КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ХАЛЫҚ ӨЗІ ШЕШЕДІ

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ХАЛЫҚ ӨЗІ ШЕШЕДІ

Жаңа дәуірді жариялаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір жаңа қадам жасады.

Мемлекет басшысы Конституцияға енетін түбегейлі саяси өзгерістерді таңдауды халықтың өзіне салды.

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды.

«Әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар. Біз мемлекеттігіміздің даму жолындағы жаңа кезеңге қадам басқалы тұрмыз. Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едім. Бұл - қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда, алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», - деді ҚР Президенті

Иә, мемлекет тарихындағы аса маңызды өзгерістерді жасау жолында референдум маңызды демократиялық институт екені айқын. 

Біздің елде, 30 жылдың ішінде референдум бір-ақ рет, осыдан 27 жыл бұрын Конституция қабылдағанда өткізілген еді. 

Бізде содан соң осы уақытқа дейін Конституцияны талай рет өзгертті. Конституцияның өзіне енгізілген төрт өзгерістің барлығын да халықтың таңдауына салмай-ақ, парламент арқылы қабылдатып жіберді. Тіпті «Елбасы –Тұңғыш президент» туралы заңды 18 минутта қабылдап жіберген парламент те болған бізде. 

Бұл жолы да Атазаңға өзгерістерді ескі сүрлеумен, бұрынғыдай парламентте қабылдата салудан ҚР Президенті Қ.Тоқаев мақсатты түрде бас тартып, Жаңа Қазақстанның жаңа өзгерістерін халық таңдауына салып отыр. Өйткені Конституцияның үштен бірі, 33 бапқа 50-ден аса өзгерістер енеді және бұл саяси жүйедегі түбегейлі бетбұрысты өзгерістер. Сондықтан да бұл ел тағдырындағы шешуші өзгерістерді Конституция бойынша Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатын – халық шешуі керек. Өйткені, конституциялық реформа – Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес екені айқын.

Біз Президенттің Конституцияға енетін түбегейлі саяси өзгерістерді таңдауды халықтың өзіне салуын әрине, қуана қолдаймыз. 

«Ақ жол» партиясының бүгінгі өткен ұлттық кеңесінің кеңейтілген отырысында Президенттің конституциялық өзгерістерді жалпыхалықтық референдумға шығаруын бір ауыздан қолдады. Өйткені, «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев атап айтқандай, бұл Атазаңға енетін айқын өзгерістердің басым бөлігі партияның 2020 жылғы «Түбегейлі өзгерістер қажет» атты Саяси бағдарламасында ұсынылған болатын. Соның ішінде супер президенттік басқарудан парламенттік басқаруға басымдық беріп, өкілеттігін күшейту, Сенат өкілеттігін мен Ассамблея депутаттары статусын қайта қарау, президент пен әкімдердің партияда болмауы, мәслихат төрағасы қызметін енгізу, және тб жергілікті басқаруда маңызды өзгерістер бар. 

Енді ескі Қазақстанның таптаурын сүрлеуінен шаршаған елді Жаңа Қазақстанның жаңа қадамы – халықтың өз тағдырын өзі шешетін референдумы күтіп тұр. 

Жаңа дәуірін жариялаған Қазақ Елінің, екінші республиканың Конституциясы халықтың өз таңдауымен өмірге жолдама алмақ.

Президент ұсынған мемлекетімізді өзгертетін жалпыхалықтық референдумда бәріміз өз таңдауымызды жасай білейік.

Қазыбек ИСА, 

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, 

«Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары