Қымбатшылықтың түп-тамыры тойымсыз жемқорлықтан тарайды
2022 ж. 17 сәуір
1440
1
Бұғаусыз кеткен баға мен қарапайым халықты қинаған қымбатшылық туралы әңгіме қозғаудың өзі ыңғайсыз жағдайға жетті, тіпті қорқатын болдық. Жаза-жаза жауыр болған тақырыпты қайта қозғау – бітеу жараның аузын тырнағанмен бірдей, жұрттың ашу-ызасын одан бетер өршітеді. Жазбайын десек, еліміз егемендік алып нарықтық экономикалық қатынасқа көшкелі көріп келе жатқанымыз – азық-түлік және де өзге де тауарлардың тұрақты түрде қымбаттауы, ол тіпті әдеттегі көрініске айналды. Бағаны бұғаулаймыз деген биліктің әрекетінен ештеңе шыққан емес. Өйткені оған деген шынайы ниет жоқ...
Қарапайым халықтың, еліміздегі тұрғындардың тарапынан әсіресе азық-түліктің қымбатттауына байланысты соңғы кезде айтылып жатқан арыздан аяқ алып жүре алмайсыз. Ол да негізсіз емес, тапқан-таянғаны тамағын асырауға жетпей жатса жанайқайға баспағанда не істейді?! Ресми орындардың еліміздегі әрбір адамға шаққандағы жалақы мөлшері орта есеппен алғанда 230 мың теңгеден асты деген құрғақ мәліметі ешкімнің қарнын тойдыра алмасы белгілі. Бұл көрсеткіштің қайдан келгенін кім білсін, көпшіліктің алатыны жүз мың теңгенің ар жақ-бері жағы. Мынандай қымбатшылық кезеңде жүз мың теңгемен отбасын асырау мүмкін емес. Өйткені киім-кешек сатып алмақ түгіл, азық-түліктен бөлек, коммуналдық қызметтер үшін де ақша төлеу қажет. Оны төлемесең сусыз, жарықсыз, жылусыз қаласыз. Әсіресе зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар мен өзге де әлеуметтік жағынан нашар қорғалған тұрғындарымыз қиындық көріп отыр.
Бағаның әлсін-әлсін көтерілуіне байланысты биліктегілердің алға тартар уәждері де жеткілікті. Бір білгір экономистердің айтуынша, доллар бағамы көтерілсе, кенеттен короновирус сияқты індет келе қалса, Африкада соғыс бола қалса біздегі бағаның «жынына» тиіп, шабынан түртеді екен. Содан шамданған баға «арқасы көтеріліп» аспанға шапшитын көрінеді. Жер жүзіндегі бір-бірімен жіпсіз байланған елдерге әлемдегі геосаяси жағдайдың белгілі бір деңгейде қай-қайсысына болсын әсер етері сөзсіз. Бірақ барлық кінәні сыртқа сілтеп, өзіміздің ішкі жағдайымызға көз жүгіртпеу, қолда бар мүмкіндіктерімізді саралап, кемшіліктерді түзетіп, халықтың тұрмысын жақсартудың жолын іздемеу – шарасыздық, біліксіздік, жауапсыздық.
Екі жыл бойы бүкіл әлемді үрейде ұстаған пандемеяға қарағанда, кейбір сарапшылардың айтуынша соңғы қаңтар қасіреті мен Украинадағы соғыс, Ресейге салынған санкциялар біздің елімізге қатты әсер еткен секілді. Кеше ғана өткен наурыз айындағы деректерге сүйенсек еліміздегі инфляция деңгейі 12 пайызға көтерілгендігі айтылды. Дауыл тұрмай жатып ұшатын доллар 510 теңгелік деңгейден бір-ақ көрінді. Өйтіп-бүйтіп, доллар бағамын сәл төмендеткен болдық. Бірақ нарықта көтерілген баға сол күйінде қалды. Соған қарағанда бұғаусыз кеткен біздегі бағаға ешкімнің әмірі жүрмейтін сияқты. Отандық өндірісіміз тұралап жатқанда сырттан келер тауарлардың бағасының көтерілуіне ешкім таңғала қоймайды бүгінгі күні. Оны айтасыз, өзімізде өндірілетін тауарлар да шетелдіктерден қалыспай қымбаттап шыға келді емес пе.
«Қазақстан Тұтынушылар лигасы» ассоциясының жетекшісі Светлана Романовскаяның айтуынша соңғы кезде елімізде азық-түліктің көптеген түрлерінің бағасы 30-40 пайызға көтерілген. «Қазақстандық және Ресей өнімдері мен тіпті дәрі-дәрмек бағалары да шарықтап кетті. Бізде тізімде бағасын 10-15 пайыздан артық көтеруге болмайтын азық-түліктің 19 түрі бар. Сол шектеулерге қарамастан әлеуметтік маңызы бар туарлардың құны тым көтерілген. Біз жүргізген сараптамалардың нәтижесі бойынша соңғы кезде тек қана жұмыртқа ғана 7 пайызға қымбаттаған. Ал ет, сүт өнімдері сияқты өзге де азық-түлік түрлерінің бағасы түгелдей 30 пайыздан аса өскендігі байқалды, тіпті доллардың еш әсері жоқ тауарлардың да» - дейді С. Романовская. Тауар өндірушілер мен ортадағы дистрибьютер деп аталатын делдалдардың айуынша бағаның көтерілуіне шетелдік өндірушілер кінәлі. Не керек, сыныққа айтар сылтау жеткілікті. Тұтынушылардың талабына орай бағаның негізсіз көтерілуі мен тауардың сапасына тұрақты бақылау жүргізетін бұл қоғамдық ұйым жетекшісі негізгі кінә біздің тойымсыз кәсіпкерлердің өзінде деп есептейді. Мысалы, жаңа жыл немесе 8 наурыз мерекелері қарсаңында сауда орындарында бағаны еріксіз көтергені белгілі. Бұл заңбұзушылық туралы мемлекеттік органдарға талай рет арызданғанмен нәтиже жоқ. «Бизнесті тексеруге мароторий жарияланған, оларды себепсіз мазалауға құқымыз жоқ» деген жауап келетін көрінеді. Мақұл, нарық заңына орай үлкен сұранысқа байланысты мереке кезінде баға көтерілді дейік. Ал одан кейін сұраныс азайғанда баға неге түспейді? Жоқ, ондай жақсылық бізде болмаған, мынандай жабайы нарық кезінде ол мүмкін де емес. Тұтынушылар одағы атынан мұндай арыздарды Алматы қаласы әкімдігіне де жолдаған екен. Әкімдіктегілер баға бақылауда, асып кеткен өрескел заңбұзушылық жоқ деп жауап берген. Ал тұрғындар тарапынан бағаға қатысты арыздар үсті-үстіне түсіп жатыр. Сонда әкімдіктегілер мен осыған жауапты құзырлы орындағылар бағаны қажетінше көтеріп алған сауда орындарында мүлдем болмағаны ма, бағаның қалай қарай ауытқып жатқанын білмегені ме? Әлде қымбатшылықтан қиналған мыңдаған адамдардың бәрі өтірікші болғаны ма?
Бағаны бақылау ұзақ жылдар түрлі министрліктер, мемлекеттік құзырлы органдар мен әр деңгейдегі әкімдіктерге жүктеліп келгені белгілі. Бірақ бұл әдіс ешқашан нақты нәтиже берген емес. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» демекші, аталмыш органдар бір-біріне сілтеп, бәрі жауапкершіліктен қашумен болды. Сол себепті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбек бойынша азық-түлік өнімдерінің бағасын бірыңғай бақылау бойынша негізгі жауапты мемлекеттік органды айқындап бекітуді Үкіметке тапсырған болатын. Сөйтіп бұл міндет Сауда және интеграция министрлігіне жүктелді. Бірақ бұл министрлік те бірдеңені жетістірді деп айта алмаймыз. Соңғы кезде орын алған жаппай қымбаттаушылыққа байланысты «Сүт өнімдерінің 60 пайызы – ішіндегі шикізат бағасы. Ол да өсіп бара жатыр. Өйткені жемнің бағасы, басқа да факторлары бар. Мысалы, Ресейден алып келетін қапшықтары да қымбаттап жатыр. Ол да өз әсерін беріп отыр. Азық-түлік бағасының өсуіне өткен айдағы теңгенің тұрақсыздығы да әсер етті», - деді ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов. Министрдің айтуынша облыс орталықтарында жүргізілген мониторинг нәтижесінде шағын дүкендердің 85 пайызы бағаны негізсіз көтергені анықталған. Енді мұндай тексеру аудандарға дейін жүргізілмекші екен. Тексерулер жүргізілді делік, содан баға төмен түсті ме? Жоқ. Олай болса, ондай тексерулерден не пайда? «Егер әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларын алсақ, 1 миллион тоннаға жуық қор бар. Ол өндірушілердің қоймасында, сауда орындарында, жеткізушілердің қоймасында. Осыдан үш ай бұрын 2 миллион тонна болған. Бұл енді үш айдан кейін миллион тонна таусылып, біз дымсыз қаламыз деген сөз емес. Қор толығып отырады. Мысалы, тура бір айдан кейін ерте пісетін көкөністер түсуге тиіс» - деді министр Бақыт Сұлтанов жұртты тыныштандырғандай болып. Біріншіден, тұрақтандыру қоры үшін де мемлекеттің яғни халықтың қаржысы жұмсалады. Қордағы әлеуметтік маңызға ие азық-түлік дер кезінде, өз мақсатында, толық көлемде тұрғындарға жеткізіліп жатыр ма? Ол жағы да белгісіз. Екіншіден, «көктем келіп, аузымыз көкке тисе өзегіміз талмайды» демекші болған министрдің бұл сөзі де «тауығымыз аман болса ертең тағы жұмыртқалайды» дегенге ұқсайды. Ал сол тауығы қырсыққанда ертең жұмыртқаламай қойса ше?..
Шындап келгенде біздің Үкімет бағаның өсу себебімен емес, оның салдарымен ғана күресіп жатыр. Тіпті күресіп жатыр деуге де ауыз бармайды. Сауда орындарындағы заңбұзушылықтарды анықтап, әкімдік жаза қолданғаннан бағаның түскенін отыз жылда көрмеппіз. «Баға неге қымбаттап жатыр, оның себебі неде?» деген сұрақ ойларына кіріп те шықпайтын секілді.
Оның себептерін анықтау үшін ғылым докторы болудың да қажеті жоқ. Бұл туралы мерзімді басылымдар (соның қатарында «Қазақ үні» де) талай рет жазған болатын.
Үкіметтегілер жылдар бойы айтылып келген ұсыныстарды ұмытып қалса соның біразын тағы да еске салайық. Алдымен отандық өндірісті өркендету, әртараптандыру керек. Яғни көптеген тауар түрлерін өзіміз өндірсек шетелдік тауарға, оны сатып алатын долларға тәуелсіз боламыз. Тіршіліктің қарапайым заңы осы. Бұл туралы мемлекеттік бағдарламалар да бар. Өкінішке орай, ол да іске аспай жатыр. Өйткені бізде әділ бәсеке жоқ. Жұдырығы жуан, тамыр-танысы, туысы мықты «бизнесмендер» білектің күшімен өзгелерді тұншықтырады. Бір қарағанда әртүрлі саланы жекелеген адамдар жекешелендіріп алған, өзгелерді маңайлатпайды. Бәсекелестері болмағандықтан өндірілген тауар құны да түспейді, бағаны қалағандарынша көтереді. Тауардың өзіндік құны деген халықаралық ереже біздің елімізде атымен жоқ. Бұл заңдылық бойынша тауарды өндіруге кететін материалдық шығын мен жұмысшыға төленетін жалақы, салықтық төлемдердің дұрыстығын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Есесіне өздеріне пайда әкелетін қосымша құн ережесі нәтижелі іске асуда. Айталық ет, сүт өнімдерінің қымбаттағанына жем-шөптің бағасының көтерілуі тікелей әсер етеді. Ол неге көтеріледі? Қазір мал атаулының бәрі жекеменшікте. Оны өсіру үшін су, жем-шөп, жайылымдар керек. Қарапайым шаруалар малын бағатын жер таба алмай отыр. Жердің бәрі жекешелендіріп, көлденең көкаттылардың қолында кеткен, көбісі пайдаланылмай бос жатыр. Тіпті шабындық жерлерді де біреулерге жалға беріп жіберген. Шабындық жерлерді алғандар артық шығын шығармай, өздігінен өскен дайын шөпті шауып, шаруаларға қымбатқа сатады. Малын өлтіріп алмас үшін шаруалар қымбат шөпті сатып алуға мәжбүр. Мал азығы қымбаттаған соң ет пен сүт өнімдері қымбаттамағанда қайтеді? Соңғы кезде мал жайылымдарын ауыл адамдарының өзіне қайтару жұмыстары жүргізіле бастады. Бірақ бұл шаралар өте баяу жүргілуде, есесіне ет, сүт өнімдерінің бағасы шұғыл, тоқтаусыз көтерілуде.
Тағы бір мысал, еліміздегі жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарға баратын темір жолдар да жекешелендіріліп, пысықайлардың қолына тигені белгілі. Олар жылдар бойы темір жол тұйығын пайдаланғандары үшін кәсіпорындардан миллиондап қаржы алып, өндірісті шығынға батырып келген. Кәсіпкерлердің оны төлемеске шарасы жоқ, өнімдерін сыртқа шығару керек. Бұл жерде де «дайын асқа тік қасық» болған делдалдарды көруге болады. Бұрыннан жұмыс істеп тұрған темір жолды иемденіп алып, еш шығынсыз пайда тауып отырған. Бұл мәселе «Ақ жол» партиясының араласуымен оң шешімін таба бастады. Есепсіз көтерілген бағалар ондаған, жүздеген есе төмендетіліп, кәсіпорындар еркін тыныстай алатын жағдайға жетті. Енді «Ақ жол» партиясы бұл темір жол тұйықтарын кәсіпорындардың өз меншігіне толықтай қайтару керектігін талап етуде. Дұрыс та орынды талап! Халыққа аса қажет өнімдер шығарып жатқан өндіріс орындары неге қайдағы бір ортаға жөнсіз киліккен делдалдар үшін жұмыс істеуге тиісті? Кәсіпорынның осы орынсыз шығыны өнімінің бағасын өсіретіні, сөйтіп мыңдаған қарапайым тұтынушылардың қалтасын қағатыны белгілі.
Жоғарыда келтірілген ауыл шаруашылығы мен қаладағы кәсіпорын жағдайына байланысты келтірілген екі ғана мысалдан елімізді жемқорлықтың жайлап алғанын анық көруге болады. Өйткені ортаға килігіп, оңай ақша табатын делдал мекемелер өздігінен пайда болмайды. Ол үшін сала басшыларының рұқсаты қажет. Жаңадан құрылған мекеменің экономикалық тиімділігі туралы қандай бір негіз болуға тиісті. Ондай негізді көріп отырған жоқпыз. Керісінше шаруашылық пен өндіріске зиянын ғана тигізіп, бағаның өсуіне әсер еткені анық. Оған неге жол берілген? Демек түрлі саланы басқарып отырған министрліктегілердің бұл іске тікелей қатысы бар. Осындай делдал мекемелердің қызметі арқылы пайда көріп, оларды қолдап отырғандар кімдер? Оларға неге қатаң шара қолданылмайды? Біздегі тәжірибеге қарасақ сала немесе аймақ жұмысын ақсатқан, жемқорлықпен айналысқан басшыларды қызметінен босатып жатқанын көреміз. Одан не пайда, қызметінен қуылған жаңағы біліксіз басшы тағы бір жылы орынға жайғасып ала қояды. Жемқорлықпен ұзақ мерзімге сотталғандарының өзі екі-үш жыл өтпей бостандыққа шығып кетеді. Халықты қинап жатқан қымбатшылыққа жол ашатын жемқорлықпен күрес ресми түрде жарияланғанмен нақты нәтиже беріп жатқан жоқ. Экономикалық қылмысқа қарсы қолданатын біздегі заңдар тым әлсіз. Соны пайдаланған жемқорлар жалғанды жалпағынан басып жүр. Осы бағыттағы заңдарды қайта қарап, барынша қатайту қажет. Бәлкім сол кезде экономикалық қылмыстар азайып, халық қымбатшылық құрсауынан босап, тұрғындарымыздың тұрмысы түзелетін болар.
Зейнолла АБАЖАНОВ