешқашан қарызға бір тиын да ақша бермейді. Өйткені әлемдік тәжірибеде мықты банктердің өзі банкрот болған жағдайлар өте көп. Сыртқы болсын, ішкі болсын алған кез келген несиеге, немесе мемлекет тарапынан берілген көмек үшін бірінші кезекте үкімет жауапты.
Бұл жолы депутат А. Қоңыровтың сауалына орай еліміздегі банк саласының жұмысына қысқаша ғана шолу жасап шықтық. «Халыққа қызмет көрсетуден өзара ашық бәсеке болады деген желеумен бактерді жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптатып жібердік. Бәсекенің көкесін мөлшерлемені көтеру мен қаржыны жымқыру жағынан ғана көріп отырмыз. Нарықтағы ашық, әділ бәсеке заңын қолдана алмасақ оның керегі қанша? Сондықтан иелеріне ғана пайда әкелетін жекеменшік банктерді түгелдей жауып, бір ғана мелекеттік банкті қалдырғанымыз жөн. Біздегі банк жүйесіндегі ашық бәсеке деген - бос сөз. Толып жатқан банктер мемлекет пен бұқар арасындағы өзіне пайда табатын ортадағы делдалдар ғана. Бәрі де жоғарыда отырған бір-бір мықтылардың ақша табатын табыс көзі. Ондай арамтамақ, халықтың мойнына масыл болған қаржы мекемелерінің пайдасынан бұрын зияны шаш етектен. Осы қаптаған мекемелерді жапқанда ғана билік басында отырған жекеменшік банк иелері қаржы саласына ықпал етіп, әмірін жүргізе алмайды. Сонда ғана қаржы саласында тәртіп орнайды. Ал, темірдей тәртіп орнаса ешқандай жерде заң бұзушылық та болмайды. Қашанға дейін қарапайым халық қымбат несиенің қамытын киіп, тойымсыз банкирлердің қанауы мен қорлығына шыдап жүре бермекші?..» - деп жазған болатынбыз. («Қаржы саласында қашан тәртіп орнайды?» Қазақ үні 2018 ж. 12 мамыр).
Біз әлі де сол ұстанымдамыз. Бір сөзбен айтқанда, бүгінге дейін «Халыққа қызмет көрсетуді жақсартайық» деген ниет атымен жоқ бұл салада. Шынайы ниет болса отыз жылда банк жүйесінің жұмысын жөнге келтіруге болатын еді. Ал, қаржы саласы ел экономикасында елеулі рөл атқаратынын ескерсек, банк жүйесінің жұмысы түзелмесе халықтың да әлеуметтік жағдай жақсармасы белгілі.
Мемлекет басшысының бастамасымен Жаңа Қазақстан құрамыз деп талпынып жатырмыз. Осы бағытта түрлі саяси, экономикалық реформалар басталып та кетті. Атазаңымыз бойынша жер, оның асты-үстіндегі табиғи байлықтар халықтікі. Яғни стратегиялық маңызы бар салалар мемлекет меншігінде болу шарт. Олай болса қаржы саласында жекеменшік банктер де болмауы керек. Жаңа Қазақстан қоғамы кезінде қаржы саласының жұмысы түзеліп, халыққа адал және сапалы қызмет көрсететін болады деген сенімдеміз.
Зейнолла АБАЖАН