КОНСТИТУЦИЯДА ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖЕКЕДАРА МӘРТЕБЕСІН АЙҚЫНДАУ КЕРЕК
2022 ж. 01 мамыр
1890
0
Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау және Атазаңның тіл туралы бабын өзгертуді ұсынған депутаттық сауал туралы
Бүгін интернет желілерінде мені Конституциядан орыс тілін алып тастауды ұсынды және оны 39 депутат қолдады деген ақпарат тарады.
Осы өткен сәрсенбіде мен депутаттық сауал жасағанда қазақ тілі мемлекетттік тіл ретінде Конституцияда бекітілгенмен, бірақ осы уақытқа дейін анықталмай келе жатқан жеке дара мәртебесін айқындау керектігін және Мемлекеттік тіл туралы арнайы заң жоқ болғандықтан, заң қабылдауды талап еткен болатынмын. Өйткені, Конституцияда көрсетілген мемлекеттік статустың өмірде іске асуы үшін арнайы заң қабылдануы керек еді.
Сондықтан да мемлекеттік органдарға қазақ тілінде хабарласқандар сол мемлекеттік тілде жауап ала алмайтын жағдай жиі кездесуде. Өйткені, мемлекеттік қызметкерлердің көбісі мемлекеттік тілді білмейді, тек орыс тілінде сөйлейді. Бұл жерде өзге ұлт емес, керісінше ұлты қазақ азаматтар тілдік дискриманцияға ұшырап келеді 30 жылдан бері.
Сондықтан мен 2012 жылы “Ақ жол” партиясының мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру жөнінде заң жобасын жасағанын, оны Үкімет тоқтатып тастағанын еске салдым.
Кезекті рет Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды ұсындық. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тіліне жекедара статус бергенде ғана Конституцияда көрсетілген статус нақты өмірде іске асады.
Міне, осы ұсынысты өзге бір топ депутаттар да қолдап, патриоттығын көрсетті, оларға көп рахмет!
Ол Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдап, атазаңда қазақ тілі статусын айқындау, еліміздің ақпарат алаңын шетел телеарналарынан тазарту, біздің елге көршілес елдерден ағылып жатқандарға тосқауыл қою мақсатында Қазақстан Азаматтығын алу үшін Қазақ тілі мен ел тарихынан емтихан тапсыру туралы депутаттық сауалды қолдаушы депутаттар оған өз қалауымен қосылды. Парламентте заң әлі дауысқа салынған жоқ, сол Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдауды және тб ұлттық мүддемізді қорғау шараларын жасау туралы депутаттық сауал жасалды. Осы Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдауды талап еткен депутаттық сауалды қолдаған депутаттарға алғысым зор, олардың аттары жарияланды.
2020 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясында барлық этнос өкілдері Меилекеттік тілді міндеттеу туралы заң қабылдау туралы үндеу қабылдағанын да атап айту керек.
Ал Конституциялық өзгерістерге келсек, бүгінде басты мақсат 30 жылғы ескі сірескен саяси жүйені реформалап, жаңартып жатқан Президент бастамасына бәріміз қолдау білдіруіміз керек.
Бұл Атазаңға енер өзгерістерді халық талқысына салуы - Жаңа дәуірді жариялаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір жаңа қадамы.
Енді ескі Қазақстанның таптаурын сүрлеуінен шаршаған елді Жаңа Қазақстанның жаңа қадамы – халықтың өз тағдырын өзі шешетін референдумы күтіп тұр.
Жаңа дәуірін жариялаған Қазақ Елінің, екінші республиканың Конституциясы халықтың өз таңдауымен өмірге жолдама алмақ.
Президент ұсынған мемлекетімізді өзгертетін жалпыхалықтық референдумда бәріміз өз таңдауымызды жасай білейік.
Қазыбек ИСА,
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты,
«Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары