Отыз жыл айтып жүргенімізді үш айда орындаған Тоқаев

Отыз жыл айтып жүргенімізді үш айда орындаған Тоқаев

Енді президент ешқандай партияға мүше болмайды

Мемлекет басшысы ешқандай партияда болмауы тиіс деген талапты біз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап жазып, айтып келе жатқан екенбіз. Кейін “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев та парламентте де, баспасөзде де бірнеше рет көтерді бұл мәселені. Бірақ бұл талабымызды естір құлақ, ескерер билік болған жоқ.

2022 жылы 28 қаңтарда ҚР Президенті Қ.Тоқаев “Нұр Отан” партиясының төрағасы болып сайланып тұрып, алда жыл аяғында партиядан шығатынын айтқанда елең ете қалғанбыз. Бірақ көңілде “әй, қалай болар екен” деген дүдәмалдық бар еді. 

Енді міне, 26 сәуірде, жыл аяғына жетпей-ақ тура үш айға толар кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқанын орындап, партияны тастап шықты. “Аманатты” Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа өткізіп кетті. 

- Бүгіннен бастап мен Amanat партиясының төрағасы қызметінен кетіп, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Осыған байланысты, сіздерге сенімдеріңіз бен президенттік сайлау кезіндегі қолдауларыңызға алғыс айтамын, – деді Тоқаев. Мемлекет басшысы қандай да бір партияға басымдық бермеуі тиіс екенін және саяси тұрғыдан бейтарап болуы керек екенін атап өтті.

- Бұл менің нақты ұстанымым. Бұл принцип сайлауға қатысатын барлық партиялар үшін тең мүмкіндіктер жасайды. Ол саяси жүйеде әділеттілікке жол ашады.– деді президент.

Осылайша отыз жылдай айтып жүргеніміз үш айда орындалды.

“Айтты-істеді” деген осы! Айтып қана қоймайтынын, алған беттен таймайтынын көрсетті! 

Президенттің саясаттағы бұл бетбұрысын ел жаппай жақтап жатыр. Ұлтшылдар да қолдап, шынында саяси өзгерістердің басталып жатқанына көз жетізе бастады. Иә, мемлекет басшысы, бүкіл халықтың Президенті болғасын бір партияның шеңберінде шектеліп қалғаны көңілге кірбің түсірер еді…

Саясатта ең бастысы ел сенімін иелену ғой!

Президент партиядан кетті, енді кезек облыс, қала, аудан әкімдерінде. Олар да көп ұзамай партиядан шығулары тиіс.

Бұдан кейін осы уақытқа дейін дауы мен шуы көп болған біздегі сайлау жүйесін әділ етіп құра білсек, алдағы сайлау кезінде партиялардың арасында нағыз саяси аламан, әділ бәсеке болар еді.

Әрине, бәрін уақыт көрсетеді, алдағы сайлау анықтап береді.

Осылай айтқан сөзден нақты іске көшу енді саясат пен экономикаға рухани берік негіз болатын ұлттық идеологиямызда да жалғасын табады деп сенеміз.

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні