АЙТҚАНЫМЫЗ АЙДАЙ КЕЛДІ - платформамыз Ресей СБЕР-іне берілмейтін болды! - Қазыбек Иса (видео)
2022 ж. 19 сәуір
1950
0
Былтыр, 2021 жылы 25 қазанда Парламент Мәжілісінде үкімет сағаты өтті. Депутаттар алдында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин есеп берді.
Сонда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса министрге елдің алаңдаушылығын тудырып отырған Үкіметтің электрондық платформасын Ресейдің Сбербанкіне беру мәселесі және Цифрландыру саласындағы, егов платформасындағы мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі туралы сұрақ қойды.
-Қазақстанның цифрландыру деңгейі жақсы дамуда. Оған жаңа сіздің жасаған баяндамаңыздан да көзіміз жетті. Біз БҰҰ-ның халықаралық рейтингі бойынша онлайн-қызмет бойынша 11-ші орында, электрондық үкімет бойынша 29 орында, электрондық қауіпсіздігі бойынша 31 орындамыз.
Тіпті Ресейдің алдындамыз! Ендеше бүкіл 19 млн қазақстандықтардың жеке мәліметі бар мемлекеттің электрондық үкіметін түгел шет мемлекетке - Ресейдің Сбербанкіне бере салуды қалай түсіндіресіз?!. Бұл биыл 30 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізге нұқсан емес пе?
Осылай цифрландыру платформамыздың Ресейге берілуіне қарсы шыққан Қазыбек Иса бүгінгі Ресейге АҚШ пен Батыс елдерінің электрондық тосқауылы мен санкцияларын дәл болжап айтып берген еді…
-Егер АҚШ ертең Ресейге әлемдік ең алдыңғы қатарлы бағдарламаларға қол жеткізуге тосқауыл қойса біз қайтеміз? “Екі түйе сүйкенсе шыбын өледі” дегендей, шырылдап, босқа құрбан болып кетпейміз бе?-деп сұрақты төтесінен қойған болатын.
Енді міне, 2022 жылы 15 сәуір күні ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі А. Жамбақин Қазақстанның цифрландыру платформасы Ресейдегі ауыр жағдайға бацланысты Сбер-ге берілмейтінін мәлімдеді.
“Бұл қазіргі геосаяси жағдайға байланысты және өзіміздің мүмкіндіктерімізді қайта қарап, қазақстандық IT компанияларын тарта отырып, “НИТ” АҚ арқылы платформамызды өз күшімізбен жасауға шешім қабылдадық.
Қазір техникалық-экономикалық сараптама жасалуда. Биылғы жылдың аяғына дейін жаңа платформа жасалып, алғашқы сервистер пайдалануға беріледі.- деп жауап берді вице-министр журналистер сұрағына.
-ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ ҚАЗАҚҚА ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР! - деп жазып едім өткенде,- дейді Қазыбек Иса бұл туралы.
- Дархан даласындай кең пейілі үшін Қазақты Алла қорғайды! Тәуелсіздікті де Құдай зорлап берді. Енді Нағыз Тәуелсіздікті де Алла береді!
Қазіргі жағдай да Қазаққа жұмыс істеп тұр! Сондықтан соған сай Ұлттық рухымызды көтерейік! Рух жоқ жерде -Ұлт жоқ!
Қарқынды қайрат жасап, қуат көрсетіп, жігер танытайық!
Өйткені, құдай сақтансаң ғана сақтайтынын ұмытпайық!
Әйтпесе, 30 жыл құтылмаған құлдыққа құлдық ұру, қамытын қайта іздеу саясаты қарқын ала бастаған секілді!
АЙТҚАНЫМЫЗ АЙДАЙ КЕЛДІ - біз қарсы шыққандай, цифрландыру платформамыз Ресей СБЕР-іне берілмейтін болды. Сол кезде айтқанбыз министрге, ертең АҚШ әлемдік цифрлік бағдарламаларға Ресейге тосқауыл қойса, қайтеміз деген едік, сол тура келді. Ресейге қазір әлемдік бағдарламаларға жол жабылған, тастүнекте. Біздің платформамыз Сберге өткенде, біз де тосқауылға тап болар едік.
“Мен қауіп еткеннен айтамын!”-деп XIX ғасырда зарлаған Мұрат ақындай, әділдігін айтып, алдын алу ақын ретінде де, азамат ретінде де, депутат ретінде де басты міндетіміз. Тек еститін, естіп қана қоймай, ескеріп, нәтиже шығаратын үкімет болса деңіз.
Алла Алашқа жар болсын!-деді депутат.
Енді былтырғы министрге қойылған депутат сұрағымен толық таныс болыңыздар:
Қазыбек Иса: ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТТІ РЕСЕЙГЕ БЕРЕ САЛУ-ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗГЕ НҰҚСАН ЕМЕС ПЕ?!. (видео)
Қазақ министрі қазақша сөйлесе қуанатын масқара жағдайға жеттік - Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының “жетістігі”…
Құрметті министр Бағдат Батырбекұлы!
1.Қазақстанның цифрландыру деңгейі жақсы дамуда. Оған жаңа сіздің жасаған баяндамаңыздан да көзіміз жетті. Біз БҰҰ-ның халықаралық рейтингі бойынша онлайн-қызмет бойынша 11-ші орында, электрондық үкімет бойынша 29 орында, электрондық қауіпсіздігі бойынша 31 орындамыз.
Тіпті Ресейдің алдындамыз! Ендеше бүкіл 19 млн қазақстандықтардың жеке мәліметі бар мемлекеттің электрондық үкіметін түгел шет мемлекетке - Ресейдің Сбербанкіне бере салуды қалай түсіндіресіз?!. Бұл биыл 30 жыл толып отырған Тәуелсіздігімізге нұқсан емес пе?
Сіз “бұл келісім шарт емес, меморандум” дейсіз, бәрі меморандумнан басталады. Дауылдың алдындағы жел тұратыны секілді. Өйткені, бұл меморандумға үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойып отыр ғой.
Өзіңіз айтқандай бұл қоғамда үлкен қарсылық туғызып, шу болуда. Бұны сіздің жауабыңыз да қанағаттандыра алмады.
Бұған алаңдаған “Ақ жол” фракциясы депутаттық сауал да жасады, оны өзіңіз білесіз.
2.Цифрландыру саласын міндетті түрде шетелге бермесек, күн көре алмайтын болсақ, онда Қазақстаннан кейінгі орында тұрған Ресейге бергенше, неге алдыңғы қатардағы елдерге бермейміз ашық та әділ конкурс жасап. Неге барлық жағынан Ресейге байланып қалғанбыз?!.
3.Бұл IT секторының дамуына кедергі келтіреді. Мамандардың шетелге ағылуына жол береді деп отыр сарапшылар. Өйткені тапсырыс беруші мемлекеттік және жергілікті органдардың тапсырысын қожайыны шетелдік платформа иесі өзі біледі кімге беруді…
4.Егер АҚШ ертең Ресейге әлемдік ең алдыңғы қатарлы бағдарламаларға қол жеткізуге тосқауыл қойса біз қайтеміз? “Екі түйе сүйкенсе шыбын өледі” дегендей, шырылдап, босқа құрбан болып кетпейміз бе?
5.Сіз Бағдат Батырбекұлы, өзіңіз министр ретінде мемлекеттік тілде жақсы сөйлейді екенсіз, рахмет. Қазір қазақ министрі қазақша сөйлесе қуанатын масқара жағдайға жеттік Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының “жетістігі”…
Ал цифрландыру саласындағы, E-gov платформасындағы мемлекеттік тілдің қолданылуы деңгейі қандай?
Министрдің жауабын сілтемедегі видеодан тыңдай аласыздар.