Мұхтар Құл-Мұхаммед: Кеосаян секілділерді «Козёл-провокатор» дейді

Мұхтар Құл-Мұхаммед: Кеосаян секілділерді «Козёл-провокатор» дейді

Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммед ресейлік пропагандист Тегран Кеосаянның қазақ халқына қатысты айтқан даулы сөздеріне жауап берді. 

Бұл туралы «Қазақ үні» ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Егер Кеосаян сондай ақылды адам болса, әскери шеру өткізу жайлы өзінің ұсынысын өзінің отандастары армяндарға айтсын. Арменияның үкіметіне айтсын. Арменияның астанасы Ереван қаласында дүниежүзіндегі нөмір бірінші фашист, нөмір бірінші нацист, Гитлердің қолшоқпары болған, қолбаласы болған Гарегин Нжде дегенге ескерткіш орнатты. Гарегин Нжде отанына опасыздық жасағаны үшін кеңес түрмесінде шіріп өлген адам. Сондықтан ол неонацистерді іздейтін болса, онда тарихи отанынан іздесін. Шеруді сол Ереванда өткізсін. Гарегин ескерткішінің түбінде шеру өткізіп, өзі соған қатыссын. Сондықтан мұндай адамдарды орыс тілінде "козёл провокатор” дейді. Провокаторлық ұсынысын өз отандастарына айтсын" - деді М. Абрарұлы. 


Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР СІМ Баспасөз хатшысы А.Смадияров та Кеосаянның сөздеріне қатысты пікір білдірген болатын. 

“Ресейлік журналист Тигран Кеосаянның қорлайтын, объектив емес сөздері назарымызды аударып отыр.

Мүмкін, оның мәлімдемесі Ресей қоғамы мен саяси истеблишменттің белгілі бір бөлігінің көзқарасын көрсететін шығар. Бірақ елдеріміз арасындағы ынтымақтастық рухы мен мазмұнына және мемлекет басшылары деңгейіндегі келісімдерге мүлдем сәйкес келмейді.

Мұндай сөздер тату көршілік қарым-қатынасымызға селкеу түсіреді және стратегиялық серіктестіктімізге қарсыларға қолайлы болмақ.

Ол Қазақстанға келуі құпталмайтын адамдардың тізіміне енгізіледі деп ойлаймын”, - деп мәлімдеген еді ол. 

Сонымен қатар, Кеосаянның зайыбы ресейлік журналист Маргарита Симоньян да Украинадағы соғысты қолдап, насихаттағаны үшін АҚШ санкцияларына іліккен болатын.