Қапшағайға Қонаев аты берілуіне арналған салтанатты шара өтті

Қапшағайға Қонаев аты берілуіне арналған салтанатты шара өтті

Кеше 8 мамырда Қапшағай қаласында қаланың Алматы облысы орталығы болуымен және халқы сүйген қадірменді дара тұлға, Қазақстанның өркендеуіне зор үлес қосқан аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың атын алуына арналған мерекелік шара өтті.

Өткен 7 мамырда осында “Ақ жол” партиясы Алматы облыстық филиалының қолдауымен Отан қорғаушылар күніне орай “Қазақстан” пауэрлифтинг ұлттық ассоциясы федерациясы ұйымдастыруымен қалалық күштік спорт түрлерінен Қапшағай қалалық ашық чемпионаты өтіп, Украина, Ресей спортшылары да қатысқан бұл чемпионат қалаға Қонаевтың аты берілуіне де арналды.  

Қонаев қаласындағы алаңға халық көп жиналды. Қонаевқа арналған көрмені тамашалап, өнер шеберлерінің концертін тыңдады.


Салтанатты жиынды Алматы облысы әкімі Қанат Бозымбаев арнайы сөз сөйлеп ашты.

Қонаевтың ерекше қасиеттері туралы оның немере інісі Дияр Қонаев, Қостанай облысында аудан басқарған Сидорова, Қонаевтың жеке күзетшісі болған, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Амангелді Шабдарбаев, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы президенті Мұрат Жұрынов атап айтты.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет Қонаевтың ел басқарудағы ерекшеліктеріне тоқталып, оның Америкаға барғанда сол кездегі президент Д. Эйзенхауердің Қазақстан басшысына қатты риза болып, “Мұндай дала даналығын бойына сіңірген дара басшы Кеңес одағында жоқ” деп, жоғары баға бергенін жеткізді.


Көрнекті жазушы, кинодраматург, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер Смағұл Елубай, ҚР Парламенті Сенаты депутаты Нұртөре Жүсіп, белгілі журналист, қонаевтанушы Ораз Қауғабаев, әйгілі әнші Нұрлан Өнербай және тб да дара тұлғаның даналығы туралы өз ойларын жеткізді.

Көрнекті жазушы, кинодраматург, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер Смағұл Елубай, ҚР Парламенті Сенаты депутаты Нұртөре Жүсіп, белгілі журналист, қонаевтанушы Ораз Қауғабаев, әйгілі әнші Нұрлан Өнербай және тб да дара тұлғаның даналығы туралы өз ойларын жеткізді.

Біз ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партия төрағасының орынбасары Қазыбек Исадан өз пікірін сұрадық.

- Иә, қандай да бір билік басында болған тұлғаның қадірі ол қызметінен кеткен кезде білінеді. Желтоқсан көтерілісіне ұласқан Қонаевтың қызметтен кетуі оның беделін халық арасында одан сайын көтеріп жіберді. Қаншама жыр, ән арналды. Ел арасындағы абырой-құрметі аспандамаса, кеміген жоқ.

Мысалы, көрнекті ақын Есенғали Раушанның “Қара бауыр қасқалдақ” жырына Желтоқсан ызғары соғып тұрған кезеңде Шардаралық дарынды композитор, әнші Лесбек Аман керемет ән жазды да, бұл әнді ел Қонаевты орнынан кетірген Желтоқсан көтерілісіне арналған ән ретінде қабылдағандықтан, жалпыхалықтық Желтоқсан әнұранына айналып кетті.

Жиында академик Мұрат Жұрынов айтқандай, Дінмұхаммед Ахметұлы дүниеден өтерінің алдында Түркістанға келгенде Шымкенттен Түркістанға дейін жол бойына халық шығып тұрып, қол бұлғап, құрмет көрсетіпті.

Оның үстіне, Тәуелсіздіктің 30 жылындағы мемлекеттік деңгейдегі жаулап алған жемқорлық Қонаевтай қолы таза, қайырымды да, иманды тұлғаға деген халық ықыласын еселеп өсіріп келеді. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Қапшағайға Қонаевтың атын беруі халық талабын ескерген өте сәтті шешім болды.-деді ақын.

Жиын соңында Дінмұхаммед Қонаевқа арналып ас беріліп, құран бағышталды.

Осы жиында Қонаевтың талай жыл оққағары болған Амангелді Шабдарбаев дара тұлға туралы елге белгісіз тың естеліктерді әдемі әңгімелеп бергенде айтқанындай, өзені бар, көлі бар қалалар бақытты қалалар!

Ендеше, Іле өзені бойындағы, Қапшағай көлі жағасындағы Қонаев қаласының өркендеп, дәуірлейтін кезеңі енді басталады.

“ҚАЗАҚ ҮНІ”